» » ТҰМАУ МАУСЫМЫ: НЕНІ БІЛУ ҚАЖЕТ?

ТҰМАУ МАУСЫМЫ: НЕНІ БІЛУ ҚАЖЕТ?

Биыл елімізде тұмау маусымы әдеттегіден ерте басталды. Әсіресе қазан айынан бері дәрігерлерге шағымданатындар саны күрт көбейді. Денсаулық сақтау саласы мамандарының айтуынша, жыл басынан бері бірнеше миллион адам жедел респираторлық вирустық инфекциямен ауырған, лабораторияда нақты тұмау екені дәлелденген жағдайлар да аз емес.
Осы маусымдағы ерекшелік вирус бұрынғы жылдарға қарағанда тез таралуда. Дәрігерлер мұны бірнеше себеппен байланыстырады. Біріншіден, ауа райы құбылмалы күйде. Бір өңірде әлі жылы болса, екінші өңірде салқын ерте түсті. Мектеп пен балабақшаларда балалардың көп болуы да вирусқа жайлы жағдай тудырады. Екіншіден, кей адамдар жыл сайынғы вакцинацияны кейінге қалдырады немесе мүлде салдырмайды. Ал тұмау вирусы жыл сайын түр өзгертіп отырады, сондықтан қазіргі штаммдарға қарсы қорғану үшін жаңа вакцина қажет. Осы ретте дәрігерлер әсіресе балалар, қарттар, жүкті әйелдер мен созылмалы ауруы бар адамдарға екпе жасау өте маңызды екенін қайта-қайта еске салады.
Қазіргі маусымда айналамыздан көп еститініміз дене қызуының көтерілуі, бас және бұлшық еттің ауырсынуы, тез шаршағыштық және тамақ ауруы мен жөтел. Қазір бала да, ересек те осы шағымдармен емхана табалдырығын аттап, жедел-жәрдем шақыруда. Егер сізде де осындай белгілер байқалса «өзі кетеді» деп жүре беруге болмайды. Себебі кей жағдайларда ауру өкпенің қабынуына немесе асқынған бронхитке әкелуі мүмкін.
Денсаулық сақтау органдары апта сайынғы мониторинг жүргізіп, жағдайды бақылауда ұстауда. Әр өңірде вирус қалай таралып жатқанын бақылап отыру – эпидемияның алдын алудың негізгі құралдарының бірі. Қажет болса, мектептер мен басқа да мекемелерде уақытша шектеулер енгізіледі. Бүгінгі таңда оқушылардың ауыру деңгейіне орай кейбір сыныптар онлайн режимге көшкен.
Айта кетерлігі, бұл тек қана бізде болып жатқан жағдай емес. Жаһандық деңгейде де биыл тұмау өршіп тұрған аймақтар жетерлік. Кейбір елдерде балалар арасында ауыр жағдайлар да тіркелген. Бұл тұмаудың жеңіл ауру емес екенін, оған салғырт қарауға болмайтынын көрсетеді.
– Бүгінде жедел респираторлы вирустық инфекциялар мен тұмаудың таралуы жиілеп отыр, сондықтан олардың белгілерін дер кезінде анықтап, дұрыс әрекет ету маңызды. Аурудың алғашқы белгілері ретінде дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, тамақтың жыбырлап ауыра бастауы, мұрынның бітелуі және су ағуы байқалады. Мұндай жағдайда өзін-өзі емдеуге жол беруге болмайды, міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет, ал емханаға келуге мүмкіндік болмаған жағдайда маманды үйге шақырған жөн. Ауруды өзгелерге жұқтырмау мақсатында науқас баланы балабақшаға немесе мектепке жібермеу керек. Сонымен қатар дене қызуын уақытша дәрімен тоқтатып, уақыт өткізіп алмаған жөн. Уақытында емделмеген инфекция өкпенің қабынуы секілді ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Тағы бір айта кетерлігі, дәріханадан кез келген дәріні алып қолдана беруге болмайды. Дәрігер науқастың жасына, жағдайына қарап ем тағайындайды. Себебі бір адамға көмектескен дәрі екінші адамға сай келмеуі мүмкін. Мұндай жағдайда «Өзім білемін» деуден аулақ болған жөн. Ал тұмаудан қорғанудың негізгі жолы – үй-жайды жүйелі түрде желдету, қолды мұқият жуу, қажет болса антисептиктер қолдану, адам көп шоғырланатын орындардан уақытша бас тарту немесе бетперде тағу. Бұл ретте аудандық ауруханада 1 қарашадан бастап ішкі бұйрық бойынша бетперделік режим енгізілгенін ескеру қажет. Сонымен бірге иммунитетті нығайту – аурудың алдын алудағы ең тиімді құралдардың бірі, ол үшін дұрыс ұйықтап, сапалы тамақтанып, жеткілікті мөлшерде су ішіп, дене шынықтыруға көңіл бөлген жөн. Айта кету керек, тұмаудың алдын алу оны емдегеннен әлдеқайда тиімді, сондықтан ағзаны жыл бойы күтіп, қорғаныс қабілетін арттыру әр азаматтың өз жауапкершілігі болып табылады, – дейді аудандық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігер бөлімшесінің меңгерушісі Айгерім Бұлақбаева.
Тұмау – үйде жатып жазылатын қарапайым ауру емес. Әлемдік статистика бойынша жыл сайын тұмаудан 500 мыңға жуық адам көз жұмады. Бұл аурудың қауіптілігін көрсетеді. Қазіргі тұмау маусымы елді біраз әбігерге салғанымен, жағдай бақылауда. Вирус таралуы жалғасуда, бірақ алдын алу шараларын дұрыс орындап, уақытылы емделсе, асқынудың алдын алуға болады. Дәрігерлердің айтуынша, ең бастысы әркім өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы, уақытылы дәрігерге жүгінуі – аурудың таралуын тоқтататын негізгі қадам.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
24 қараша 2025 ж. 121 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10459)

29 қараша 2025 ж.

№90 (10458)

25 қараша 2025 ж.

№89 (10457)

22 қараша 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 978
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 659

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031