» » ҰЛЫ ЕРЛІККЕ МӘҢГІЛІК ТАҒЗЫМ

ҰЛЫ ЕРЛІККЕ МӘҢГІЛІК ТАҒЗЫМ

Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы елімізде ерекше атап өтілмек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сұхбатында «Біздің аталарымыз бен әкелеріміз барлық майданда жан қиярлықпен соғысты. Қазақстандықтар нацизмді талқандауға елеулі үлес қосты. Қазақстан әскерді қару-жарақпен, өнеркәсіп өнімдерімен және азық-түлікпен қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқарды. Сондықтан біз Жеңістің 80 жылдығын лайықты атап өтуіміз керек» деп пәрмен берді.
Бүгінде батырлардың батылдығына құрмет көрсету мақсатында еліміздің әр аймағында түрлі іс-шаралар бастау алған-ды. Соның бірі аудандағы «Руханият орталығындағы» кітапханада көрініс тапты. Онда «Ұлы ерлікке мәңгілік тағзым» атты кеш ұйымдастырылып, соғыс ардагерлерінің ұрпақтарымен кездесу өтті. Олар Бөкен Іскендіровтің ұрпағы Айдынбек Іскендіров, Ермағанбет Мерековтің бел баласы Асқар Мереков және майдангер Нариман Майқановтың қызы Гүлнар Майқанова кешке қатысып, батыр әкелерінің соғыстағы естеліктерімен бөлісті.
Жалпы Қызылорда облысынан жүз елу мыңға жуық азамат соғысқа аттанып, отыз мыңнан астамы елге оралмаған. Бірақ жиырма қызылордалық майдангерге қаһармандықтары үшін Кеңес Одағының батыры атағы берілген. Соның бірі – Тәйімбет Көмекбаев.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков өз әкесі жайында былай деп ой толғады.
– Өткенді ұмытпау әрқайсымыздың парызымыз. Тарихқа зер салсақ қазақ деген ұлттың басынан небір нәубет өткен. Ашаршылықтан бастап әрі қарай соғыстың да зардабын көрген. 1941 жылдың өзінде-ақ елдің жағдайы ауыр болды. Соғысқа аттанғандар қаруға жарымай, екі-үш адамға бір мылтықтан берілген. Осыдан-ақ қазақ елінің соғысқа еш дайын емес екені көрінеді. Әкем Ермағанбет ағасымен бірге соғысқа аттанған. Алайда ағасы Сталинград шайқасында жоғалып кеткен екен. Міне содан бері еш хабар жоқ. Әкем сонда «Аспан қайда, жер қайда екенін білмейміз. Аспаннан оқ жауып, ұшақтар бомба тастағанда жер төңкерілгендей болып, қанша адам топырақ астында қалды. Оларды іздеу мүмкін емес» деп айтып отыратын. «Ер есімі – ел есінде» дегендей, біз тек есімін еске алып, ерлік ісін жадымыздан шығармай келеміз, – деді майдангердің ұрпағы.
Ермағанбет Мереков соғыста зеңбіректің көздеушісі болған. Кеңес әскерлері қатарында Ленинград қаласын азат етіп, Балтық теңізі жағалауындағы Эстония, Латвия, Литва елдерінде жауға қарсы соғысқан. Ұлы Жеңісті Берлин қаласында қарсы алған.
Халық қаһарманы, қару мен қаламын қатар ұстаған ержүрек батыр Бауыржан Момышұлы: «Нағыз батырлар – соғыста шейіт болғандар» деп бекер айтпаса керек. Иә, қаншама батыр ұрыс даласында оққа ұшып, қаншамасы із-түссіз кетті. Солардың қатарында Бөкен Іскендіров те бар. Майдангер 17 жасында, яғни 1941 жылы соғысқа алынады. Ол Наманган қаласында алты ай әскери оқу жаттығудан өтіп, 1942 жылы Батыс майданға жіберілген. Қан майданда жауға тойтарыс беруде қару жарақтың ішінде пулеметтің орны бөлек болса керек. Салмағы ауыр, сүйретіп жүретін қаһарлы қару кім болса соған берілмеген. Жас жауынгер Бөкен пулеметшілер қатарында ұрыс майданына түседі. Онымен бірге шабуылға шыққан қармақшылық жауынгер Мінәж Пірманов көргенін былай деген. «Ағамның қолында сүйретіп жүретін пулеметі болды. Күн суық. Қар қалың. Немістермен кескілескен ұрыс жүріп жатты. Бөкенмен алдыңғы шепте келе жатқанбыз. Бір қарағанда қар үстінде тізесімен бүгіліп қалыпты. Кері шегінуге болмайды, бұйрық солай. Қайтарда орнынан таба алмадық» деп естелік қалдырған. Сөйтіп 1943 жылдың жаз айында үйіне қара қағаз келген. Бөкен ағамыздан жалғыз қалған естелік, соғыста жазған бір ғана хаты. Бүгінде ол ұрпақтарының қолында 72 жылдан бері сандық түбінде сары майдай сақталыпты.
Тағылымды кеште қонақ болған Гүлнар Майқанова да майдангер әкесі Нариман Майқанов жайында біраз естелікпен бөлісті.
– Соғыс деген жақсы сөз емес. Ол әрбір отбасыны қамтыды. Бір үйден екі-үш азаматты әкетті. Кеткендер қайтып келмеді де. Ал енді әкем туралы айтсам, мен әкемді мақтамаймын, әкеммен мақтанамын. Он баласын өсіріп, жақсы тәрбие берді. 1940 жылы Кеңес Одағының әскер қатарына алынып, 1941 жылдың маусымына дейін Эстония, Литва жерінде дайындықтан өткен. Содан соғыс басталып шығыс Пруссияның Тальзит қаласында тұтқындалған. Бір жылдан кейін тұтқыннан шығып, поляк партизандарына қосылып, Польша жерін азат етуге қатысқан. Жаумен соғысып жүріп ауыр жараланады. 1945 жылы елге оралып, еңбек жолын бастап қызмет етті. Майдандағы ерлігіне сай «Ұлы Отан соғысының» І дәрежелі медалімен марапатталды, – деді ол.
Біз бүгін батыр ағалардың арқасында бейбіт өмір кешіп, елдің тұғырын тік ұстап келеміз. Осыдан кейін олардың ерлігін ұмытпай еске алып жүру кейінгі ұрпаққа парыз етілген. Кешке қатысқан жас өрендер осыны тағы бір көңілге түйді.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
07 сәуір 2025 ж. 202 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№24 (10392)

05 сәуір 2025 ж.

№23 (10391)

01 сәуір 2025 ж.

№22 (10390)

29 наурыз 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 580
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930