» » Тəттіге құмарлық соңы – ащы өкініш

Тəттіге құмарлық соңы – ащы өкініш

Қазірде баламен бірге дүкенге барсаңыз қызылды-жасылды тәттілердің жанынан құр қарап өте алмайсыз. «Мынаны аламын» деп құрамы беймәлім затты алмасына қоймайды. Қанша қарсыласып баққанмен дегенінен таймайды. Қала берді еркелік көрсетіп жата қалып жылайтындары да бар. Көпшілік ортада «ыңғайсыз» жағдайға қалған ананың да әпермеске лажы қалмайды. Бұл бүгінде көп ата-ананың басында болатын жағдайдың бірі.

Тәттіге құмарлық тек балаларда кездесетін жайт емес. Ол ересектерде де бар. «Шай шығарып, қант салып ішпесем, басым ауырады» дейтін аға буын мен тəтті газды сусынға тəуелді жасөспірімдер қатары артып келеді. Бас ауырғанын уақытша басатын тəтті шай, шөлді қандыратын тəтті судың зиян екенін біле тұра, сіміріп салатынын қайтерсіз?! Қанттың адам ағзасындағы тепе-теңдікті сақтаудан бөлек зиянды тұсы да жетіп артылады. Ал мамандар құрамында қанты көп сусынды шамадан тыс тұтыну түрлі қатерлі ауруға алып келетінін айтады. Мұнан бөлек қанттың семіздікке алып келетін де естен шығармаған жөн.

Тәттіден қалай бас тартамыз?
Қоғамда «қант – ақ у» деген түсінік қалыптасқанымен, одан бас тартып жатқандар шамалы. Иә, қант – семіздікке алып келетін бірден-бір дəм. Тəтті сусын бастапқыда шөлді басқандай көрінуі мүмкін. Дей тұра артынша қайта ішкіңіз келе береді. Мəселен, поляктар қант пен тəтті сусынның зиянын ерте ескеріп, күнделікті тұтыну рационын қысқартқан. Тіпті, адам өмірін 15 жылға қысқартады деген тұжырымға келген. Адам жылына орташа есеппен 12 келіден жоғары тəттіні тұтынатынын айтқан. Бұл сусыннан бөлек көрсеткіш. Ал тәтті сусынды тұрақты тұтынсаңыз қанша келі қантты пайдаланатыныңызды шамалай беріңіз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мəліметінше əлемде 2,5 млн адам артық салмақ пен семіздік ауруынан қайтыс болады екен. Себебі артық салмақ жүрек пен бүйректің жұмысына кері əсер етеді. Британдық диетологтар қанттың зиянды əсерін 1972 жылы дəлелдеген. Бұл қант өнеркəсібіне кері əсерін тигізу қаупін тудырады. Дегенмен, олар семіздікке қант емес, май мен холестериннің де ықпалы бар деген тұжырыммен майсыз тағам тұтынуға үндейді. Уақыт өте келе өндіріске қант алмастырғыш шығады. Тəтті сусындардың басым бөлігі қанттан тұрады. Ғалымдар күніне 0,355 литр тəтті сусынды үнемі қолданған жағдайда жүрек қан тамыры ауруларының пайда болатындығын айтуда. Нəтижесінде адам ағзасында зиянды холестерин мөлшері артып, пайдалы элементтер жойылып кетеді. Адам ағзасындағы тепе-теңдік бұзылып, зиянды майдың мөлшері 53 пайызға көтеріледі.

Зиянды зардабы
Тәттіні мөлшерден тыс пайдалану тек салмақ жинауға ғана әсер етпейді екен, ол сонымен қатар күйзеліске, депрессияға әкеледі дейді мамандар. Себебі печенье, балмұздақ сынды тәтті тағамдардың құрамында болатын фруктоза психикаға кері әсерін тигізеді. Ал фруктоза обыр, қант диабеті, жүрек, бүйрек, қан тамырлары ауруларын туғызады.  Фруктозаға бай тағамдар адамның психикасына кері әсерін тигізетіндігін, күйзеліске ұшырататынын анықтады. Ал адам күйзеліске бейім болса қан қысымы жоғарылайды, осыдан жүрек талмасы, инсульт сынды аурулар туады. Сондай-ақ фруктоза адамның иммундық жүйесін бұзады, қартаю процесін жеделдетеді. Бұған дәлел ретінде ғалымдар тышқандар арасында зерттеу жүргізіп көреді. Тышқандардың бір тобына кәдімгі тағамдарды берсе, екінші тобына құрамында фруктоза мол тағамдарды береді. 10 апта өткен соң тексеру барысында фруктозаны көп жеген тышқандарда күйзеліс гормоны көп бөлінгені анықталған, деп жазады шетелдік БАҚ.

– Тəтті сусынға деген тəуелділік жұмыс істеу барысында туындады. Тəтті сусынды ішіп алып, асқазаның толған сияқты жұмыс жасап жүре бересің. Үйге келгенде де тойып тамақ ішіп аламын. Оны қорыту үшін  «кола» секілді газды суға бас қоямын. Осылайша жалғаса берді. Бірте-бірте бауырым ауыра бастады. Салмағым да артты. Одан кейін тістерім үгіліп сына бастады. Стоматологқа барғанымда «тəттіге құмарсыз-ау» дегені бар. Тəтті тағамға құмарлығым болмағанымен, тəтті сусынсыз жүре алмайтынымды айтып едім. Мәселенің осы тұста екенін жеткізді. Осылайша тісімді құрттым, – дейді кент тұрғыны Айбек Жарылқасынов.

Елдегі тәтті өндірісінің ахуалы қандай?
Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы күнделікті тұтынатын қант мөлшерін 25 грамнан, шамамен 5,75 шай қасықтан асырмауға кеңес береді. Бірақ бұл ақыл-кеңеске құлақ асатындардың қатары аз.   Мысалы, азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының есептеуінше, жылына бір адам шамамен алғанда 22,3 келі қант тұтынады. Дегенмен жан басына шаққанда Израиль мен АҚШ тәтті жеуден көш бастап тұр. Бұл елдің азаматтары тұтынатын қант мөлшері әлгіндей көрсеткіштен бірнеше есе асып түседі. Ал ашық деректердегі мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан халқы жылына шамамен 564,9 мың тонна қант тұтынады екен. Оның 219,1 мың тоннасы құрамында қанты бар өнімдер, яғни тәтті сусын мен кондитер өнімдері болса, 345,82 мың тоннасы – күнделікті қолданылатын таза қант. Мәселен, дастарқанға қойылған қант, тосап қайнатуға, үйде, қолдан пісіретін тәттілерге жұмсайтын қант мөлшері, тағы да басқа. Бұл жаңа ғана мысалға келтірген елдерге қарағанда, әрине төмен көрсеткіш, дегенмен аз емес. Яғни, сұраныс жоғары. Зерттеушілер әлі күнге дейін қантты шамадан тыс тұтынудың салдары ауыр екенін айтады. Қанттың тәуелділік тудыратыны да әлдеқашан зерттеліп қойған. Осының бәрі белгілі бола тұра, қант тұтыну мөлшері көбеймесе азаймай тұр.

Биыл қаңтарда еліміздегі шоколад пен құрамында қант бар кондитерлік өнімдер өндірісі 8,1 мың тоннаға жетті. 2022 жылғы қаңтармен салыстырғанда көрсеткіш бірден 74,2 пайызға өскен. Алдыңғы жылдары салыстырмалы тұрғыдан алып қарағанда тек теріс динамика байқалған болатын. Мәселен, өндіріс 2022 жылы 2021 жылғы қаңтарға қарағанда 15,8 пайызға, 2021 жылы 2020 жылғы қаңтарға қарағанда 26,4 пайызға азайған еді. Әсіресе, қатты құлдырау 2021 жылы болып, өндіріс күрт қысқарған. Мұның себебін сол кезде сала мамандары еліміздегі қант тапшылығымен байланыстыра түсіндірген болатын. Ресей қант жеткізуді шектегеннен кейін жағдай қиындады. Халықты тәтті өнімдермен қамту үшін отандық кондитерлерге жылына 60 мың тоннадай қант қажет екен. Оның ба-сым бөлігі Ресейден импортталады, қалғаны отандық қант өндірушілерден алынады. Елімізде өндірілген қантты көбінесе шағын кондитерлер қолданады. Ал ірі тәтті өндірушілер ресейлік компанияларымен келісімшартқа отырып, қантты тонналап алады. Ал ішкі нарықты қантпен қамтуға отандық қант зауыттарының әлеуеті жеткіліксіз болып отыр. Қазір елімізде «Меркі», «Көксу», «Ақсу» қант зауыттары жұмыс істеп тұр, бірақ өндіріс қуаты аз. Шикізат та жет-кіліксіз, яғни қант қызылшасы алқаптары кеміген.

Өткен жылдың қортындысы бойынша сектордағы өнім көлемі 96,9 мың тоннаға жетті. Бұл  2021 жылмен салыстырғанда 8,4 пайызға артық көрсеткіш. Дегенмен бір жыл ішінде өндіріс көлемімен қатар шоколад бағасы да 24,5 пайызға қымбаттаған. Яғни, қант жеткізу мәселесі ше-шіліп, тапшылық болмаса да, өндіріске қажет шикізаттың шеттен келетіні әлі мәселе болып қала бермек.

Қазақстан кондитерлер қауымдастығының мәліметінше, жыл сайын Ресей, Кавказ, Қытай, Германия және Орталық Азия елдерінің нарықтарына 40 мың тоннаға жуық қазақстандық тәттілер жеткізіледі. Бір қызығы, Қазақстан экспортқа шығаратын өнімдердің басым бөлігін, шамамен 58 пайызын Ресей сатып алады екен. Өнімдер ішінде кәмпит карамель (34,7 пайыз), ирис, карамель және нуга (28,8 пайыз), сондай-ақ пастила, мармелад, шайнайтын кәмпит және cағыз (20,1 пайыз) көптеп өндіріледі. Ал өңірлер бойынша жіктейтін болсақ, 2022 жылғы 12 айда шоколад пен қанттан жасалған кондитерлік өнімдер өндірісінің жалпы көлемінің 95 пайызға жуығы үш өңірде өндірілген. Алматыда – 44,8 мың тонна, Қостанайда – 32,2 мың тонна және Алматы облысында – 14,9 мың тонна. Одан кейінгі өндіріске едәуір үлес қосқан Шымкент қаласы болған. Мұнда 2,4 мың тонна өнім өндіріліпті.

Тамаққа тәбетті қалай ашамыз?
Тәттіқұмарлықтың балаларда жиі кездесетінін жоғарыда айта кеттік. Осы ретте балаға тәттіні үйрететін өзіміз секілді. «Айтқанды тыңдасаң тәтті беремін», «тамағыңды тауысып ішіп қойсаң, кәмпит беремін» деп балаға айту тыңдатудың құралына айналғандай. Баланы жылы сөзбен ымыраға келу әдісін тіпті қолданбаймыз. «Тәтті беремін» деген әлдеқайда жеңіл көрінеді.

Осылай айту арқылы ата-ана өздері балаға «негізгі тамақ дәмсіз, оны тәттіге жету үшін ғана жеу керек» дегендей қағида қалыптастырады. Келесіде «соңында тәтті бермейтін болса, бұл тағамды да жеудің қажеті жоқ» деген түсінік туады. Яғни, негізгі, пайдалы ас туралы негативті ой орнығады. Сол себепті де тәттінің маңызын арттырмай, балаға негізгі тамақты не үшін жеу керектігін, оның қандай пайдасы барын дұрыстап түсіндірген жөн болмақ.

Адамдар кей кездері тәтті нәрсе жеуге ерекше құмар болып тұрады. Диетологтардың айтуынша, кейде тәттіге құмарлық ағзаға судың жетіспеушілігінен туындайды. Сондықтан, қант қосылған шәй немесе тәтті тоқаштың орнына бір кесе суды ішкен жөн болады.
Сондай-ақ, тәттілерді құрамында ақуызы мол тағамдармен алмастыру қажет. Тәттіден бас тартудың тағы бір әдісі – жүгіру. Мысалы, торт немесе қант қосылған сусын туралы ой сізді мазаласа, қысқа уақытқа жүгіріп келу керек. Басында қиын болуы мүмкін, алайда уақыт өте келе, адамның дәм рецепторлары өзгеріп, тәттіге құмарлық басылады.

Адамдардың тəттіге шамадан тыс тəуелділігі жұқпалы емес аурулардың өршуіне əкелуде. Мысалы соңғы жылдары қант диабетімен ауыратындардың саны шамамен 3 пайызға өсті. Онкологиямен ауыратындар саны 3 пайызға, жүрек-қан тамыр жүйесі ауруларының саны 16 пайызға өсті. Сондықтан бала кезден бастап тəттілерге дұрыс көзқарас қалыптастыру керек. Өйткені, тыйым салынған нəрсені ерекше қалап тұрамыз. Қант қалыпты мөлшерде дененің үздіксіз жұмыс істеуі, мидың дұрыс дамуы үшін қажет екенін түсіну керек. Тек қалыпты мөлшерді әдетке айналдыру маңызды. Газдалған тəтті сусындар – семіздікке əкеледі, тіс эмалін үгітіп жібереді, құрамында фосфор қышқылы өте көп болғандықтан бүйрекке тас жиналады, инфарктің пайда болуын 20 пайызға арттырады, қан қысымын көтереді.

Түйін
Иə, тəтті суға тəуелділік жас талғамайды. Əсіресе, газды сусынға балалар құмар-ақ. Бұл сусындардың жиі мөлшерден тыс көп қолдану соңы қант диабетіне алып келеді. Газды сусын шөлді қандырмайды, керісінше құмарлықты тудырады. Бұл қант мөлшерінің көбейіп кетуіне əкеледі. Соңы жазылмас дертке соғуы мүмкін. Тәттіге құмартамын деп тіршілікте сан соғып сансыз ауруды жамап алмаңыз.

Ақнұр САҒЫНТАЙ
07 қазан 2023 ж. 338 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 260

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 359

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930