» » ТӘТТІГЕ ТӘУЕЛДІЛІК: СЫРҚАТ ПА, САУЛЫҚ ПА?

ТӘТТІГЕ ТӘУЕЛДІЛІК: СЫРҚАТ ПА, САУЛЫҚ ПА?

Қазіргі таңда әр адам бір затқа тәуелді. Алайда, тәуелділікке алып келетін әдеттер адамдар үшін аса қауіпті. Сондай әдет – қантқа құмар болу. Қанттан артық тәтті жоқ. Бірақ көп жесеңіз, денсаулыққа зиян. Қазірде балаңызбен бірге дүкенге барсаңыз, қызылды-жасылды тәттілердің жанынан құр қарап өте алмайсыз. «Мынаны аламын» деп құрамы беймәлім затты алмасына қоймайды. Қанша қарсыласып баққанмен дегенінен таймайды.
Тәттіге құмарлық тек балаларда кездесетін жайт емес. Ол ересектерде де бар. «Шай шығарып, қант салып ішпесем, басым ауырады» дейтін аға буын мен тəтті газды сусынға тəуелді жасөспірімдер қатары артып келеді. Бас ауырғанын уақытша басатын тəтті шай, шөлді қандыратын тəтті судың зиян екенін біле тұра, сіміріп салатынын қайтерсіз?! Қанттың адам ағзасындағы тепе-теңдікті сақтаудан бөлек зиянды тұсы да жетіп артылады. Ал мамандар құрамында қанты көп сусынды шамадан тыс тұтыну түрлі қатерлі ауруға алып келетінін айтады. Мұнан бөлек қанттың семіздікке алып келетінін де естен шығармаған жөн.
Тафтс университетінің ғалымдары жетекшілік еткен халықаралық зерттеуі бойынша тәтті сусын жыл сайын әлем бойынша 300 мыңнан астам адамның өліміне себеп болады. 118 елден 2,9 миллион адамның тамақтану рационына негізделген зерттеу нәтижесі бойынша лимонад, энергетикалық және жеміс сусындары жыл сайын жүрек ауруларының 1,2 миллион жаңа жағдайын және екінші типті қант диабетінің 2,2 миллион жағдайын туындатады. Ғалымдардың айтуынша, бұл сусындарды шамадан тыс тұтыну қандағы қант деңгейінің көтерілуіне, инсулинге төзімділікке және артық салмақ мәселелеріне алып келеді.
Көп адам күйзелістен қант жеп арылғысы келеді. Өйткені тәтті жегенде ағзада серотонин бөлінеді. Шоколадтың бір бөлігі адамға жағымды эмоция сыйлайтыны да осыдан. Алайда тәттіге құмарлық ағзаны қинайды. Асқазан-ішек жолының жұмысы бұзылады, тамақтану тәртібі өзгереді. Диетологтар «қанты бар өнімдердің қосындысы күнделікті тамақ рационының 10%- ын ғана қамтуы керек» дейді. Сонда ғана семіздік қаупі төнбейді. Жалпы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебі бойынша күніне қантты 6 шай қасықтан артық қант жемеу керек. Бірақ ересектер күніге 22, балалар 34 қасық қант тұтынады екен.
ТӘТТІГЕ НЕГЕ ТӘБЕТ ТАРТАДЫ?
Тәттіқұмарлықтың балаларда жиі кездесетінін жоғарыда айта кеттік. Осы ретте балаға тәттіні үйрететін өзіміз секілді. «Айтқанды тыңдасаң тәтті беремін», «тамағыңды тауысып ішіп қойсаң, кәмпит беремін» деп балаға айту тыңдатудың құралына айналғандай. Баланы жылы сөзбен ымыраға келу әдісін тіпті қолданбаймыз. «Тәтті беремін» деген әлдеқайда жеңіл көрінеді.
Осылай айту арқылы ата-ана өздері балаға «негізгі тамақ дәмсіз, оны тәттіге жету үшін ғана жеу керек» дегендей қағида қалыптастырады. Келесіде «соңында тәтті бермейтін болса, бұл тағамды да жеудің қажеті жоқ» деген түсінік туады, яғни негізгі, пайдалы ас туралы негативті ой орнығады. Сол себепті де тәттінің маңызын арттырмай, балаға негізгі тамақты не үшін жеу керектігін, оның қандай пайдасы барын дұрыстап түсіндірген жөн болмақ.
Адамдар кей кездері тәтті нәрсе жеуге ерекше құмар болып тұрады. Диетологтардың айтуынша, кейде тәттіге құмарлық ағзаға судың жетіспеушілігінен туындайды. Сондықтан, қант қосылған шай немесе тәтті тоқаштың орнына бір кесе суды ішкен жөн болады.
Сондай-ақ тәттілерді құрамында ақуызы мол тағамдармен алмастыру қажет. Тәттіден бас тартудың тағы бір әдісі – жүгіру. Мысалы, торт немесе қант қосылған сусын туралы ой сізді мазаласа, қысқа уақытқа жүгіріп келу керек. Басында қиын болуы мүмкін, алайда уақыт өте келе адамның дәм рецепторлары өзгеріп, тәттіге құмарлық басылады.
Адамдардың тəттіге шамадан тыс тəуелділігі жұқпалы емес аурулардың өршуіне əкелуде. Мысалы соңғы жылдары қант диабетімен ауыратындардың саны шамамен 3 пайызға өсті. Онкологиямен ауыратындар саны 3 пайызға, жүрек-қан тамыр жүйесі ауруларының саны 16 пайызға өсті. Сондықтан бала кезден бастап тəттілерге дұрыс көзқарас қалыптастыру керек. Өйткені, тыйым салынған нəрсені ерекше қалап тұрамыз. Қант қалыпты мөлшерде дененің үздіксіз жұмыс істеуі, мидың дұрыс дамуы үшін қажет екенін түсіну керек. Тек қалыпты мөлшерді әдетке айналдыру маңызды. Газдалған тəтті сусындар – семіздікке əкеледі, тіс эмалін үгітіп жібереді, құрамында фосфор қышқылы өте көп болғандықтан бүйрекке тас жиналады, инфарктің пайда болуын 20 пайызға арттырады, қан қысымын көтереді.
САЛДАРЫ СЫРҚАТҚА АЛЫП КЕЛЕДІ
Ел денсаулығына төнген басты қауіптің бірі – қант диабетінің күрт көбеюі. Бұл – жай ғана ауру емес, адамның өмір сапасын төмендететін, күнделікті күтімді қажет ететін, асқыну қаупі жоғары созылмалы дерт. Соңғы жылдары бұл сырқатқа шалдығу себебінің арасында тәтті газдалған сусындарды тұрақты тұтыну алдыңғы қатарға шықты. Әсіресе балалар мен жасөспірімдердің тәтті сусындарға деген тәуелділігі қоғам үшін дабыл қағарлық деңгейге жетті.
Мәселен, соңғы 5 жыл ішінде Қазақстанда қант диабетімен ауыратындар саны 31%-ға өсіп, 400 мың адамға жетті. Бұл – ел халқының шамамен әрбір қырқыншы адамы қант диабетіне шалдыққан деген сөз. Олардың басым бөлігі – 35 жастан асқан азаматтар, алайда соңғы жылдары жасөспірімдер мен жастар арасында да бұл ауруға шалдығу жиілеп барады.
– Қант диабетімен 5 жыл бұрын ауырдым. Университетте оқып жүргенде газды сусындарсыз өмір сүре алмайтын едім. Күніне кемінде 2-3 бөтелке ішетінмін. Басында мән бермей жүргенмін. Кейін бойымда әлсіздік, ашуланшақтық пайда болды. Ең өкініштісі, осының бәрін болдырмауға болар еді. Тәтті сусын дәмді ғой, бірақ оның артында тұрған қауіп өте үлкен. Бір стакан су тәтті судан мың есе артық» дейді Гүлдана Бауыржанқызы.
Қант диабеті тек жүре пайда болатын дерт емес, ол тұқым қуалау жолымен де келеді. Қант диабетіне шалдықтыратын қауіп факторлары өте көп. Мәселен, тұқымқуалаушылық, өмір сүру салты, артық салмақ, ұйқы безінің жіті және созылмалы аурулары, тәтті сусындарды шамадан тыс тұтыну және тағы басқа. Газдалған және тәтті сусындардың 1 литрінде 20-30 шай қасыққа дейін қант болуы мүмкін. Мұндай жоғары мөлшерде қантты күнделікті тұтыну қандағы глюкозаның үнемі жоғары деңгейде болуына әкеледі.
Тәтті сусындар – «бос калория» көзі. Яғни олар энергия береді, бірақ ешқандай қоректік затпен қамтамасыз етпейді. Бұл іш майының жиналуына және артық салмақтың пайда болуына әкеледі, ал бұл өз кезегінде қант диабетінің дамуына түрткі болады. Қантты сусындардағы фруктоза бауырда май түрінде жиналып, майлы гепатозға (бауырдың майлануына) себеп болады. Бұл жағдай инсулинге төзімділікті одан сайын күшейтіп, диабеттің даму мүмкіндігін арттырады.
АРТЫҚ САЛМАҚ АРТЫП БАРАДЫ
Адам өмірінде ұйқының орны маңызды. Күнделікті рациондағы тамақтарды реттеген соң ұйқыны бір қалыпқа түсірген жөн. Өйткені бұл қағидаттарды ұстанбаса, ерте жастан семіздікке және қан-тамыр ауруларына әкелеуі мүмкін.Тамағы пайдалы дәрумендерден тұратын адамның миы да сау болады. Әр адам тамақтанған кезде қолына смартфон ұстамағаны дұрыс. Себебі, бұл ағзадағы түсініспестікке әкеледі. Ми сіздің не жеп отырғаныңызды түсінбейді. Салдарынан бір күн бойы аш жүргендей сезінесіз. Ал аш күйде болса тамаққа тәбеттің артатыны да белгілі.
Қазақстандағы 11-15 жастағы балалардың 17%-ы күн сайын, 14,5%-ы аптасына бірнеше рет тәтті сусын ішеді екен. Балалар арасындағы артық салмақ көрсеткіші – 23%. Бұл – келешекте ұрпақтың айтарлықтай бөлігі жас кезінен бастап қант диабетіне шалдығуы мүмкін деген сөз. Тәтті сусынды бүгін ішкен бала ертең инсулинге тәуелді ересек адамға айналуы мүмкін. Сондықтан таңдау ертең емес, бүгін жасалуы тиіс.
Түйін Иə, тəтті суға тəуелділік жас талғамайды. Əсіресе, газды сусынға балалар құмар-ақ. Бұл сусындардың жиі мөлшерден тыс көп қолдану соңы қант диабетіне алып келеді. Газды сусын шөлді қандырмайды, керісінше құмарлықты тудырады. Бұл қант мөлшерінің көбейіп кетуіне əкеледі. Соңы жазылмас дертке соғуы мүмкін. Тәттіге құмартамын деп тіршілікте сан соғып сансыз ауруды жамап алмаңыз.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
15 маусым 2025 ж. 78 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№48 (10416)

01 шілде 2025 ж.

№47 (10415)

28 маусым 2025 ж.

№46 (10414)

24 маусым 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 986
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031