ҚАСТЕРЛІ ҚҰНДЫЛЫҚҚА ҚҰРМЕТ
Тәуелсіздік – қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған асыл мұраты, ең қастерлі құндылығы. Егемен ел болу жолында ата-бабамыз талай зобалаңды бастан өткеріп, талай құрбандыққа барды. Осындай қасиетті ұғымның мән-маңызын жас ұрпақтың санасына сіңіру мақсатында №99 орта мектепте «Тәуелсіздік – ел бақыты» атты мерекелік іс-шара өтті.
Салтанатты кеш Мемлекеттік Тудың енгізілуімен басталып, Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалды. Бұл сәт жиналған қауымға ерекше рух сыйлап, елдік пен бірліктің айқын белгісіндей әсер қалдырды. Мерекелік кешті мектеп директоры Шәрігүл Есқожа ашып, Тәуелсіздіктің ел тарихындағы орнына кеңінен тоқталды.
– Тәуелсіздік – бізге оңай келген жоқ. Бұл – ата-бабаларымыздың арманы, желтоқсаншылардың жанқияр ерлігі, халықтың табанды күресінің нәтижесі. Бүгінгі ұрпақ бейбіт аспан астында білім алып, еркін өмір сүріп жатса, ол – сол ерліктің жемісі. Сондықтан тәуелсіздіктің қадірін білу, оны қорғау – әрбір қазақстандықтың қасиетті борышы, – деді мектеп директоры.
Ол сондай-ақ мектеп қабырғасында өткізілетін мұндай тағылымды шаралардың оқушыларды отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеудегі маңызын атап өтті. Мерекелік кеш барысында оқушылардың орындауындағы өлең-жыр, ән мен би тәуелсіздік тақырыбына арналды. Мектеп жанынан құрылған хор ұжымы орындаған патриоттық әндер көпшіліктің жүрегіне жол тауып, мерекелік көңіл күйді еселей түсті. Сахнада қалықтаған ән мен әуен тәуелсіз елдің асқақ рухын айқын сездірді.
Кеш барысында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына арнайы тоқталып, Қайрат, Ләззат, Сәбира сынды боздақтардың ерлігі еске алынды. Желтоқсан қазақ жастарының әділдік пен еркіндік жолындағы алғашқы ашық қарсылығы екені атап өтілді. Бұл бөлімде қойылған көріністер көрерменге ерекше әсер қалдырды.
Іс-шара аясында жоғары сынып оқушылары Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде қолданылатын қарумен жекпе-жек тәсілдерін көрсетіп, әскери-патриоттық дайындықтарын паш етті. Бұл көрініс жасөспірімдердің ел қорғауға дайын, рухы биік екенін аңғартты. Мемлекеттік Тудың биікке көтеріліп, желбіреуі елдік рухтың айқын көрінісі болды.
Мерекелік кештің жоғары деңгейде өтуі – алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі М.Әлмұрат, көркемдік жетекші Г.Науанова, математика пәнінің мұғалімі Ә.Дербісәлінің бірлескен еңбегінің нәтижесі. Кеш соңында оқушылар қолдарына шарлар мен жалаушалар ұстап, сахнаға шығып, тәуелсіздікке деген ақжарма тілектерін білдірді. «Тәуелсіздік – ел бақыты» деген ұранмен өткен бұл іс-шара жас ұрпақтың жүрегіне елге деген сүйіспеншілік, Отанға деген адалдық сезімін ұялатып, олардың санасына тәуелсіздіктің мәңгілік құндылық екенін терең сіңірді. Осындай тағылымды шаралар арқылы егемендігіміздің қадірі артып, ел болашағына деген сенім нығая түсері анық.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
















