» » Жауынгердің соңғы хаты

Жауынгердің соңғы хаты

«Өткеніңді сараламай, алда жетістікке жетпейсің» дейді халық даналығы. Шынында халқымыз небір нәубеттерді басынан кешіріп, тарихи жолында талай сындарда шыңдалған. Сондай ауыр сынның бірі – биыл аяқталғанына 80 жыл болғалы тұрған 1939-1945 жылдар аралығындағы Екінші дүниежүзілік, оның ішінде 1941- 1945 жылдардағы КСРО мен фашистік Германия арасындағы соғыс. Қазақ елінде осы соғыс оты шарпымаған бірдебір отбасы жоқ. Соның бірі – біздің әулет.
Атам Іскендір мен әжем Күмісай 13 перзентті болған екен. Алайда ол кездерде балалардың жастай шетінеуі көп болғандықтан, сол перзенттердің төртеуі жер басып қалған, ең үлкені менің әкем Шамғұн, кейінгілері Бөкен, Алтынбек, Көшербай ағаларым. Әңгіме әкемнің тетелес інісі Бөкен ағамыз жайында.
Үлкендердің айтуынша, Бөкен ағам (азан шақырылып қойылған есімі Әбдібек екен, киік мұрын болған соң, жеңгелері Бөкен деп атап кетіпті) 1924 жылы Сырдария өзені бойында Қорқыт стансасының оңтүстік жағында 15 километрдей қашықтықтағы атақонысымыз Байзақ тоғайында дүниеге келіпті. 1941 жылы 18 жасқа толмастан әскер қатарына алынып, Өзбекстанның Наманган қаласында әскери дайындықтан өтіп, сержант шенін алған. 1942 жылдың ақпан айында майдан алаңына түседі. Майдандастарының әңгімелеріне сүйенсем, пулеметшілер бөлімшесінде қызмет атқарған. Бөкен ағам денелі, ірі сүйекті жігіт болған көрінеді. Станокты пулеметтің астыңғы табанын (лафет салмағы 42 келі) бір қолымен көтеріп иығына салып жүре береді екен. 1943 жылы Қызыл Әскердің Харьков қаласының маңындағы неміс әскеріне қарсы шабуылы шайқасына қатысқан. Хатта былай делінген.
«Амандық қат! Әке-шеше, аға-жеңге, ініқарындас, туған-туысқандар дендеріңіз сау, тиісті қызметтеріңді атқарып жүрген боларсыздар» деп басталатын 1942 жылдың 26-қарашасында майдан даласынан жазған ең соңғы хаты 1943 жылдың тамыз айында келіпті. Содан кейін хабар-­ошарсыз. Өкінішке орай, соңғы хаттағы дала поштасының (полевая почта) нөмірі көмескі басылып көрінбей қалған, сол себепті қандай әскери бөлімде қызмет атқарғанын анықтау мүмкін болмай тұр. Әулетімізде жалғыз ғана фотосуреті сақталған. Іскендір атам әскери комиссариат арқылы іздестірген екен. Тек «хабар-ошарсыз кетті» дегеннен басқа жауап ала алмапты, әжем де әр жылдың Жеңіс күні сайын баласынан хабар күтіп, армандаумен дүниеден озды. Мен де өз тарапымнан Ресейдің Подольск қаласындағы Орталық әскери мұрағатына бірнеше сауалдар жіберсем де, нақты бірде-бір жауап ала алмадым. Қазіргі кезде кезіндегі құпия мұрағат материалдары ашылып жатқан көрінеді, сондықтан да ағамыз жайлы бір дерек шығып қалар деген үмітпен ізденісімді жалғастырудамын.
Құдабай ШАМҒҰНҰЛЫ
07 мамыр 2025 ж. 341 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№33 (10401)

06 мамыр 2025 ж.

№32 (10400)

03 мамыр 2025 ж.

№31 (10399)

29 сәуір 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 713
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031