» » МАЙДАНГЕР ТАҒДЫРЫ

МАЙДАНГЕР ТАҒДЫРЫ

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында аудандық музейде ерекше кездесу өтті. Соғыс ардагері Мырзахмет Досқалбаевтың інісі Бостан Жалғасбаевпен өткен бұл кеш тарихтың тереңіне бойлаған, жүректерге әсер еткен сырлы сәттердің бірі болды.
қатысқан шарада Ржев түбіндегі шайқас туралы, музей қорында сақталған ардагердің әскери каскасы жайлы құнды мәліметтер айтылды. Іс-шара диалогпен басталып, оқушылар белсенділік танытып, Бостан ағайға сұрақтарын жаудырды.
Сол сәтте бір оқушының тосыннан қойған сұрағы бәрімізді терең ойға салды.
Ол «сұрапыл соғыстан хабар келгенде бір үйден үш ағайынды соғысқа аттанған. Соның бірі – әкем Қожахмет Жалғасбаев болса, қасындағы екі інісі Молдахмет Досқалбаев пен Мырзахмет Досқалбаев дедіңіз. Кеш барысында хабар-ошарсыз кеткен Мырзахмет Досқалбаев ағаңыз туралы ізденіп, көп еңбектенгеніңізді білдік. Өз әкеңіз де соғыс ардагері ғой, ол кісі туралы ештеңе айтпадыңыз? Батыр әкеңіз туралы қандай естеліктер бар? Батыр ұрпағы болғаныңызға мақтанасыз ба? Сіз үшін Жеңіс күнінің маңызы қандай?» деп сауал тастады.
Бостан ағай ауыр күрсініп, әңгімесін былайша жалғады:
– Мен бейбіт күні өзге балалар секілді әкем батыр деп мақтана алмадым. Ол кісі де жыл сайынғы 9 мамыр – Жеңіс күнінде кеудесіне сыңғырлатып медаль тағып, парадқа шықпады. Біздің үйде Ұлы Отан соғысы туралы көп әңгіме айтылмайтын. Әкем соғыстағы ерлігіне қарамастан, елге оралған соң сатқын деген жалған айып тағылып, қоғамнан шеттетілді. Жұмысқа орналасу қиын болды, ал Жеңіс күндері марапаттан тыс қалды. Бұл жағдайлар балалық шағымда әкемнің ерлігі туралы мақтанышпен айтуыма кедергі болды. Ұлы Отан соғысы халқымыздың басынан өткерген ең ауыр, ең азапты жылдары болды. Бұл соғыста сан мыңдаған жауынгер Отан үшін жанын пида етті, қан майданда жанқиярлықпен шайқасты. Соғыстың аяқталғанына сексен жыл уақыт өтсе де, Ұлы Отан соғысы салған жан жарасы жазылмақ емес. Соғыс талай шаңырақты ортасына түсіріп қана қоймай, көптеген адам жазықсыз жапа шекті. Әсіресе қапыда жау қолына түскендердің тағдыры өте ауыр болды. Олар неміс концлагерінде бір азап шексе, елге оралғаннан кейін де қорлық көріп, тіпті ұзақ мерзімге сотталып кеткендері де аз болған жоқ. Солардың бірі – менің әкем Қожахмет Жалғасбаев еді, – деп әрі қарай әңгімесін батыр әкенің өмір жолымен ұштастырды.
Ол 1909 жылы қазіргі «Майлыөзек» ауылында туған. Соғыс басталғанда әскер қатарына шақырылып, майдан даласына аттанды. Отан алдындағы борышын адал атқарған ол алғашқы күндерден-ақ жаумен бетпе-бет келіп, ерлікпен шайқасты. Алайда 1942 жылғы Днепр шайқасы кезінде жау қоршауына түсіп, тұтқынға алынған. Әкемнің айтуы бойынша неміс солдаттары жаралы тұтқындарды Германияға жаяу айдап апарған. «Денсаулығы жоқ тұтқындар ақсаңдап еріп келеміз. Құласаң сол жерде атып кетеді» дейтін. Германияға жеткен соң жаяу әскерлерді әр жерге бөлгенде, әкем Италияның Флоренциясына түсіпті. Тұтқында болған уақытта қара жұмысқа жегіп, теміржол жөндеу жұмыстарына салған екен. Тұтқындар таяуда итальян, француз коммунистерінің партизандары бар екенін естіп, итальян солдаттарынан 4 қазақ тұтқыны қашып, Флоренциядан 5 шақырым жердегі Мольто-Марулла тауына жетіп, итальян партизандарына қосылған.
«Бізді Флоренцияда орыстардан бөліп тастаған. Өңшең әзербайжан, грузин, өзбекпіз. Қасымда Қожахмет Жалғасбаев және Нұрберді (Гурьевтен), Ермек Қанибай (жерлес) деген қазақтар болды. Бәріміз ақылдаса келе таудағы партизандарға қашпақшы болдық. Мүмкіндік бар. 30 тұтқынды, бірі ақсақ, екіншісі соқыр немістің екі жаралысы күзетеді. Қасымызда оқ дәрі тиеген арба, арбада қару-жарақ, азық-түлік. Теміржол жағалап жүргеніміз. Төрт қазақ екі-екіден бөлініп, күзетшілерді белдік темірмен ұрып өлтірдік. Дорбамызды оқ-дәріге толтырып, Флоренциядан 5 шақырым жердегі Мольто-Марулла тауына бет алдық. Тау етегіндегі жалғыз үйден байланысшы табылды. Партизандар командирі Анджела деген итальян екен. Төртеумізді өз тобына қосып алды. Бұл дерек 2003 жылғы 9 қазанда шыққан «Сыр бойы» газетінің №199 (16298) нөмірінде «Тағдыр мен тауқымет» тақырыбында Абылай Ахметовтің өз аузынан жазып алған Қази Данабаевтың мақаласынан алынды. Онда тұтқында болған қазақтардың ішінде Қожахмет Жалғасбаев та болды деп, әкемнің де аты аталып, Италия аумағында партизандық қозғалысқа қатысқанын, неміс басқыншыларына қарсы күрескені туралы айтылған.
Әкемнің айтуы бойынша соғыста екінші майдан ашылып, партизандарға ағылшындар көмек берген. Одақтастар Италиядағы фашистік армияны ығыстырып жатқан тұста, ағылшын әскерінен арнайы тапсырма берілді. Флоренцияны азат ету жолында жау әскерінің қозғалысын тоқтату, жолдарын миналау, қарсы шабуыл ұйымдастыру. Осы тапсырмалар кезінде әкем және оның қатарластары партизандық соғыстың бел ортасында жүріп, немістердің шегіну жолдарын кесуге үлкен үлес қосты. Алайда, соғыс аяқталуға таяған сәтте, ағылшын әскері құрамында болған партизандар Америка Құрама Штаттарына жөнелтіледі. Америкада жүргенде де тұтқын есебінде болып, икеміне қарай, қол жұмысын жасатқан. Әкем жылқы бақтым дейтін.
1945 жылы Жеңіс күнінің қуанышты хабарын әкем алыстағы Америка жерінде естиді. Жеңіс тойы жүрекке қуаныш сыйлағанымен, туған жерге оралу мәселесі күрделі еді. Кеңес үкіметінің елшілігі мен әскери өкілдері шет елдердегі тұтқында болған сарбаздарды жинап, біртіндеп елге қайтара бастайды.
Әкем де көп қиындықтан кейін елге оралғандардың қатарында болды. Америкадан кейін бірнеше кеме арқылы ұзақ сапар шегіп, Украинаның Одесса портына жеткен.
Бірақ бұл жеңіл болған жоқ. Бұрынғы тұтқындар тиелген эшелон жарты Еуропаны артқа тастап, бірден ит арқасы қиянға – Сібірге жол тартты. Әскери трибуналдың үкімін де жол үстінде жария еткен. Біреуге – 25 жыл, біреуге – 20 жыл… Әкем 6 жылға бас бостандығынан айырылып, Коми АСР-нің Воркута қаласындағы жерасты шахталарында ауыр еңбекке жегілді.
Воркута сол кезеңде ГУЛАГ жүйесінің ең ірі лагерьлерінің бірі – Воркутлагтың орталығы болды. Мұнда мыңдаған тұтқын, соның ішінде саяси айып тағылғандар ауыр климаттық жағдайда көмір өндірісінде жұмыс істеді. Бұл – сол уақыттағы ең ауыр еңбек түрінің бірі. Мұздай шахталарда, үнемі қауіп-қатерге толы жағдайда жұмыс істеу, тағдырдың ең ауыр соққысы еді.
Әкем де осындай қиын жағдайда еңбек етіп, өмірінің бір бөлігін сол шахталарда өткізді.
Соғыстан кейінгі ауыр жағдайды ескере отырып, тұтқынға түскен, сотталған азаматтардың жазасын жеңілдету мақсатында амнистия жарияланды. Бұл шешім көптеген жауынгерге үміт сәулесін сыйлады. Сол амнистия аясында әкем де толық ақталып, туған елге оралуға мүмкіндік алды. Ендігі арман – ертерек елге жету. Мойнында – туған жердің бір шөкім топырағы. Қияметтің қыл көпірінде талай рет ажалмен бетбе-бет келген тұста жүрекке – рух, бойға – күшжігер берген осы туған жердің бір шөкім топырағы шығар! Әуелі итарба, сосын отарба, кейін атарбаға ауысып мініп, әйтеуір елге де жетті-ау.
Елге аман-есен оралған әкем жүрегі туған жермен қауышқанда тыныштық табардай көрінген. Алайда өмірінің жаңа парағы да оңай болмады. Соғыста ерлік көрсетіп, партизандық күреске қатысса да, тұтқында болғаны үшін ел арасында оған «сатқын» деген қара күйе жағылды. Бұл жалған атақ әкемнің артынан ұзақ уақыт еріп жүрді. Ауылдастарының көпшілігі сенімсіздікпен қарап, сырт айналды.
Ең сорақысы – жұмысқа да қабылдамады, «сенімсіз» деген сылтаумен талай есік жабық болды. Жауынгердің жанына батқан ең үлкен ауыртпалық – өз Отанының, өз халқының сенімсіздігі еді. Бірақ әкем бұл әділетсіздікке мойымады. Ол ел тыныштығы, ұрпақ болашағы үшін үнсіз күресті, отбасын құрды, еңбек етті, балаларын тәрбиеледі, – деп сөзін әрең аяқтады Бостан ағай.
Адам төзгісіз азап пен қорлыққа қарамастан Қожахмет Жалғасбаев рухын жоғалтпады, жауға ешқашан тізе бүккен жоқ. Тұтқын лагерінде ауыр еңбекке жегіліп, күн сайын өмір мен өлімнің арасында өмір сүрді. Бірақ жүрегіндегі Отанға деген сенім мен сағыныш оны тірі ұстады. Кешегі тұтқындарды кеңес әскерлерінің қабылдап алуы да ұзаққа созылды. Тергеу-тексеру амалдары әбден қалжыратты. «Жау қолына қашан, қалай және қандай жағдайда түстің?» деген сияқты сұрақтардың астына алды. Елім деп ынтыққан көңілдің ыстығы сонда да басылған жоқ.
Қуатова Кәмпен есімді аяулы жанмен отбасын құрып, берекелі әулеттің отағасы болды, балаларын дүниеге әкеліп, тәрбиеледі. Қарапайым ғана шаңырақтан шыққан сол ұрпақтың барлығы – бүгінде жоғары білімді, сан түрлі салада ел игілігіне қызмет етіп жүрген абыройлы азаматтар. Бұл – кешегі соғыс пен сыннан өткен Қожахмет атаның ерен еңбегі мен Кәмпен ананың мейірімінің жемісі. Соғыстан кейінгі ауыр жылдары Қожахмет Жалғасбаев тіршіліктің тауқыметіне мойымай, еңбекке араласты. Алғашқы еңбек жолын Жосалыдағы жол бойы депосында қара жұмысшы, балға ұрушы болып бастады. Бірақ көп ұзамай Сталиннің арнайы жарлығымен тұтқында болған азаматтарға теміржол саласында жұмыс істеуге тыйым салынды. Осыдан кейін Жосалыдан Қарсақбайға дейінгі бағыттағы құрылыс жұмыстарына жіберіліп, жол бойындағы ауыр еңбекке араласты. Кейін «Ақтас» кен орнында руда қазып, ауыр өндірісте тер төкті. Қандай жұмыс болса да жүрексінбей атқарып, әр ісіне адал қараған оның еңбегі еленбей қалмады. Ел ішінде беделге ие болған жан кейін қайтадан теміржол саласына оралып, сол жерден зейнетке шықты.
Екі інісі Молдахмет пен Мырзахметті тірі деп сеніп, өмірінің соңына дейін бір күні оралады деген үмітпен күн кешті. Балаларына: «Тірі болса табылар, өлсе де жерленген жері белгілі болсын» деп аманат артты. Оның аманаты мен жүрекке жазылған арманын ұлы Бостан Жалғасбаев иығына жүктеп, перзенттік борышын адал атқарды. Тәуелсіздік алған соң, Бостан ағай тынымсыз ізденіп, архивтерден дерек жинап, ақтаңдаққа айналған шындықты жарыққа шығарды. Әке аманатын орындауға кірісіп, ұзақ жылғы зерттеулердің нәтижесінде Мырзахмет Досқалбаевтың Ресей жеріндегі Тверь облысы Оленин ауданы Куркино селосында қаза тапқанын анықтады. Араға жылдар салып, Мәскеуге аттанды. Сарбаздар жерленген «Куркино Ленкова» деген қорымда жатқан ағасына туған жердің топырағын апарып, Құран бағыштады. Сондай-ақ әкесінің тағдырын зерттеп, әділдікке қол жеткізу жолында архивтерді ақтарып, құжаттарды жинақтап, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай жарық көрген «Ұлы ерлікке ұрпақтар тағзымы» атты кітапқа әкесі Қожахмет Жалғасбаевтың есімін енгізуге себепкер болып, оның ерлік жолын ресми түрде ұрпақ жадында қалдырды. Бұл жаңалық ұзақ жылдар бойы белгісіз болып келген тағдырдың бір парағын ашып, отбасына тыныштық пен әділдік әкелді. Бостан Жалғасбаевтың бұл еңбегі – өткеннің ақтаңдақ беттерін ашып, әділеттілікті қалпына келтіруге бағытталған маңызды қадам. Оның ізденісі мен табандылығы – тарихты құрметтеу мен ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің жарқын көрінісі.
Тағдыр тауқыметіне мойымаған, адал еңбегімен ұрпаққа үлгі болған арда азамат Қожахмет Жалғасбаевтың өмір жолы – еліне, жеріне, ұрпағына деген шексіз сүйіспеншіліктің, қайсарлық пен төзімділіктің көрінісі. Осындай асыл тұлғалардың ғибратты ғұмыры ұмытылмай, ел жадында сақтала бермек.
Оның өмір жолы тек соғыс майданындағы ерлік емес, бейбіт замандағы сабыр мен шыдамның, адамдық арнамысты аяққа таптатпай өткен азаматтықтың үлгісі болды.
Баршагүл САХИЕВА,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің экскурсоводы
04 маусым 2025 ж. 111 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№41 (10409)

03 маусым 2025 ж.

№40 (10408)

31 мамыр 2025 ж.

№39 (10407)

27 мамыр 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 881
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30