Тәттіден қалай бас тартамыз?
Қазіргі баламен бірге дүкен айналасынан жай қарап, өтіп кете алмайсыз. Оған кірсеңіз қызылды-жасылды тәттілердің жанынан құр қарап тұру тіптен қиын. «Мынаны аламын» деп құрамы беймәлім затты алмасына қоймайды. Қанша қарсыласып баққанмен дегенінен таймайды. Қала берді еркелік көрсетіп жата қалып жылайтын да бар. Көпшілік ортада «ыңғайсыз» жағдайға қалған ананың да әпермеске лажы қалмайды. Бұл бүгінде көп ата-ананың басында болатын жағдайдың бірі.
Иә, дүкен сөрелерінде тәттілерді бала тұрмақ ересектердің өзі дәмін татып көргісі келеді.Тәттіге құмарлық тек балаларда кездесетін жайт емес. Ол ересектерде де бар. «Шай шығарып, қант салып ішпесем, басым ауырады» дейтін аға буын мен тəтті газды сусынға тəуелді жасөспірімдер қатары артып келеді. Бас ауырғанын уақытша басатын тəтті шай, шөлді қандыратын тəтті судың зиян екенін біле тұра, сіміріп салатынын қайтерсіз?!
Қоғамда «қант – ақ у» деген түсінік қалыптасқанымен, одан бас тартып жатқандар шамалы. Иә, қант – семіздікке алып келетін бірден-бір дəм. Тəтті сусын бастапқыда шөлді басқандай көрінуі мүмкін. Дей тұра артынша қайта ішкіңіз келе береді. Мəселен, поляктар қант пен тəтті сусынның зиянын ерте ескеріп, күнделікті тұтыну рационын қысқартқан. Тіпті, адам өмірін 15 жылға қысқартады деген тұжырымға келген. Адам жылына орташа есеппен 12 келіден жоғары тəттіні тұтынатынын айтқан. Бұл сусыннан бөлек көрсеткіш. Ал тәтті сусынды тұрақты тұтынсаңыз қанша келі қантты пайдаланатыныңызды шамалай беріңіз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мəліметінше əлемде 2,5 млн адам артық салмақ пен семіздік ауруынан қайтыс болады екен. Себебі артық салмақ жүрек пен бүйректің жұмысына кері əсер етеді. Британдық диетологтар қанттың зиянды əсерін 1972 жылы дəлелдеген. Бұл қант өнеркəсібіне кері əсерін тигізу қаупін тудырады. Дегенмен, олар семіздікке қант емес, май мен холестериннің де ықпалы бар деген тұжырыммен майсыз тағам тұтынуға үндейді. Уақыт өте келе өндіріске қант алмастырғыш шығады. Тəтті сусындардың басым бөлігі қанттан тұрады. Ғалымдар күніне 0,355 литр тəтті сусынды үнемі қолданған жағдайда жүрек қан тамыры ауруларының пайда болатындығын айтуда. Нəтижесінде адам ағзасында зиянды холестерин мөлшері артып, пайдалы элементтер жойылып кетеді. Адам ағзасындағы тепе-теңдік бұзылып, зиянды майдың мөлшері 53 пайызға көтеріледі.
Тәттіні мөлшерден тыс пайдалану тек салмақ жинауға ғана әсер етпейді екен, ол сонымен қатар күйзеліске, депрессияға әкеледі дейді мамандар. Себебі печенье, балмұздақ сынды тәтті тағамдардың құрамында болатын фруктоза психикаға кері әсерін тигізеді. Ал фруктоза обыр, қант диабеті, жүрек, бүйрек, қан тамырлары ауруларын туғызады. Фруктозаға бай тағамдар адамның психикасына кері әсерін тигізетіндігін, күйзеліске ұшырататынын анықтады. Ал адам күйзеліске бейім болса қан қысымы жоғарылайды, осыдан жүрек талмасы, инсульт сынды аурулар туады. Сондай-ақ фруктоза адамның иммундық жүйесін бұзады, қартаю процесін жеделдетеді. Бұған дәлел ретінде ғалымдар тышқандар арасында зерттеу жүргізіп көреді. Тышқандардың бір тобына кәдімгі тағамдарды берсе, екінші тобына құрамында фруктозасы мол тағамдарды береді. 10 апта өткен соң тексеру барысында фруктозаны көп жеген тышқандарда күйзеліс гормоны көп бөлінгені анықталған, 0деп жазады шетелдік БАҚ.
Адамдар кей кездері тәтті нәрсе жеуге ерекше құмар болып тұрады. Диетологтардың айтуынша, кейде тәттіге құмарлық ағзаға судың жетіспеушілігінен туындайды. Сондықтан, қант қосылған шай немесе тәтті тоқаштың орнына бір кесе суды ішкен жөн болады.
Сондай-ақ, тәттілерді құрамында ақуызы мол тағамдармен алмастыру қажет. Тәттіден бас тартудың тағы бір әдісі – жүгіру. Мысалы, торт немесе қант қосылған сусын туралы ой сізді мазаласа, қысқа уақытқа жүгіріп келу керек. Басында қиын болуы мүмкін, алайда уақыт өте келе, адамның дәм рецепторлары өзгеріп, тәттіге құмарлық басылады.
Адамдардың тəттіге шамадан тыс тəуелділігі жұқпалы емес аурулардың өршуіне əкелуде. Мысалы соңғы жылдары қант диабетімен ауыратындардың саны шамамен 3 пайызға өсті. Онкологиямен ауыратындар саны 3 пайызға, жүрек-қан тамыр жүйесі ауруларының саны 16 пайызға өсті. Сондықтан бала кезден бастап тəттілерге дұрыс көзқарас қалыптастыру керек. Өйткені, тыйым салынған нəрсені ерекше қалап тұрамыз. Қант қалыпты мөлшерде дененің үздіксіз жұмыс істеуі, мидың дұрыс дамуы үшін қажет екенін түсіну керек. Тек қалыпты мөлшерді әдетке айналдыру маңызды. Газдалған тəтті сусындар – семіздікке əкеледі, тіс эмалін үгітіп жібереді, құрамында фосфор қышқылы өте көп болғандықтан бүйрекке тас жиналады, инфарктің пайда болуын 20 пайызға арттырады, қан қысымын көтереді.
Иə, тəтті суға тəуелділік жас талғамайды. Əсіресе, газды сусынға балалар құмар-ақ. Бұл сусындардың жиі мөлшерден тыс көп қолдану соңы қант диабетіне алып келеді. Газды сусын шөлді қандырмайды, керісінше құмарлықты тудырады. Бұл қант мөлшерінің көбейіп кетуіне əкеледі. Соңы жазылмас дертке соғуы мүмкін. Тәттіге құмартамын деп тіршілікте сан соғып сансыз ауруды жамап алмаңыз.
Ақнұр САҒЫНТАЙ