» » МЕКТЕП ҚАЖЕТТІЛІГІ – АТА-АНАНЫҢ БАСТЫ ҚАМЫ

МЕКТЕП ҚАЖЕТТІЛІГІ – АТА-АНАНЫҢ БАСТЫ ҚАМЫ

Жадыраған жаз да аяқталуға таяды. Көзді ашыпжұмғанша балалардың демалыс маусымы да зырылдап өте шықты. Жаңа оқу жылының басталуына санаулы ғана күндер қалды. Әрбір ата-ананың қазіргі қамы – баласын мектепке дайындау. Яғни, киім-кешек, аяқ киім, сөмке, мектепке қажетті құрал-жабдықтары, тағы басқа керек-жарағын сатып алулары қажет. Тамыз айы туа бастағаннан-ақ кезекті оқу жылына баласын қамдайтын ата-анадан маза кетеді. Соңғы бір ай киім-кешек, мектепке қажетті құралдарды сатып алуға арналады. Десе де біздің аудан биыл мектепке ерте қамданды. Тамыз айын күткісі келмеді ме, кәсіпкерлер мектеп формасын шілдеде көпшілікке ұсынды. Қалтасында қаржысы бар жанұя баласының бар қажетін қамдап қойды.
Республикамызда мектеп формасы 2003 жылдан бастап енгiзiлген. Соңғы жылдары мектеп формасын енгiзген мектеп саны бiршама артты. Ата-аналар мен педагогикалық қоғамның басым бөлiгi мектеп формасын қолдап келедi. Айта кету керек, 2016- 2017 оқу жылында білім беру жаңа мемлекеттік стандарт бойынша жүргізіліп, міндетті мектеп формасы енгізілді. Яғни, Білім және ғылым министрінің бұйрығымен оқушылар арасындағы әлеуметтік теңсіздік пен басқа да ерекшеленуді болдырмау мақсатында мектеп формасын енгізу талабы қойылды. Бұл талап бойынша, мектеп формасы зайырлық сипатта, классикалық үлгіде, бірыңғай түсті болуы керек. Үш түстен артық және тым ашық түстердің болмауы қажет. Бұл реформалаудан көз ашпаған білім беру саласындағы соңғы жылдары қабылданған дұрыс шешімдердің бірі болды. Әйтпесе, кейбір оқушылар қымбат киініп, қолы қысқалар қарапайымдылықты қанағат тұтқан кездер де өтті. Алайда біркелкі мектеп формасының бағасын жер-жерде жүз құбылтып, шамашарқынша бизнеске айналдырған пысықайлар көбейіп-ақ тұр. Ал саудагерлер бағаның жыл сайын өсіп жатқанын алға тартады. Қалай болғанда да мектептің қарапайым қажеттіліктері ешқайда жоғалып кеткен жоқ. Бәрібір баламыз үшін олардан бас тарта алмаймыз және міндетті түрде алып беретініміз анық. Базардағы биылғы баға атааналардың қалтасына қаншалықты салмақ салғанын таразыламаққа біз де олармен бірге дүкен араладық.
Дүкен ішінде екі-үш баладан жетектеп алған ата-ана. Бар тапқанын баласына жұмсап, көңілін қалдырғысы келмейді-ақ. Арасында «Ойымдағыны аламын» деп қиғылық салған бала да бар. Бір сөзбен айтқанда, дүкен іші у-шу. Кент тұрғыны Нұргүл Жұмабаева 4 баланың анасы. Үшеуі мектеп жасында. Төртіншісі мектепке даярлық сыныбына барады. Жанына екі кенжесін ертіп, мектеп киімін қамдап жүр екен.
– Алдымен осы кішкентайларымызды бастан-аяқ киіндіріп алайық деп шештік. Әзірге ұлыма жейде мен шалбар, қызыма кофта мен юбка алдық. Оған әрқайсысына 9500 теңге жұмсадым. Әлі спорттық киімдерін алуым керек. Бүгінгінің балалары ескі киімдерін кимейді, ал оларды қатарынан қалдырғың келмейді. Айтқанын алып беруге тырысамыз. Шамамен бір балаға 40 мыңға жуық қаражатты шамалап отырмын. Үлкеніме бұдан да көп ақша кетеді, – дейді ол.
Бүгінде мектеп киімдерінің басым бөлігі Қытай мен Қырғызстаннан ағылуда. Тұрғындар арасында сапалы киім іздеп сабылғандар да бар. Солардың бірі – Назгүл Орынбаева.
– Ата-ана ретінде киімнің матасына, тігілу сапасына қараймыз. Базарлар мен дүкендерде самсап тұрған киімдердің барлығы бірдей бала денсаулығына қолайлы емес. Ауа өткізбей терлететін, керісінше суық тартатын арзанқол материалдар да кездесіп жатады. Сатып алған дүниеміз баламызға барынша зиянсыз болса дейміз. Сондықтан да киімнің сапалысын ұнатамын, әзірге көңілімнен шыққанын таба алмадым, – дейді екі баланың анасы.
Әрине, матасы да, тігісі де сапалы киімдер қай жерде де бар. Алайда олардың бағалары да сапасына сай артып отырады. Бір үйдің үш-төрт баласы бірдей мектепке барса, атаананың бәріне бірдей сапалы киім алуына шамасы жете ме?
Ал мектеп құралдарын салатын сөмкенің бағасы 3000 теңгеден жоғары. Базардағы оқуға қажетті құралдардың көбі Ресей мен Қытайдан келеді. Сатушылар олардың бағасы биыл өзгермегенін айтады. Дәптер мен қаламсап, түрлі-түсті қарындаш, сурет дәптерлерінің арзаны да, қымбаты да бар. Алайда бүлдіршіндер қызылды-жасылды суреттері бар түрін таңдап, қолжетімді бағадағы қарапайымын алғысы келмейді.
– Сурет дәптер, күнделік, ермексаз қорабының сыртындағы балалар көп көретін куроми, лабубу секілді кейіпкерлердің суреті кішкентайларды қызықтырмай қоймайды. Олардың бағасы басқаларына қарағанда қымбаттау. Біздің де балалардың көңілінен шыққан отандық мультфильм, балалар киносы кейіпкерлерін, батырларымызды осылай мұқаба сыртына шығарып, дәріптелгені жөн секілді, – дейді Айжан есімді ата-ана.
Ата-аналардың айтуынша, мектепке қажетті құрал-жабдықтар ұсақ-түйек көрінгенімен, қалтаңыздан 15-20 мың теңгені қағады. Бұл бір баланың ғана қажеттілігі. Ал бала саны мен сыныбы өскен сайын қажеттіліктер де көбейе бермек.
Қалай десек те, баланы мектепке дайындау ата-ананың міндеті. «Бақытым – балам» дейтін әрбір ата-ана баласының өзгеден кем болмауын қалайды-ақ. Соңғы ақшасын жұмсаса да баланың көңілін тауып, бәйек болатыны да сондықтан. Алайда оған қалтасының қалыңдығы көне қоймайды. Десе де, жалындаған жастарымыз жылтыраған киімімен ғана емес, өнер-білімімен ерекшеленіп, ақылөресімен бәсекеге түсетін ұрпақ болып өссе екен.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
14 тамыз 2025 ж. 100 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№61 (10429)

16 тамыз 2025 ж.

№60 (10428)

12 тамыз 2025 ж.

№59 (10427)

09 тамыз 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 224
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031