ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТЕГІ КЕЛЕЛІ МӘСЕЛЕЛЕР
Бүгінде еліміздің алдында тұрған азаматтық қоғам институттарын жүйелі түрде іске қосу талабы күшейтіліп, мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдар бірлесе нәтижелі жұмыстар жүргізуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде «Біз еліміздің әлеуетін нығайта түсуіміз керек, яғни азаматтардың мұң-мұқтажына құлақ асатын және ең бастысы, мәселені тиімді шеше алатын әлеуеті мықты ел болуымыз қажет» деп атап өтті.
Қазіргі уақытта қоғамдық кеңестер – республикалық және жергілікті деңгейде талқылаулар мен шешімдер қабылдау кезінде қоғамдық пікірді ескеріп, азаматтық қоғамның мүдделерін білдіретін маңызды институтқа айналып отыр. Бұл жерде мемлекетіміздің басты бағыттарының бірі – қоғамдық кеңестің ауқымын кеңейтіп, қоғамдағы рөлін нығайту. Өйткені қоғамның қозғаушы күші саналатын кеңес мүшелері өңірлерде түйткілді мәселенің түйінін тарқатуға септігін тигізеді. Елімізде Азаматтық қоғамды дамытып, Ұлт жоспарына қажетті маңызды істерді атқарады.
Қоғамдық кеңес мүшелері алдында ауданымыздың алымды аяқ алысы, актуальды мәселелері назарда тұрады. Кеңес мүшелерінің қоғамда атқарып келе жатқан жұмыстары өзіндік сипатқа, мазмұнға ие.
2015 жылғы 2 қарашадағы «Қоғамдық кеңестер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қоғамдық кеңестің сайланған құрамының өкілеттіктер мерзімі үш жылды құрайды. Қоғамдық кеңес құрамының өкілеттік мерзімінің аяқталуына орай 2015 жылғы 2 қарашадағы «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңға және Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің «Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ережені бекіту туралы» 2021 жылғы 26 ақпандағы №69 бұйрығына сәйкес, жаңадан сайланған аудандық қоғамдық кеңестің құрамы 2025 жылдың ақпан айында алғашқы отырысын өткізді.
Кеңес отырысында ауданымыздың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы атқарылатын негізгі міндеттері туралы аудан әкімінің есебі жасалып, жалпы өткен жылы жергілікті атқарушы органдар тарапынан атқарылған нәтижелі жұмыстары атап өтіліп, биылғы жылға тиісті межелер белгіленді. Ол туралы аудан тұрғындарына жан-жақты ақпарат берілді.
Жиын барысында аудандық мәслихат төрағасы мен аудандық қоғамдық кеңес төрағасының 2024 жылғы атқарылған жұмыстар барысы баяндалып, алдағы атқарылатын жұмыстарға тоқталды.
Жиынға қатысушылар аудандық қоғамдық кеңестің жұмысына оң баға бере отырып, алдағы уақытта да өзекті мәселелерді көтеруде елеулі үлес қосатындарына сенім білдірді.
Осымен қатар есепті мерзімде аудан бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының, «Қармақшы ауданының мансап орталығы» және «Байқоңыр қаласының мансап орталығы» филиалдарының атқарып жатқан жұмыстары, көрсетілетін мемлекеттік қызметтерінің сапасы мен нәтижелі жұмыс жасаудағы есептері кеңес отырысында тыңдалып, қаралған мәселелер бойынша бірқатар мекемеге қоғамдық кеңес тарапынан ұсынымдар жасалды.
Көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен нәтижелі жұмыс жасаудағы атқарылған жұмыстары туралы есебін беру кезінде Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызметтер басқармасы «ZOOM» платформасы арқылы онлайн қатысып отырды.
Кеңес отырысында аудандық экономика және қаржы бөлімінің «Аудандық бюджеттің атқарылуы жайлы жылдық есебі» талқыланып, талқылау қорытындысы бойынша аудандық бюджеттің атқарылуы туралы есеп назарға алынып, бекітілді.
Көктем айларында аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Ә.Құлдүйсенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Мереков және коммуналдық саланың қыр-сырын меңгерген аудан ақсақалдары Жосалы кенті әкімдігімен бірге аяқсу арықтарының жай-күйіне, су өткізу жағдайларын зерделеу мақсатында қоғамдық мониторинг жүргізді. Зерделеу жұмыстары барысында Жосалы кентіндегі аяқсу арықтарының жағдайымен танысып, саябақтар мен көшелерге аяқсудың жеткілікті баруын бақылады. Сонымен қатар Жосалы кентінің батыс бетінде орналасқан тұрмыстық қалдықтарды, ашық жатқан күл-қоқыс төгетін полигонның санитарлық талаптарға сәйкестігін қадағалап көріп, ой-пікірлерімен бөлісті. Қоқыс полигондары қатаң бақылауға жататындығын айтып, аталған мәселелерге байланысты алдағы атқарылуға тиіс жұмыстарға тоқталды.
Барлық мәселені бірден шешу мүмкін емес. Дегенмен Жосалы кентін абаттандыру, көркейту-көгалдандыру, санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу кент әкімінің басты назарында. Осыған байланысты аудандық қоғамдық кеңес отырысында Жосалы кенті әкімінің тұрғындарды аяқсумен қамтамасыз етуде, көгалдандыру, тазалық жұмыстарын жүргізуде атқарып отырған қызметтері және алдағы перспективалық жобалары тыңдалып, жиынға қатысушылар ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын айтты.
Жосалы кентінің тазалық, көркейтукөгалдандыру бағытындағы жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Былтыр Қорқыт ата, А.Иманов, А.Құнанбаев, К.Тәуекелов көшелеріне 2000 түп, «Жасыл белдеуге» 800 түп көшет егілген. Жосалы-Жалағаш тас жолының Тәуелсіздік ықшам ауданы тұсындағы «Жасыл белдеуге» 250 түп күздік көшет егіліп, қазіргі таңда отырғызылған көшеттердің 90 пайызы көктеп тұр. Ал биыл 5200 тал көшеті, саябақтарға 10000 дана гүл, 1000 квадрат метр жерге газон, сонымен қатар клен, катальпа, қара ағаш, шырша көшеттері әкелініп, егілген.
Жосалы кентінде 74 шақырым аяқсу арықтары бар. Оның ішінде 32 шақырымы негізгі, 42 шақырымы көше аралық арықтар. Қазіргі таңда халыққа пайдасы тиетін істер қолға алынып, аяқсу мәселесіне мән беріліп, үлкен арықтар, бірқатар көше аралық су өткізгіш құбырлардың іші қоқыстан тазартылып, арық түбіндегі топырақ күрекпен қазылған. Әрбір тұрғын үйдің тұсынан өтетін аяқсу арығына, құбырлардың ішіне тазарту жұмыстарын жүргізіп отырса, алдағы күндері берілетін судың кедергісіз жүруіне мүмкіндік болар еді. Судың көзін ашу – сауапты іс. Бұрын аяқсу жүргізіліп, бірақ соңғы жылдары су келмей тұрған көшенің су арығы тартылмай қалған немесе мүлдем аяқсу арығы жоқ 42 көшені қайта жаңғырту мақсатында сала мамандарын қатыстырып, жер бетін зерделеу жұмыстары жүргізілуде.
Жиналыс барысында кент көшелеріне ағаш көшеттері жақсы егілгені, олардың күтіміне, суару жұмыстарына тұрақты бақылау орнатылғаны атап өтіліп, Жосалы кентін абаттандыру мақсатында тұрғындарды аяқсумен қамтамасыз етуге дайындықты уақытылы жүргізу, тұрақты аяқсумен қамтамасыз ету бойынша арнайы жұмысшы тобын құрып, зерделеу жұмыстарын жүргізу, зерделеу нәтижесімен Жосалы кенті бойынша су жүретін арықтарды қазатын, тазартатын аймақтарды, көшелерді нақтылау ұсынылды. Сондай-ақ Жосалы кентін аяқсумен қамтамасыз етудің перспективалық кешенді бағдарламасын жасап, тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныс енгізу, осы бағдарламаны іске асыруға Жосалы кентіндегі барлық мекемелер мен кәсіпорындарды, кәсіпкерлерді жұмылдыру ұсынылды.
Кеңес отырысында Жосалы кенті көшелерінің тазалық жұмыстары жүйелі жүргізіліп отырғандығы, дегенмен коммуналдық қалдықтарды жинақтау полигонының жұмысын жетілдіру жайы, бақылау жасайтын бейнежазбаның бақылау аймағын ұлғайтып, полигонға қалдық тастау тәртібін бұзғандарға айыппұлды автоматты түрде салу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
Жыл басынан аудандық қоғамдық кеңеске белгіленген жоспарға сай және мекемелерден ұсынылған барлығы 25 мәселе қаралып, зерделенді.
Аудандық қоғамдық кеңесте мемлекеттік мекемелерден келіп түскен 10 нормативтікқұқықтық актілер зерделеніп, келісім берілді.
Қазақстан Республикасының ақпарат және қоғамдық даму Министрлігінің 2022 жылғы бекітілген Медиа-жоспарына сәйкес, Қармақшы аудандық Қоғамдық кеңестің биылғы жыл басынан атқарған жұмыстарын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға байланысты «Facebook» әлеуметтік желісінде, аудандық «Қармақшы таңы», «Бәйтерек» газеттерінде жарияланып, Қармақшы аудандық мәслихатының интернет-ресурсында ақпараттандырылып отырылды.
Осы жылдың наурыз айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында сөйлеген сөзінде «Біз үшін ешкім елімізді дамытып, көркейтіп бермейді. Қазақстан өз азаматтарымызға, яғни бізге ғана керек. Біз өз мүмкіндігіміз бен күш-қуатымызға арқа сүйеуіміз қажет. Әдемі сөйлеп, уәдені үйіптөккендер емес, мақсат жолында үздіксіз алға ұмтылып, жұртқа жаға бермесе де, аса маңызды шешім қабылдай білетіндер табысқа жетеді. Мұның бәрі азаматтар үшін жасалады. Себебі адам – біздің мемлекетіміз үшін ең басты құндылық» деп атап көрсетті.
Түйіндей айтқанда, уақыт талабына сәйкес қоғамдық ұйымдардың белсенділігі артып, үлкен жауапкершілік жүктелген жұмыстарын жандандырып, ел дамуына сүбелі үлесін қосып келеді.
Ләззат ЕСХАНОВА,
Қармақшы аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі