ЖОЛ ҚАУІПСІЗДІГІН САҚТАЙЫҚ!

Қайғылы жағдайлардың орын алуына әртүрлі табиғи және адами фактор ықпал етеді. Көп жағдайда адамдардың жол қауіпсіздігіне салғырт қарауы жағымсыз салдарға әкеп соғуда. Олар – жүргізушінің жылдамдықты шамадан тыс асыруы, озу тәртібін бұзуы, жол белгілері талаптарын ескермеуі, қарсы бағытқа шығуы, жолаушылардың жолға шығып кетуі сияқты немқұрайлылық нәтижесінде орын алатын жағдайлар. Бұдан бөлек қараусыз жүрген мал да жолдағы қайғылы жағдайға себеп болуда, яғни жайылымға қараусыз айдап жіберген мал жол жиегінде жайылып, өз бетінше жүргендіктен кенеттен жолға шығып, көп жағдайда жүргізушілердің дер кезінде қауіпсіздік шараларын қолдануына мүмкіндік бермеуде. Бұл санаттағы оқиғалардың орын алуына тағы бір маңызды нәрсе, ол – ауа райының қолайсыздығы.
Қыс мезгілдерінде қарлы боран, қалың тұман және мұздақты жағдайлар себеп болса, жазғы кезеңдерде шаңды борандар, қатты ыстықтан автокөліктің өзінен-өзі жануы, дөңгелектердің ыстық жолға шыдамай жарылуы, тағы басқа себептер болып жатады. Мұндай жағдайды ұзақ жолға шығар алдында міндетті түрде ескеріп, автокөліктің техникалық жағдайын, толық дайындығын мұқият тексеріп алу қажет. Бұл дегеніміз, автокөліктің қозғалтқышы, жүру бөлшектері мен тежегішінің жұмыс жағдайында болуы, тұманға қарсы және басқа да ескерту шамдарының толық жасауы, дөңгелектердің мезгілге сәйкес ауыстырылуы, тағы басқа. Ал «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің ауданымыздан өтетін тұсының екі жолақтығы да ескеретін мәселе. Міне, осы мәселелердің барлығы да жол жүру кезінде естен шығаруға болмайтын маңызды факторлар болып табылады.
Жолдағы апаттар мүліктік шығыннан бөлек адам өміріне қауіп төндіріп, мүгедектікке немесе қазаға ұшырататын қайғылы жағдайға душар етеді. Бұл өз кезегінде бір адамның ғана емес, түгел жанұяның өмір салтына кері әсер ететіні анық. Сондықтан, аудандық прокуратурамен жол қозғалысы және тұрмыстық қатынастармен байланысты құқықбұзушылықтардың, сондай-ақ апатты жағдайлардың алдын алу мақсатында жұмысшы топ құрылды. Бұзушылықтарды жою және кемшіліктерді уақытылы қалпына келтіру мақсатында азаматтармен тығыз қатынас орнату арқылы жолдардың апатты аймақтары туралы мәліметтер жинақтау, талапқа сәйкес келмейтін жол белгілері орнатылған немесе мүлдем жол белгілері жоқ тұстарды анықтау мақсатында жедел ақпарат алмасу желісі іске қосылды.
Құрметті аудан тұрғындары! Аудан аумағындағы кез келген санаттағы жолдар бойынша өздеріңізге белгілі болған апатты аймақтар, талапқа сәйкес келмейтін жол белгілері орнатылған немесе мүлдем жол белгілері жоқ тұстар белгілі болған жағдайда 8(72437)2-20-54, 2-11-89, 2-11-81, 8701-112-83-11 телефон номерлеріне хабарласуыңызды сұраймыз. Сіз берген әрбір ақпарат біз үшін маңызды.
Қармақшы аудандық прокуратурасы