ӨРКЕНДЕУ ЖОЛЫНДАҒЫ АУЫЛ
Ауыл – қазақтың негізгі күретамыры. Мұнда ұлт руханиятының ошағы бастау алады. Мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін бірқатар мемлекеттік бағдарламалар бүгінгі таңда ауылдық округтердің әлеуетін арттыруға өз септігін тигізуде. Бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру нәтижесінде ауылдардың әл-ауқаты артып, халықтың тұрмысы түзелуде. Ауданда көркейіп, ырысы мен берекесі артып келе жатқан ауылдар аз емес. Соның бірі – Алдашбай ахун ауылы.
Тарихында майда бес колхоздан біріктіріліп, кейін Жаңақала кеңшарына жем-шөп дайындайтын бөлімше болып құрылған ауыл бүгінде күн санап өркендеп келеді. Ауылдардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мемлекеттік мәні бар іс деп білетін аудан басшысы Жандос Еркінбекұлы орталықтан алыстағы ауылдардың қайсысында қандай проблема бар екенін әбден зерттеп, қарапайым ауыл азаматтарын толғандырып жүрген мәселелердің біртіндеп шешім табуына күш-жігер жұмсап отыр. Міне, сол Алдашбай ахун ауылында көрініс табуда. Ауыл әкімі Ермек Жақанов та басшылық тапсырған тапсырмаларды одан әрі орындауда шеберлік танытып, халықтың оң бағасын алып отыр. Оны былайғы есеп беру жиынында, сессияларда көзбен көріп, құлақпен естіп, көңілге түйіп жүрміз.
Мәселен, былтыр ауылға аудандық бюджеттен қаржы бөлініп біршама жұмыс атқарылды. Көркейту мен тазалық табалдырықтан басталу керектігіне мән берген аудан басшысы бірқатар ауылдың кіреберісіне ерекше жаңа «Ауыл төлқұжатын» салып берді. Осы жұмыс Алдашбай ахун ауылында толығымен орындалды. Тіпті ауылдың кіреберісіндегі аркаға қайта жөндеу жұмысы жүргізіліп, ауыл ажарын ашты.
Қазір ауылдардың келешегіне деген алаңдаушылық көзқарас белең алғаны жасырын емес. Елді мекеннен жұрттың біртіндеп қалаға көшуі де сондықтан. Міне, осы мәселенің алдын алу үшін ауылдарға көңіл бөліп отыру да маңызды. Ауылды жерде де ірі қаладағы сияқты өркениетті тұрмыс, мәдениетті тірлік қалыптастыруға болатынына халықты сендіру қажет. Түптеп келгенде ел-жұрттың туған жерін тастап көшіп кетуін тоқтатып, табысты еңбек етуге болатынына көз жеткізу керек.
Алдашбай ахун ауылында қаладағыдай өркениетті көріністердің бүгінде бірқатары іске асырылған. Атап айтқанда, Майлыөзек көшесіне жайлы жаяу жүргіншілер жолы салынған. Ауыл халқы қуана оның игілігін көруде.
Сондай-ақ балалардың саламатты өмір салтын қалыптастырып, бос уақытын тиімді өткізу мақсатында балалар ойын алаңы да бой көтерді. Бүгінде ауыл бүлдіршіндері мен ата-аналары игі істің қасынан табылған жандарға дән риза.
– Қалаға қыдырып барсақ балаларымыз ол жақтағы ойын алаңдарында қызығы басылғанша ойнап, қайтқысы келмейтін. Енді ойын алаңы ауылымызда салынып, үлкен қуанышқа кенелдік. Балаларымыз да жазғы демалысын тиімді өткізіп, осында алаңсыз көңіл көтеруде. Ауылымыз жылдан-жылға өркендеп келе жатыр, – дейді ауыл тұрғындары қуаныштарын жеткізе.
Биыл Жеңістің 80 жылдығы іс-шарасын ауыл халқы жақсы көңіл күймен өткізді. Былтыр ауылдың кіреберіс қақпасының жанынан соғысқа қатысқан боздақтардың есімі жазылған жаңа «Тағзым алаңы» салынып, ел игілігіне берілді.
Ауылдық округтегі кәсіпкерлік саласында да ілгерілеушілік баршылық. Мұнда осы кезге дейін 38 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Мәселен, өткен жылы 5 адам қайтарымсыз грант жеңіп алса, оның ішінде 1 азаматша тігін цехын ашып, қалғандары мүйізді ірі қара мал басын көбейтуге үлкен қаражат алып, кәсіптерін бастаған. Сонымен қатар, «Іскер» бағдарламасы арқылы 1 азамат жылқы мал басын көбейтуге Қызылорда аймақтық инвестициялық орталықтан 6 пайызбен несие алып, шаруасын дөңгелетіп отыр. Биыл да осы кәсіпке қызыққандардың қатары бір адамға көбейген.
Алдашбай ахун ауылында анау айтқандай шаруашылық ісі өркендеп дамымағанымен мұндағы халық бақша өнімдерін егіп баптауға бейім. Былтыр Тұрмағамбет ауылының қашыртқы каналының етегіне электронасос арқылы 25 отбасы 11 гектар жерге бақша өнімдерін егіп, жақсы нәтижеге қол жеткізген. Айтпақшы, бұл ауылдың қарбызы көпке танымал. Науқанында қарбыздар еліміздің солтүстік аймағына жеткізіліп, талай жанның таңдайында қалды.
Биыл да ауылдық округте экономикалық және инфрақұрылымдық даму жағынан атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Осы жылы ауылдағы негізгі көшелердің жарығы 100 пайызға шешілген.
– Ауылымызда биылғы жылдың есепті кезеңінде орталықтағы екі көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынып, тұрғындарға берілді. Бүгінде ауыл халқының ризашылығында шек жоқ. Одан бөлек тазалық мәселесі бірінші жолға қойылған. Осыған орай 12 дана қоқыс жәшігі алынып, тиісті орындарға қойылды. Ауылдағы ең үлкен Ә.Егізбаев көшесіне орташа жөндеу жұмысын бастауға қаражат бөлініп, қазіргі таңда қажетті шаралар атқарылып жатыр. Ауылды көркейту-көгалдандыру бойынша да жоспар көп. Уақытында қолдау тауып жатса кезең-кезеңімен орындалатын болады, – дейді ауыл әкімі Ермек Молдабекұлы.
Жалпы елді мекендерде атқарылып жатқан ауқымды шаралар – болашақта ауылдық жерде тұруға ниеттенген жандардың ықыласын арттырып, болашаққа үміт ұялатып, олардың тұрақтап қалуына жасалған игі қадам. Мемлекеттің кешенді жобаларының нәтижесінде ауылдық жерлердегі шешімін таппай келген біраз мәселе шешімін табуда. Ұлтымыздың алтын қазығы ауыл өмірін жақсарту мемлекетіміздің басты міндетіне айналғаны үлкен қуаныш.
Ерсін СӘДУҰЛЫ