ЕРЛІГІ – ЕЛГЕ МҰРА
Биыл адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыс – Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 80 жыл толып отыр. Сол себепті бұл – бүкіл бір ұрпақтың жанқиярлық ерлігі мен отансүйгіштік қасиетіне бас иетін, тәуелсіздіктің құнын ұғындыратын тарихи оқиға. Сұм соғыс жау оғымен арпалысып, бейбіт өмір мен мамыражай тірлік үшін жан беріп, жан алысқан аға ұрпақтың бұл ерліктерін ұмыту мүмкін емес.
Ұлы Отан соғысы халқымызға төнген ең ауыр күндер болды. 4 жыл, 1418 күн мен түн бойы өз жері мен Отаны үшін, келешек ұрпақ үшін қанқұйлы соғыс жүріп жатты. Бір күшке жиналған орыс пен тәжік, грузин мен беларусь, қазақ пен украин қарсы алдындағы жауға алмас қамал болып жұмылды. Сол кездегі Кеңес Одағының басқа халқымен бірге жауды талқандап, жеңіске жету ісіне қазақ халқы да өзінің лайықты үлесін қосты. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін барды. Олар Сталинград түбіндегі жертөлелерде, Днепр өткелінде, Москва мен Ленинград үшін болған ұрыстарда ерен ерліктер көрсетті. Ұлы Отан соғысы жылдарында біздің қандастарымыз қатыспаған бірде-бір үлкен шайқас болмады.
«Батыр ел үшін туады – ел үшін өледі» дегендей. Ұлы Отан соғысына қатысып, елге оралған жерлесіміз Ерназар Сексенбаев атамыздың ерлігін айтпау мүмкін емес. Майдангер атамыз «Қызыл Жұлдыз» ордені және «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай №109 орта мектептің кітапханасында кітапхана меңгерушісі Гүлназ Ешниязова мен алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Алмат Садықовтың ұйымдастыруымен кездесу сағаты өткізілді.
Оған майдангер Ерназар атамыздың қызы Гүлжахан Ерназарова, келіні Валя Сүйеубаева, қарындасы Алмагүл Жансейітова келіп, ардагер туралы ерекше естеліктерімен бөлісті. Кездесу еліміздің Әнұранымен басталып, соғыс ардагерлерін 1 минут үнсіздікпен еске алумен жалғасты.
Іс-шара барысында мектеп директоры Бақытбек Алмағанбетов Жеңіс күнімен құттықтап, аталар ерлігін мәңгі есте сақтау керектігіне тоқталып өтті. Одан соң мектептің 9-10 сынып оқушылары ардагер жайлы жазылған естеліктер мен 100 жылдық мерейтойға арналған өлеңдерді ерекше тебіреніспен оқыды. Оқушылар «Ерназар ата» әні арқылы майдангердің өмір жолын еске түсірді. Мектеп ұстаздары Толғанай Далдабаева мен Айзада Алашбаева да майдан даласында ерлік көрсеткен жауынгердің ерлігі туралы мәлімет берді. Жиын соңында қатысушылар «Ерназар ата» атындағы саябақта орналасқан «Ер есімі – ел есінде» атты ескерткішке барды. Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Алмат Садықов 9-10 сынып оқушыларын «Көк тудың желбірегені» әнімен сап түзетіп, туды жоғары көтеріп гүл шоқтарын қоюға алып шыққаны көпшілікті тебірентті. Мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қыдырбек Сәденов оқушыларға соғыстан оралмаған майдангерлердің рухына бас иіп, олардың жауынгерлігін және ерліктерін айтып өтті. Ерлер есіміне тағзым ету, еске алу әр адамның парызы екенін тілге тиек етті. Ескерткіш басында Құран бағышталып, 1 минут үнсіздікпен ел ерлеріне құрмет көрсетілді.
– Жеңістің 80 жылдығына орай Отан үшін от кешкен, өнегелі өмірі мен ісі көпке үлгі болған Ерназар Сексенбаев атамыз туралы естеліктерді жас оқырмандарымыз айта отырып, бейбіт күн сыйлаған барша соғыс ардагерлерінің де ерлігіне тағзым еттік. Ұлы Жеңістің маңызын өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа асыл мұра, қымбат қазынадай қалдыру – біздің бүгінгі міндет. Ұлы Жеңістің туы желбірей берсін! – дейді тәлімді ісшараны ұйымдастырушы кітапхана меңгерушісі Гүлназ Ешниязова.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА