АХУАЛЫҢ ҚАЛАЙ, АУЫЛ?
Ауыл – қазақтың күретамыры. Бүтін бір елдің асыраушысы, қайнаған еңбектің, ұлт руханиятының, қазақы тәрбиенің қайнар көзі. Салт-дәстүр, мәдениеттің сарқылмас мол қоры да ауылда сақталған.
Иә, қазақты ауылсыз елестету қиын. Мұны ескерген мемлекет те ауыл мәселесін естен шығарған емес. Қазір өркендеп, дамып келе жатқан ауыл көп. Себебі елімізде ауылды өркендетуге, ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған жобалар, мемлекеттік бағдарламалар қолға алынып, өзінің оң нәтижесін беріп жатыр.
Ауылдардың жағдайын жақсартып, ауыл халқының тұрмыс өресін көтеру үшін қолға алынған «Ауыл – ел бесігі» жобасы қарқынды жұмыс істеуде. Бүгінде елімізде барлығы 6293 ауылдық елді мекен бар, онда 7,5 млн адам тұрады. Ондағы ағайынның әлеуметтік әлеуетін арттырып, қажетті қолдау жасау қашанда күн тәртібінде. Мемлекет басшысы да елді мекендерді дамыту мемлекеттік негізгі міндеттерінің бірі екенін жиі айтады. Агросекторды да әркез бақылауда ұстайды.
Биыл аймағымыздағы 39 ауылдық елді мекенде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберіндегі 69 жобаны жүзеге асыруға 11 млрд теңге қаралды. Жыл басынан бері 5,6 млрд теңге игерілді. Атап айтсақ, білім саласында 2, денсаулық саласында 1, мәдениет саласында 4, спорт саласында 8 жоба жүзеге асуда.
Мұнан бөлек, электрмен қамту бойынша 14, газдандыру бойынша 1, ауыз сумен қамту бойынша 2 жоба қолға алынбақ. Көлік инфрақұрылымы саласында 35, абаттандыру саласында 2 жоба бар. Жоспар бойынша 36 жоба биыл аяқталып, пайдалануға берілетін болады.
Ауылдардың ажарын ашуда
Ауыл туралы тозып барады, халқы қалаға босып жатыр, жұмыс жоқ деген әңгіме, шынын айтқанда, жауыр болды. Әрине, қараусыз қалған ауыл жоқ емес, сонымен бірге тұрмыстіршілігі қаладан бір мысқал кем емес елді мекендер барын да ұмытпаған жөн. Ондай ауылдар ауданымызда да бар. Тек газ жоқ демесеңіз қалғанының барлығы қаладан кем емес. Жолы тақтайдай тегіс, мектебі алыстан менмұндалап тұрады. Шіркін, барлық ауылдың жағдайы сондай болса дейсіз сондайда. Үміт те жоқ емес. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында өшкен үмітке от жағыла бастағандай.
Ауылды дамыту мақсатында өткен жылдан бастап «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынды. Бағдарлама ауыл еңбеккерлерінің өмір сүру сапасын жақсартып, табысын арттыруды көздеген бұл жоба өз тиімділігін көрсетіп, халық арасында зор сұранысқа ие болуда.
Өңірімізде «Ауыл аманаты» жобасы сәтті жүзеге асырылып жатыр. Былтыр бағдарлама аясында облысқа 3 млрд теңге бөлінген. Соның нәтижесінде 406 жоба қаржыландырылып, 700ден астам жұмыс орны ашылды. Биыл тағы 4 млрд 600 млн теңге бөлінді.
Ауыл шаруашылығы – ел экономикасындағы ең маңызды саланың бірі. «Ауыл аманаты» жобасы аясында еліміз бойынша 1 миллион ауыл тұрғынын қамтып, 350 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа ел тарихында алғаш рет 1 триллион теңге берілді.
Айта кетейік, «Ауыл аманаты» жобасы бастау алғалы 106 елді мекенде 51 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Биыл тағы орта есеппен 575 жобаны жүзеге асырып, 610 жұмыс орнын ашу көзделіп отыр
Аудандағы ахуал
Бүгінгі күні ауданда бірқатар жоба іске асырылуда. Жүргізіліп жатқан жобалар нәтижесінде халықтың өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандарды салу, ауыз сумен қамтамасыз ету, электр беру желілерді қайта жаңғырту және газбен қамту мәселесі шешілмек.
Электр желілерді қайта жаңғырту – бүгінгі күнге өзекті мәселелердің бірі. Биыл Көмекбаев және Ақтөбе ауылына қаржы бөлініп, электр беру желілері қайта жаңғыртылуда. Ал Иіркөл ауылы бойынша, қазіргі уақытта демеушілік есебінен жобалау сметалық құжаттары қайта әзірленуде. Жыл аяғына дейін жөндеу жұмыстары аяқталады деп күтілуде.
Аудандық бюджеттен Ақжар, ІІІ Интернационал, Алдашбай ахун, Қармақшы ауылдарының электр желілерін қайта жаңғырту бойынша жоба сметалық құжаттары әзірленіп, бюджеттік өтінім өткізілген. Сонымен қатар, демеушілік қаражат есебінен Дүр Оңғар ауылының электр желілерін қайта жаңғырту бойынша жоба сметалық құжаттары әзірленсе, Тұрмағамбет ауылының электр желілерін қайта жаңғырту бойынша жоба сметалық құжаттар әзірленуде. Бұл жұмыстар алдағы уақытта кезең-кезеңімен жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында биыл аудан бойынша жалпы 9 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Оның ішінде Ақжар ауылының 1 көшесіне, Тұрмағамбет ауылының 5 көшесіне, Жосалы кентінің 1 көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Төретам кентінің 3 көшесіне, Жосалы кентінің 1 көшесін орташа жөндеу жұмыстарына бюджеттен қаржы қаралған.
Мұнан бөлек аудандық бюджет қаражаты есебінен бірқатар абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Атап айтсақ, ауданның 5 елді мекені Алдашбай ахун, Дауылкөл, Қармақшы, Қуаңдария, Ақжар ауылдарының төлқұжаттарын жаңартуға қаржы қаралып, паспорттар орнатылған.
Денсаулық сақтау саласы бойынша өткен жылы Дауылкөл, Ақжар және Жаңажол ауылдық округтерінде дәрігерлік амбулаториялар салынып, пайдалануға берілсе, биыл Қуаңдария және Қармақшы ауылдарында фельдшерлік-акушерлік бекеттердің құрылысы басталады.
Түйін Ауылдың жақсаруы мен өркендеуі бүкіл елдің дамуы. Төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп отырған ауыл – бүтін бір елдің асыраушысы, қайнаған еңбектің және ұлттық руханияттың қайнар көзі іспетті.
Ақнұр САҒЫНТАЙ