» » БІР ЖӘДІГЕР СЫРЫ

БІР ЖӘДІГЕР СЫРЫ

Мұражай – өткеннің естелігін бүгінге жеткізетін киелі орын. Онда құнды жәдігерлер өзіндік тарихымен кім-кімді болмасын қызықтырмай қоймайды. Өткеннің тарихын білу – әр ұрпаққа аманат етілген парыз. Ізденгенге ілімі мол, сұрағанға сырын шерткен дүние. Осындай тарихи жәдігерлермен танысу үшін ауданымыздағы өлкетану мұражайына ат басын бұрған едік. Музейдің іргетасы кеше  ғана қаланса да іші құнды заттарға бай. Баба тарихын айшықтайтын мұралар жинақталған. Аралау барысында көрмелердің ішінде көзге бөлек көрініп, тарихы ерекше қызықтырған жәдігердің бірі – Мырзахмет Досқалбаевтың соғыста басына киген оқ тескен шлемі болды. Толығырақ ақпарат сұрағанымызда мұражай қызметшісі, осы касканы тапсырған аудан тұрғыны Бостан ағамыздан сұрағанды жөн көріп, жол сілтеді. Арнайы хабарласып үйіне барғанымызда жылы қабақ танытып қарсы алды.  Келген мақсатымызды айтып, әлгі оққа тесілген касканың иесі жауынгер М.Досқалбаевтың ерлігі жөнінде ақпарат сұрағанымызда көкеміз бір күрсінді. Әуелгі әңгімесін  ренішінен бастап, «жинақтаған құнды дүниелерді тиісті орындарға апарғанымда елеп, ескермеді» деп өкпесін айтты. Артынан біз секілді жандардың іздеп келгеніне қуанып, әңгімесін былай бастады.
– Сұрапыл соғыстан хабар келгенде бір үйден үш ағайынды азамат соғысқа аттанған. Соның бірі – әкем Қожахмет Жалғасбаев болса, қасындағы екі інісі Молдахмет Досқалбаев пен Мырзахмет Досқалбаев, – деді Бәкең. Бірінші болып соғысқа аттанған 1915 жылы туған Молдахмет, қысқа мерзімді офицерлік курсқа алынып Финляндияға соғысқа кетіп, сол жақтан жеңіспен оралады. Одан кейін Қырым түбегінде жатқанда соғыс басталып, сол жақта ошарсыз жоғалып кеткеннен кейін қайтыс болды деген қара қағаз келіпті. Сонан соң 1942 жылы екінші інісі Мырзахмет те соғысқа кетіп, сол жылы майдан даласында қаза тапты деген хабар келген.
– Тек әкем Қожахмет 1942 жылы соғысқа кетіп, ол жақта көп бейнет көріп оралды. Әкемнің айтуы бойынша Днепрдің бойында немістердің келе жатқан бағытында тұтқынға түсіп, одан қашып шығып Итальиян партизандарына қосылған. Кейін оларды АҚШ әскерлері азат етіп, 1945-тен 1946-ға қараған жылы елге оралыпты. Тағдырдың тәлкегіне түсіп, туған жерге келгенде оларға «отанға сатқындық жасаған» деген жала жауып Воркутада түрмеге қамаған. Екі жылдан кейін ақталып, елге оралды, – деді ағамыз әңгімесінде. Елге оралған  Қожахмет, ауылда қызмет жасап, зейнетке шығады. Уақыт өте науқастанып, 1978 жылы дүниеден озады.
Тірі кезінде жоғалып кеткен екі інісін тірі санап, оларды күткен Қожахмет Жалғасбаев, балаларына іздестіруді тапсырып кетеді. Уақыт өте ағаларына іздеу салған Бостан ағамыз Қызылорда облысындағы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне арыз жазады.
Кейін аталмыш мекемеден хат келеді. Хат тікелей Ресейден келген. Онда «1922 жылы туылған Мырзахмет Досқалбаев Ресейдің Тверь облысы, Оленин ауданы, Куркино деревнясында 101 дивизияның құрамында болып, 1942 жылы 2 желтоқсанда қайтыс болған», – деп жазылыпты.
Араға жыл салып хатты жіберген мекен-жайға, яғни Мәскеуге аттанады. Ресейден алты жүз шақырым орналасқан Тверь облысына жетіп, сол жақтан әрі қарай Оленин ауданындағы «Орёл» орталығына барады.  Куркино деревнясының әкімі күтіп алып, сарбаздар жерленген «Куркино Ленкова» деген қорымға апарады. Қорымда екі жүздің үстінде белгісіз солдат жерленсе, соның ішінде төрт жауынгердің ғана аты-жөні табылып, көк тас қойылыпты.  Сол төрт солдаттың бірі – Мырзахмет Досқалбаев екен. Арнайы туған жердің топырағы қойылып, Құран бағыштайды.
18 жасар Мырзахмет Досқалбаев 100-ші және 101-ші атқыштар бригадасының құрамына зеңбірек оқтаушы болады. Ол Жуков жоспарлаған «Марс» операциясы бойынша Ржев түбінде немістерге қарсы шайқасады. Сол сәтте зеңбірекке оқ тасып жүрген Мырзахмет немістің снайпері қолынан оққа ұшады. Атылған оқ, міне, сол касканы тесіп өткен екен.
Мәскеуден әкелінген бұл жәдігер қазір ауданымыздағы өлкетану мұражайының төрінде сақтаулы тұр. Келген қонақтар тамсана қарайды.  Бірақ, алыстан менмұңдалаған шлемнің ішкі сырынан бейхабар.

Ерсін Сәдуұлы

21 қаңтар 2019 ж. 2 285 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 998

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031