БҮГІНГІ ЖАСТАР: МҮМКІНДІКТЕР МЕН МІНДЕТТЕР
Қоғамның қозғаушы күші – жастар. Жастар қандай болса, елдің ертеңі де сондай болмақ. Сондықтан ұрпақ тәрбиесі – ұлт тағдыры. Қазіргі жаһандану дәуірінде жастар түрлі ақпарат ағынының, өмірлік бағыттардың арасында жол табуы үшін рухани, имани, интеллектуалдық тұрғыдан қуатты болуы шарт.
Қасиетті Құранда: «Шын мәнінде Алла Тағала бір қауым өзін өзгертпейінше, олардың жағдайын өзгертпейді» (Рағд сүресі, 11-аят) деп, әрбір жастың өзгерісті алдымен өзінен бастауы керектігін білдіреді.
«Рухани тұрақтылық – өмірлік тұғыр» демекші, жастардың жүрегінде иман, бойында тәртіп, ниетінде ізгілік болмаса, олардың бағытынан ауытқуы оңай. Пайғамбарымыз: «Жеті түрлі адам бар, Алла Тағала оларды Өзінің рақым көлеңкесіне алады. Соның бірі – Жаратушыға құлшылық етіп өскен жас» деп, иманды жастың дәрежесін ерекше атаған. Жас кезде жүрек жұмсақ, сана ашық, ізденіске бейім. Осы кезеңді дұрыс пайдаланса, кейінгі өмірдің іргесі нық қаланады. Аталарымыз: «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп, тәрбие мен руханияттың ерте жастан басталатынын меңзеген.
Бүгінде екі маңызды нәрсе бар. Оның бірі – уақыт та, екіншісі – технология. Екеуінің де есебі бар. Бүгінгі жас – интернет ұрпағы. Ақпараттық технология дамыған сайын жастар үшін екі жол ашылады. Бірі – білімге, бірі – бүлікке апаратын жол. Таңдау әркімнің өзінде. Алланың Елшісі ескертеді: «Екі нығмет бар, көп адам ол екеуіне де алданып қалады, бірі – денсаулық, екіншісі – бос уақыт» (Бухари риуаяты).
Уақыт – қайта келмейтін нығмет. Жастар алтын уақыттарын ойын-күлкіге, бос контентке емес, рухани азық пен пайдалы білімге жұмсауы керек. Қазақта: «Еріншектің ертеңі бітпейді» деген сөз бекер айтылмаған.
Адамның өзін-өзі дамытуы – заманауи талап. Бүгінгі күн дамыған тұлғалардың заманы. Жастар тек диплом алып қоймай, шынайы қабілетін дамытып, жан-жақты білімге ұмтылғаны жөн. Бұл туралы Құранда: «Раббым, білімімді арттыра гөр» (Таһа сүресі, 114-аят) деп бұйырылған.
Жастық шақ – мүмкіндік уақыты. Тіл үйрену, кәсіп игеру, дін үйрену, сөйлеу мәдениетін дамыту – мұның бәрі адамның ішкі әлеуетін ашады. Хакім Абай: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» деп, әр жастың қоғамда өз орнын табуын меңзейді.
Жалпы жастардың қоғамдық белсенділігі бұл үлгі мен қайыр. Нағыз мұсылман тек мешітте емес, қоғамда да белсенді болуға тиіс. Пайғамбарымыз: «Адамдардың ең жақсысы – өзгелерге пайдасы тигені» (Дара Құдси хадис) деп, қоғамға үлес қосатын жасты дәріптейді.
Қазақта да: «Жақсының аты өшпейді, ғалымның хаты өшпейді» деп, елге пайдалы адамның ізі мәңгілік екенін айтқан. Волонтерлік, қайырымдылық, әлеуметтік жобалар – жас тұлғаның рухын оятып, жүрегін жұмсартады.
Біле білгенге дін мен дәстүр – егіз ұғым саналады. Ислам – біздің дініміз, ал салт-дәстүр – рухани негізіміз. Бұл екеуін бөліп қарау – өзіңдіөзің танымай, тамырыңды ұмытумен тең. Бұл жөнінде Құранда Жаратушы иеміз былай дейді: «Расында, бұл Құран ең тура жолға бастайды…» (Исра сүресі, 9-аят).
Діннің өзі – тәрбие мектебі. Мейірім, сабыр, ата-анаға құрмет, аманатқа адалдық – мұның бәрі діннің өзегі. Ал халқымызда: «Құдайсыз қурай да сынбайды», «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деп, шариғатқа сай салтты дәріптеген. Қорыта айтқанда, жастық шақ – аманат. Жас кез – ұйқы емес, ұлы істерге бастайтын кезең. Жастық шақ – сынақ емес, мүмкіндіктерге толы кезең. Жастық шақ – тәуекелге, еңбекке, ізденіске толы болу керек. «Еліңнің болашағын білгің келсе, жастарына қара» дейді ғұламалар.
Жастарымыз иманды, білімді, отансүйгіш, парасатты болса – еліміздің де болашағы баянды болмақ. Алла Тағала барша жас бауырларымыздың жүрегіне иман, тіліне хақ сөз, амалына береке бергей!
Өміржан ТОБЖАНОВ,
Байқоңыр қалалық «Жәрімбет» мешітінің бас имамы