» » ӨРТ САЛҒЫРТТЫҚТЫ КӨТЕРМЕЙДІ

ӨРТ САЛҒЫРТТЫҚТЫ КӨТЕРМЕЙДІ

Жылдың қай мезгілі болса да төтеншеліктер үшін әрдайым қауырт кезең. Көп ұзамай суға шомылу маусымы басталса, жаздың аптап ыстығында өрт болуы да ғажап емес. Сондықтан осы саланың мамандары күні-түні су айдындарын күзетіп, өрт қауіпсіздігінің алдын алуда үгіт-насихатты күшейтеді.
Жақында аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Өмірбек Сақтабаев жылу беру маусымындағы өрт қауіпсіздігі шаралары және атқарылған жұмыстар бойынша БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді. Онда өрт оқиғасына байланысты аудандағы ахуалға тоқталды.
– Жылу беру маусымында аудан аймағында 13 өрт оқиғасы тіркелді. Өрт салдарынан адамдар қаза болған жоқ, табиғи газдан улану және көмірқышқыл газынан улану жағдайлары тіркелген жоқ. Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша өрттердің себебі электр құрылғыларын орнату және пайдалану ережелерін бұзу, пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу, балалардың отпен ойнауы және өзге де себептерден туындап отыр, – дейді бөлім бастығы.
Қазіргі күннің ысуы да өрттің шығуына сеп болуда. Мәселен, далаға тасталған шынылардан қураған шөптер отқа оранады. Сондай-ақ тұрғындардың қоқысты өртеп, оны қараусыз қалдырғаннан үйжай мен қоралар өртеніп, үлкен шығын келтіруде.
– Тұрғындар қоқысты өртер кезде көп жағдайда өрт қауіпсіздігін ескере бермейді. Ондайда салғырттыққа жол береді, яғни қараусыз қалдырады. Қоқысты ауа райы тынық кезде өртеу керек. Сосын оның жанып болғанына әбден көз жеткізіп, су себу қажет. Кішкентай шоқтың өзі жел тұрса үлкен өрттің пайда болуына әкеп соғады. Жалпы тілсіз жаудың қай тұстан тұтанарын болжау мүмкін емес. Алайда сақтықты әр адам өзінен бастағаны жөн. Салғырттықтың соңы қайғылы жағдайға әкелмесін десек, барынша сақтық шараларын ұстанған жөн, – дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы.
Бөлім қызметкерлері жылу беру маусымы басталғаннан бастап тұрғын үй секторларында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін арттыру мақсатында түрлі бағыттағы профилактикалық іс-шаралар атқарған. Жылу беру маусымы басталғалы барлығы 8 355 тұрғын үй секторының ауласы араланып, 33 312 адам қамтылған. Тұрғындармен 41 рет кездесу ұйымдастырылып, тұрғын үйлерде 31 өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылу жағдайлары анықталған.
Сонымен қатар бөлім бастығы суға шомылу уақытында рұқсат етілмеген жерлерге суға түспеу қажеттігін, ата-аналар балаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету керектігін ескертті. Өртке қауіпті кезеңде салғырттық таныту ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Сондықтан тосын апаттардан сақтану үшін сақтық таныту әрбірімізге артылған міндет екенін естен шығармаған абзал.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
14 мамыр 2025 ж. 182 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№38 (10406)

24 мамыр 2025 ж.

№37 (10405)

20 мамыр 2025 ж.

№36 (10404)

17 мамыр 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 798
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031