» » БІРЛІК ПЕН ДАМУ ЖОЛЫНДА АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫС

БІРЛІК ПЕН ДАМУ ЖОЛЫНДА АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫС

Кеше аудан әкімі Жандос Еркінбек Президент Жарлығын негізге ала отырып, елді мекендерді аралап, тұрғындармен жүздесті. Әр ауылға жасаған сапарында ол жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға есеп беріп, халықтың ұсыныс-пікіріне құлақ түрді. Осы кездесулердің бір легі Ақай, Төретам кенті, Қармақшы ауылдық округтерінде өтіп, онда аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы, алдағы жоспарлар және жүзеге асырылып жатқан жобалар жан-жақты сараланды.
Ақай ауылдық клуб үйінде өткен жиында алдымен ауыл әкімі Батыржан Тұрғанов сөз алып, ауылда осы жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша, елді мекенде инфрақұрылымды жаңарту бағытында бірқатар маңызды жоба жүзеге асқан. Аудандық бюджеттен бөлінген 8,4 млн теңгеге 5 жаңа аялдама орнатылып, бүгінде тұрғындардың игілігіне беріліп отыр. Сонымен қатар, ауылды аяқсумен қамтамасыз ету мақсатында 8,5 шақырым су құбыры жүргізіліп, 21 көше мен 314 үй тұрақты су беру жүйесіне қосылған. Бұл ауыл халқының тұрмыс сапасын едәуір жақсартқан игі қадам болды.
Кездесуде жол мәселесі де назардан тыс қалмады. Аудан әкімінің қолдауымен Төле би, Жанқожа батыр және К.Күншығаров көшелеріне орташа жөндеу жүргізіліп, асфальт төсеу толық аяқталған. Жобаның жалпы құны – 109 млн теңгеден астам. Мердігер мекеме өз міндетін дер кезінде және сапалы орындап, тұрғындар тарапынан оң бағасын алып отыр.
Тазалық мәселесі жөнінде де айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Санитарлық-тазалық айлығы аясында ауыл 8 аймаққа бөлініп, әр аумаққа жауапты қызметкерлер бекітілген. Биыл мемлекеттік сатып алу қорытындысымен ЖК «Исабаева» жеңімпаз атанып, ауыл сыртындағы заңсыз жиналған қоқыстарды шығарумен айналысуда. Апта сайын ұйымдастырылатын сенбіліктер де ауылдың көркіне көрік қосуда. Сонымен қатар кәсіпкерлерге нысандарды жөндеу, түнгі жарық орнату жөнінде ескертпе хаттар таратылған. Бүгінде ақылы қоғамдық жұмыстарға 7 тұрғын тартылып, ауылдың дамуына өз үлестерін қосуда.
Мұнан соң аудан әкімі Жандос Еркінбек ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы тұрғындарға есеп берді. Оның айтуынша, биыл аудан бюджеті 12 млрд 176 млн теңге болып бекітіліп, жыл ішінде нақтыланып, 22 млрд теңгеге дейін ұлғайған. Бюджетті тиімді жоспарлау мен қосымша көздерді тарту нәтижесінде қаржы көлемі 80 пайыздан астам артып, 9,9 млрд теңгелік өсімге қол жеткізілген. Бұл алдағы уақытта жаңа жобаларды жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік туғызатынын атап өтті.
Қаңтар-қараша айларындағы макроэкономикалық көрсеткіштер де оң динамиканы көрсетіп отыр. Ауылшаруашылығы саласы – Қармақшы ауданы экономикасының негізгі тірегі. Биыл ауданда 25 513 гектар алқапқа егін егілсе, оның 12 993 гектары – күріш дақылы. Барлық егістік толық орылып, әр гектардан орта есеппен 54,7 центнерден өнім алынып, қамбаға 71 143 тонна астық жиналған. Сонымен қатар, 950 отбасы 415 гектар жерге бақша дақылдарын егіп, өз қажеттіліктерін толықтай қамтамасыз еткен.
Суармалы жерлерді тиімді пайдалану мақсатында республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, Қуаңдария ауылдық округіндегі «Таңатар» су арнасы механикалық тазартудан өткізіліп, қайта пайдалануға берілді. Бұл жұмыс ауылшаруашылығында суды тиімді қолдануға оң әсер етеді.
Кездесу соңында тұрғындар өз сұрақтары мен ұсыныстарын ортаға салып, көтерілген мәселелер бойынша аудан басшысы нақты жауаптар берді. Ауыл халқы атқарылған жұмыстарға ризашылық білдіріп, алдағы жоспарлардың жүзеге асарына үміт артты.
ТӨРЕТАМДА КӘСІПКЕРЛІК ҚОЛДАУ ТАПҚАН
Халықпен еркін жүздесу – ел мен билік арасын жақындатып, ортақ мәселелерді шешудің тиімді тетігі саналады. Осындай мақсатта аудан әкімі Төретам кенті тұрғындарымен кездесіп, 2025 жылдың ІІ жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын бөлісті. Кездесу барысында атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы межелі міндеттер де ортаға салынды.
Төретам кенті – тіршілігі мен тынысы қатар дамып келе жатқан аймақ. Қазіргі таңда кентте 12 458 тұрғын бар. Оның ішінде 7 244 адам экономикалық белсенді саналады. Экономикалық белсенді азаматтардың 2 781-і ресми түрде жұмыспен қамтылған, 3 361 тұрғын өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Ал 124 адам жұмыссыз ретінде тіркелген.
Кентте шағын және орта кәсіпкерлікке ерекше көңіл бөлінуде. «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіп ашуға ниетті азаматтарды қолдау жұмыстары нәтижелі жүзеге асып келеді. Осы жылы 22 кәсіпкер грант жеңіп, әрқайсысы 1 572 800 теңге көлемінде қаржыға ие болды. Бұл – жаңа жобалардың көбеюіне, қызмет көрсету сапасының артуына және жұмыс орындарының ашылуына жол ашады.
Сонымен қатар Қызылорда өңірлік инвестиция орталығы (РИЦ) арқылы Айсұлу Абдрахманова 9 800 000 теңге көлемінде қолдау алып, өз наубайханасын іске асыруда. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша тағы 5 тұрғын кәсібін бастау үшін қаржылай көмек алып, жобаларын кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді.
Төретам кентінің әкімі Нұрлыбек Сайымов кент аумағын абаттандыру, көгалдандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
– Жаңқожа батыр көшесіне футбол алаңын орнату мақсатында аудандық бюджеттен 28 млн теңге бөлініп, тұрғындар игілігіне берілді. Сондай-ақ демалыс саябағын орналастыру бойынша жобалаусметалық құжаттамалар әзірленіп, тиісті сараптамадан сәтті өтті, – деді кент әкімі.
Бұдан бөлек Теміржол вокзалы аумағына ағымдағы жөндеу жұмыстары басталды. Бұл бағытта аудандық бюджет есебінен ОФ «Прометей ORDA» мекемесімен келісім жасалып, жұмыстар қарқынды жүріп жатыр.
Кездесу соңында тұрғындар көкейдегі сауалдарын жеткізсе, кей азамат өз мәселелері бойынша әудан әкімінің жеке қабылдауында болды.
ҚАРМАҚШЫ АУЫЛЫНДА ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖАҢҒЫРУ ҮСТІНДЕ
Аудан әкімі есепті кездесуін Қармақшы ауылында жалғастырып, тұрғындарға биыл атқарылған жобалар мен алдағы жоспарлар жөнінде кеңінен баяндады. Кездесу ашық диалог форматында өткізіліп, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Аудан басшысының айтуынша, биыл елді мекендерді электр энергиясымен қамтамасыз ету бағытында екі нысан бойынша жұмыс толық аяқталған. Атап айтқанда, Дүр Оңғар және Иіркөл ауылдарында электр беру желілерінің құрылысы бітіп, пайдалануға берілді. Бұл – ауыл тұрғындары үшін маңызды инфрақұрылымдық жетістік.
Сонымен қатар аудандық бюджет есебінен Қуаңдария, Ақжар, ІІІ Интернационал, Алдашбай ахун және Қармақшы ауылдарының электр желілерін қайта жаңғыртуға арналған жобалық-сметалық құжаттар дайындалған. Аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасатынын атап өтті.
Кездесуде жол мәселесі де назардан тыс қалмады. Биыл аудан орталығы мен ауылдық округтер арасындағы жолдарды жөндеу және күтіп ұстау мақсатында үш деңгейлі бюджеттен жалпы 1 млрд 570,5 млн теңге бөлініп, 23 шақырым автомобиль жолы жөндеуден өтті. Бұл – өңірдегі көлік қатынасының сапасын арттыруға едәуір ықпал ететін көрсеткіш.
Инфрақұрылымды көркейту жұмыстарының қатарында Қармақшы ауылына кіре берістегі 4 шақырымдық жасыл белдеу бағының қоршауы жаңартылып, Тәуіпбай бағына толықтай қоршау орнатылған. Бұл жұмыстар төртінші деңгейлі бюджет есебінен жүзеге асырылып отыр. Сонымен бірге ауылдағы саябақтарға жалпы 1000 түп тал көшеті егілген.
Ауыл көркін арттыру ісіне демеушілер де қолдау көрсетуде. Соның арқасында С.Сейфуллин көшесінің қиылысына 250 метр қашықтыққа көше жарығы орнатылған. Жергілікті кәсіпкерлердің бастамасы ауылдың түнгі келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де ықпал етуде.
Кездесуге қатысқан ауыл тұрғындары атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, аудан және ауылдық округ әкімдеріне ризашылықтарын білдірді. Сонымен қатар өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, жолдаған сауалдарына толық әрі нақты жауап алды.
Қармақшы ауылындағы бұл ашық кездесулер тұрғындар мен билік арасындағы байланысты нығайтып, өңірдің дамуына серпін берері сөзсіз. Аудан басшылығы алдағы уақытта да ауылдардың жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар тұрақты түрде жалғасатынын жеткізді.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ



10 желтоқсан 2025 ж. 103 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10462)

09 желтоқсан 2025 ж.

№93 (10461)

06 желтоқсан 2025 ж.

№92 (10460)

02 желтоқсан 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 058
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 727

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031