» » БАЙСҮГІРДІҢ ІСКЕНДІРІ ХАҚЫНДА

БАЙСҮГІРДІҢ ІСКЕНДІРІ ХАҚЫНДА

Қармақшы мен Қорқыт өңіріне Байсүгір мен Іскендірдің есімі етене таныс. Өйткені олар сол аймақта туып, сонда өмір сүрді. Өздерінің ізгілікті істерімен көзге түсіп, сол тұста балаларына «Байсүгірдің Іскендіріндей болыңдар, оқуда да, еңбекте де алда» деп Іскендірдей жасты үлгі еткен көрінеді. Жұртшылық үміт еткен жас желең кейіннен «Іскендір молда, Іскендір ақын» атанған.
Іскендір Байсүгірұлы 1890 жылы Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы маңындағы Арал Қарақұмында кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Ата-бабалары жазда Ырғыз, Торғай бойын жайлап, қыста Сырдағы «Жапырақшы», «Қорқыт бекеті» маңында отырған. Әкесі Байсүгір діни сауатты кісі екен. Балаларын жасынан бір кәсіпке бейімделуіне ықпал еткен және үйреткен. Балаларының ішінде Іскендірдің зеректігін байқап молданың алдына береді. Ел ішінде «жас молда» кейіннен «ақын» деген атқа ие болады. Бұл тұста діни қағидаларды жақсы білетіні, жұртшылыққа түсіндіруі, өлең-қисса, дастандарды жатқа білетіні және аздап жыр шығарғаны үшін оны ақын деп те атаған. Бұл әңгімелерді ұрпақтары айтады.
Колхоздастыру кезінде колхозшы, кейіннен жылқышы болып еңбек еткен. Көз көргендердің айтуынша жылқы малының бағып-күтіміне, бәйгеге жарату сияқты істерді қолға алыпты.
Мендегі деректерде І.Байсүгіровтің туған жылы екі түрлі айтылып жүр. Алдымен соны анықтайық. Ұрпақтары оны 1886 жылы туып, 1968 жылы қайтыс болып, Қорқыттағы қорымға жерленгенін жазса, 1966 жылғы «Айтыс» кітабының 3-томындағы «түсініктерде» Іскендір мен Уамық айтысында оны 1890 жылы туған деп жазған. Осы орайда ұрпақтарының бірі Айдынбек Айтбайұлы Іскендірдің 1947 жылы еңбек армиясына алынғаны жайлы мәлімет беріп, ол Ресейде 1945 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 6-маусымдағы жарлығы бойынша «Еңбектегі ерлігі үшін», «Ұлы Отан соғысындағы 1941-1945 жыл» медалімен марапатталған.
Менің білуімше, еңбек армиясына Қызылорда облысынан 1942-1943 жылдардан бастап алған, жоғарыдағы дерек қате болуы мүмкін. Өйткені майданға да, тылдағы еңбек армиясына да жасы 50-ден асқан азаматтарды алмаған ғой. Тіпті 1890 жылы туды дегеннің өзінде 50 жастан жасы асады емес пе? Ал 1886 жылы өмірге келген десек, онда ол кісі 1942-1943 жылдардың өзінде 56-57 жасты құрайды. Мұндай жаспен майданға алмаған.
І.Байсүгіров мешітке имам болмаса да, діни сауаттылығының арқасында, талай балаларға рухани дән сепкен адам. Ал ақындығына келсек, әзірге бізге белгілі 1939 жылы Қорқыт бекетінде тұрғанда жалағаштық діни ғұлама Қалжан ахун Бөлекбайұлының үлкен баласы Уамықпен хат арқылы айтысы «Айтыс» кітабының 81-83 беттерінде жарияланған. Осы айтыс туралы түсініктемеде (Мардан Байділдаев жазған болар) І.Байсүгіровтің 1890 жылы туғанын, Қорқыт стансасында тұрып жатқанын және зейнеткер екені жазылыпты. Ал Уамық Қалжановтың 1895 жылы Жалағаш ауданы, қазіргі «Коммунизм» совхозында туған, шығыс әдебиетін, тілін жақсы білетін және Бұқара медресесінде оқығанын жазады. Бұл кезде (1964 жылы) зейнеткер, Қызылорда қаласында тұрады. Айтыс хат арқылы 1939 жылы болған, бұрын еш жерде жарияланбаған. Бұл айтысты 1964 жылы қорға тапсырған Жалағашта тұратын Абыт Нұркенов:
Іскендір ақын үшбу хатпен Уамық мақсұмға:
«Уеке, сізге арнап бұл жазылған соң,
Тірілікте дидарласып бола алмай кез.
Арасы жақсы, жаман – аспан, жердей,
Қашаннан халық аузында келеатқан сөз.
Мақсат іс көңілдегі көрсе, – деп, – көз,
«Жақсыда шарапат бар» деген анық,
«Үлгі сөз үйретеді» деп үмітіміз, – дей келіп:
«...Кіші жүз, Алтын, Айдар – шыққан тегім,
Қысқартып доғарайын сөз аяғын.
Қол қойған Байсүгірдің Іскендірі,
Қорқыттың вокзалында отырамын», – дейді.
Осыған Уамықтың жауабы:
«Ісеке, сәлеміңіз келді хаттан,
Көрсетіп адресін Қорқыт жақтан.
Сайраған сандуғаштай секілденіп,
Паруаз қып тамаша айлап ұшқан бақтан.
Елестеп жазған сөзден аңдалады,
Хабардар екеніңіз әр тараптан», – деп жауаптасқан.
Атақты діни оқымысты, Уамық мақсұм Іскендір ағасының зейінді екенін нақтылапты (Бұл айтыс қысқартылып алынды).
1933-1935 жылдары ағайынды Магамур, Уамық Қалжановтар Аппақ ишанның ықпалында болып қолдапты. Оларды тергеген істе айтылған (1935 ж, октябрь). Уамық Қалжанов сол бір қиын кезеңдерде Тәжікстаннан елге оралған. Уамық аса сыпайы, әдемі киінген, сырбаз кісі болатын. Оны көзіміз көрді. Негізгі жазбам Іскендір Байсүгірұлы жайлы болғандықтан Уамық мақсұм жайлы аз ғана тоқтап өттім.
Іскендір Байсүгірұлының арғы-бергі ата-тегіне аздап тоқталмақпын. Кіші жүздің он екі ата Байұлы тайпасына кіретін Алтын руы, оның Айдар бөлімінің Тілеуке аталығынан. Айдар Алтыннан Құлты сияқты әулие, Итен тәрізді би мен атақты Сейітжан ақындар шыққан. Жуырда ғана өмірден өткен балалар хирургиясының атасы атанған, академик Камал Ормантаевты кім білмейді?! Тілеукенің бір баласы Дербісәлі – одан Итен. Итеннен жоғарыда есімі аталған Құлты. Сол Құлты бабадан Үмбет ата. Осы Үмбеттен Байсүгір – одан мақалама арқау болып тұрған Іскендір. Іскендірден Шамғұн, Бөкен, Алтынбек, Көшербай. Шамғұннан – Шұғай, Ібіраш, Айтбай, Құдабай. Айтбайдан маған таныс інім – Айдынбек. Іскендір балаларының ішінде өлеңжырға, шежіреге жақындауы Көшербай болса, кейінгі ұрпақтан Айдынбекті атар едім.
Іскендір молда Айдар бөлімінің Тілеуке аталығының, басқа да бөлімдердің шежіресін жинақтапты. Олары ұрпақтарының қолында. Ол жинаған шежірелер Алтын руының шежіресін жазып, құрастырғандарға көмек болып, жол сілтеді деуге болар. Бүгінде кейбір қариялардың айтуынша Іскендір еңбек армиясында жүргенде және туған жерге келгенде өлеңдер шығарған дегенді айтады. Мүмкін көнекөз қариялармен қатар рухани дүниелерге жақын жастар, орта буын арасынан І.Байсүгіровтің өлеңдері мен басқа да жазбалары табылып қалар. Оның есімі «Айтыс» кітабының 1-томы мен бірнеше жинақтарда айтылған. Бұл мақала Іскендір шығармашылығын іздеушілерге жол ашар.
Бұл жолда Іскендір ақынның (молда) балаларынан тараған ұрпақтары іздеу, зерттеу жолында мұрындық болуға тиіс. Біріншіден, Байсүгір мен оның әйелінің туған жері, жылы, қайтыс болған уақыты да нақтылануы керек. Айтушылар Байсүгірді Ырғыздағы Құлты бабасының қорымында дейді. Екіншіден, оның шығармашылығы мен одан қалған ауызекі әңгімелері болса жинау міндеті тұр. Жалпы Үмбет балалары Бәйімбет пен Байсүгір де дін жолында болған адамдар.
Академик, жазушы Сәбит Мұқанов 1965 жылы шыққан «Айтыс» кітабының 1-томындағы (9- бет) Айтыстар туралы мақаласында былайша жазған. «Айтыс – халық өмірін бейнелейтін көркем әдебиет саласының бірі. Одан халықтың қуанышы да, қайғысы да, саяси-шаруашылық тұрмысы да, мәдени дәрежесі де, замани идеологиясы да, әдетғұрпы да, жалпы әлеуметтік және жеке адамдардың қарым-қатынастары да, заманына лайық өрбіген тартысының формалары да көрінеді» деп айтыс өнеріне аса мән берген-ді. Іскендір ақын да айтыс өнеріне үлес қосқан азамат.
Ескерту: 1868 жылғы деректе Бәйімбет пен Байсүгірдің есімдері көрсетіледі. Демек олар Ырғызды қыстап қалған болар.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
зерттеуші, жазушы, Қармақшы ауданының
Құрметті азаматы
08 шілде 2025 ж. 104 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№49 (10417)

05 шілде 2025 ж.

№48 (10416)

01 шілде 2025 ж.

№47 (10415)

28 маусым 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 016
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031