БОС ЖҮРГЕН ЖАСТАН – БОС ҚАЛҒАН ҚОҒАМ ТУЫНДАЙДЫ
Жастар біздің болашағымыз дегенді жиі айтамыз. Бірақ кейде оларға көңілтолмаушылықты да жиі танытып жатамыз. Қашанда қоғамның айнасы – оның жастары. Жас ұрпақ – елдің ертеңі ғана емес, бүгігінің де тірегі. Олардың бір парасы жастық жігерін еліне арнаса, енді бірі уақытын бос өткізіп алады. Егер жастар уақытын құр іске, мәнсіз әңгімеге, арсыз қызыққа жұмсаса ертең елдің еңсесі босайды. Себебі бос жүрген жастан – бос қалған қоғам туындайды.
Рас, жастардың бір бөлігі өмірдің өзегін түсінбей, уақыттың қадірін білмей жүр. Көпшілігі телефонның жарығына телміріп, әлеуметтік желіге шырмалып, шынайы өмірдің сұлулығын сезбей қалғандай. Арман биік, бірақ оған бастайтын еңбек аз. Бәзбіреулерінде тіпті жоқ деуге де болады. Қалауын таппай, қабілетін ашпай, жастар өзін жоғалтып алуда.
Ата-бабамыз «Жігітке жеті өнер де аз» деуші еді ғой. Ал бүгінде кейбір жастар кәсіпке де икемсіз, я бір іске де мойынсұнбайды. Себебі олар ештеңемен айналысқысы келмейді. Құдды ақша ауадан жауардай күй кешеді. «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деген бар емес пе?! Саусағын қимылдатпай қаржыға қарық болсам дейді бүгінгінің жасы.
МАМАНДЫҚ ЕМЕС, МАРКЕТИНГ ҰТЫП ТҰР
Биыл бакалаврда білім алу үшін 77 мың грант бөлінген. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, экономикаға инженерлік, су және энергетика, жол құрылысы, көлік, әуе жолдары мен темір жол саласындағы мамандар қажет екен. Ал талапкерлер арасында медицина, педагогика, инженер, биотехнология мен жеңіл өнеркәсіп, тау-кен ісі мамандығына сұраныс көп. Одан бөлек, қоғамда жоғары білім алмай-ақ курс оқып, ақша тапсам дейтін көзқарас бар. Жастардың бір легі дипломды маман болғаннан гөрі қалталы адам болғанды дұрыс көреді. Осылайша қысқамерзімді курсқа қарай бет бұрады.
Қазір мектеп бітірген соң ЖОО-ға түспейақ, түрлі курс оқып, жоғары жалақы алып жүргендер бар. Қала берді мектеп оқушысы тойға шығып, мобилограф ретінде бір видеоға 5 мың теңгеден 15 мың теңгеге дейін ақы алады. Ары қарай жұмысына қарай бағасы да көтеріле береді. Осыған байланысты әлеуметтік желіде бір дәрігер мобилографтардың жоғары ақы алатынын, ал дәрігерлер 250-300 мың теңге жалақыға жұмыс істейтінін жазған. Содан ба қазір төрт жыл бір оқуды «мүжігенше», сол аралықта қысқамерзімді бірнеше курс оқымаймын ба деген ойды жөн көреді. Кінәлай да алмайсыз.
Шынтуайтында, жастар арасында бұрынғыдай «диплом алу керек» дейтін қағида жоқ. Оған себеп – дипломсыз-ақ курс оқып, жақсы табыс табуға болатын мамандықтың көбеюі. Оның ішінде медиа, IT, дизайн саласы болсын курс оқып, жұмыс істеуге дағдыланған. Көбінесе, диплом емес, тәжірибе мен дағды маңызды. Десе де, диплом өзінің маңызын жоймайды. Мемлекеттік, академиялық ортада әлі күнге дейін диплом талап етеді. Төрт жылдық білімді қысқамерзімдік курспен салыстыруға келмейді. Өйткені бұл академиялық білім, бұл жерде академиялық, ғылыми тұжырымдама негізінде білім алады. Одан бөлек, кейбір мамандықты курс арқылы оқып білу мүмкін емес. Қазір университеттің көбісі 3 жылдық білім беру бағдарламасына көшіп жатыр, яғни, үш жылдың ішінде төртжылдық білімді игеріп шығады. Жаңадан ашылған көп университетте осы үшжылдық білім беру жүйесі бар.
Иә, кейінгі бес-жеті жыл ішінде елімізде қысқамерзімді курс арқылы SMM-маман, графикалық дизайнер, веб-программист, копирайтер, видеомонтажер болып табыс тауып жүргендер бар. Оған қоса, фриланс пен кәсіпкерлікте де диплом маңызды емес. Жауапты, нәтиже көрсете алатын тәжірибесі бар маман болсаңыз жетіп жатыр.
ЖАСТАР НЕГЕ БОС ЖҮР?
Бұл сұрақтың жауабы тек жастарда емес. Оларды дұрыс бағытқа салатын үлкендердің, ұстаздың, қоғамның да үлесі бар. Жастар бос жүрсе – оларды еңбекке, мақсатқа, білімге баули алмаған орта да кінәлі. «Жас келсе – іске» деген сөз тек мақтаныш емес, міндет. Жастардың қолына іс пен идея берілмесе, олар не берекелі жолға, не теріс жолға бет бұрады.
Әрбір жас – елдің болашағын көтеретін иық. Сол иықтың қуатты, мақсаты айқын, санасы сергек болуы қоғамның беріктігін арттырады. Жастардың бос жүрмеуі үшін, оларға бос кеңістік емес, бағыт қажет. Олардың ермегі емес, арманы болуы керек. Мақсатты адам – бос жүрмейді.
ТҮЙІН Бос жүрген жастан – бос қалған қоғам туады. Сондықтан әр жас қоғамның капиталы екенін ұмытпау керек. Жастар бос болмасын десек, оларға бағыт, білім, мүмкіндік беру – әрқайсысымыздың борышымыз. Бүгінгі буын бос болмаса, болашақтың негізі бекем болады.
Ақнұр САҒЫНТАЙ