Оқушы тәрбиесі – ортақ жауапкершілік
Бала тәрбиесі туралы сөз бола қалса, баршаның ұстанымы бір, мүддесі ортақ екені аңғарылады. Дегенмен, оған қатысты күрделі мәселе көп. Сондай өзекті мәселенің бірі жуырда аудандық мәдениет үйінде жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу және болдырмау мақсатында «Заң мен тәртіп – жас ұрпақ тәрбиесіндегі темірқазық» тақырыбында кеңейтілген мәжілісте талқыланды.
Іс-шараны аудан әкімі Жандос Еркінбек жүргізіп, оған аудан прокуроры Мейрамбек Маханбетжанов, құқық қорғау органдарының басшылары, ардагерлер кеңесінің мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, аудандық мекемелер мен бөлімдердің басшылары, сондай-ақ кент және ауылдық округтердің әкімдері қатысты. Бүгінде жасөспірімдердің қатысуымен орын алатын оқыс оқиғалар жиілеп кетті. Сол себепті бала тәрбиесі туралы жиі айтамыз, мәселе етіп мінберлерде көтереміз, бірігіп жиналыс та жасаймыз. Мектеп мұғалімдері мен оқушылары қатысқан бұл жиында жан-жақты талқылау болды. Жиын барысында аудандық полиция бөлімінің бастығы Қазбек Әліп аудан аумағындағы құқықбұзушылық пен қылмыстың жағдайы және оның алдын алу бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар туралы баяндама жасады. – Қазақ халқы бала тәрбиесіне бейжай қарамаған. Ұрпақ тәрбиесін ұлт болашағы деп оған аса зор жауапкершілік жүктейді. Аудан көлемінде қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алуда жыл көлемінде аудандық полиция бөлімінің жеке құрамымен атқарылатын жұмыс жоспары бекітіліп, оның орындалуы жүзеге асырылды. Жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатыны белгілі. Сондықтан жасөспірімдермен жасалатын және оларға қатысты жасалатын құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарға қоғам болып атсалысып, аудан жастары арасында қылмысты болдырмау және азайту үшін бірлесіп жұмыс істеу қажет деп ойлаймын, – деді ол.
Сонымен қатар, білім бөлімінің басшысы білім беру ұйымдарында жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат ұсынды.
– Бала тәрбиесінің дұрыс жолға түсуі, сөз жоқ қоршаған ортаға, әсіресе атааналар мен ұстаздар қауымына байланысты. Биылғы оқу жылында ҚР Оқуағарту министрлігінің 2024 жылғы №194 бұйрығы негізінде жаңартылған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаның ерекшелігі де сол – осы дамыған мемлекеттегі өскелең ұрпаққа тікелей байланысты екенін назарға алсақ, ұлттың жаңа келбетін қалыптастыратын бала тәрбиесіндегі басты 6 бағыт-бағдар ретінде айқындалып берілді. Ауданымызда осы бағытқа сыныптан тыс жұмыстар шеңберінде «Қамқор», «Еңбегі адал жас өрен», «Шабыт», «Ұшқыр ой», «Смарт бала», «Балалар кітапханасы» әлеуметтік жобалар назарға алынып, 150-ден астам іс-шара өткізіліп, 3500-ден астам бала қамтылып отыр, – деді аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлзира Абдазиева.
Аудан әкімі өз сөзінде жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы құқық қорғау және мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын күшейтудің маңыздылығына тоқталып, «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шараларын тұрақты түрде ұйымдастыруды, сондайақ құқықбұзушылықтың, лудоманияның, есірткі және алкоголь өнімдерін тұтынудың, әлімжеттік пен жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу мақсатында кешенді түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Мәжіліс барысында аудан прокуроры және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы сөз сөйлеп, жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заң талаптарын сақтау және қоғамдық тәртіпті нығайту мәселелері бойынша өз ой-пікірлерін білдірді.
БАЛА – ҮЙДЕ, ҚЫЛЫҒЫ – ТҮЗДЕ
«Бала – бауыр етің» дейді қазақ. Өмірдің қызығын да сол баламен байланыстырамыз. Таңның атысы мен күннің батысына қарамай, жұмыс істеуіміздің себебі де сол – бала қамы. «Қайтсем, ұрпағыма жағдай жасаймын» деген ата-ана үшін бұл бақытты өмірдің баспалдағы іспетті.
Ата-бабамыз шетел асып оқымаса да, адам баласы нені беру керек, нені сұрау керек, нені тілеу керек деген адами қасиетті бойына сіңіріп өсті. Жазылмаған дала заңы оларды ештеңеден кенде еткен жоқ. Керісінше, өнегелі де парасатты ұрпақ болып өсуіне жол ашты. Ал бүгін ше? Қазіргі ұрпақ – «жоқ» дегенді білмейтін заманның балалары. Не ішемін, не киемін демейді. Қарны тоқ, көйлегі көк. Себебі олар адам жанынан басқасының бәрін сатып алуға болатын заманда өмір сүріп жатыр. Әйтсе де сол адам өмірін оңай қия салуды ойлайтын кейбір балалар да жүр арамызда. Рас, мектеп оқушылары арасындағы тәртіпсіздік алаңдайтын мәселеге айналды.
ҚАТЕ ҚАДАМ ҚАЙҒЫҒА БАСТАМАСЫН
Барлық бала ата-анасының құшағында алаңсыз өмір сүруге лайық. Десек те, біз бала қауіпсіздігінің басты назарда екенін естен шығарып алып жүргендейміз.
Еліміздің ертеңін өрге сүйрейтін жас ұрпақ екені баршаға мәлім. Болашақтың тізгінін қолға алатын олардың алдағы уақытта атқарар іс-әрекеттерінің түп тамыры бүгінгі күнмен тығыз байланысты. Қылмыс – отбасы үшін орны толмас қайғы. Оның нәтижесі біреуге ажал құштырса, енді бірін темір торға тоғытады.
Мемлекет басшысы «Бала қауіпсіздігі – бәрінен маңызды» деп талап қойғанымен, мәселеге немқұрайлы қарайтындар кездесуде. Қайғылы жағдайлардың басым көпшілігінде балалар бар. Иә, баласы үшін әрбір ата-ана уайымдайды. Сәби күнінде түн ұйқысын төрт бөлсе, есейген шағында тағы да амандығына алаңдап, ұйықтамайды. Себебі қоғамда болып жатқан түрлі төбелес, буллингтердің әсері айналып өтпейді. Қанша бала аяғымен кетіп, табытымен келгенін көріп, еңсесі де езіледі. Шырылдайтыны да сол – баланың қауіпсіздігі.
ТОПТЫҚ ТӨБЕЛЕС ТОҚТАСЫН ДЕСЕК...
Баланың сырын да, мұңын да, шаттығын да ата-анасынан артық еш адам біле бермейді. Сондықтан бала тәрбиесінде атаана мен ұстаздар бірлігі қажет. Ата-ана мұғалімге көмекші, сенімді тірек болса, керісінше мұғалім де сондай болуы керек. Екіжақты байланыс нығайғанда барлық күрделі сан алуан мәселе түйіні шешіледі.
Тәртіп оттың басынан басталады. Қоғамдағы түрлі бұзақылық сол ата-ана тарапынан көңілдің жеткілікті деңгейде бөлінбеу салдарынан болып жатқан секілді. Қазір бәрі жұмысбастылыққа салынып, балаларын апталап, тіпті айлап көрмей жатады. Ал осы уақыт ішінде бала немен айналысып жатыр? Тәртіпсіздік әрекетке бармады ма? Онымен бас қатырғысы келмейді. Балаға жауапкершілікті бірінші кезекте ата-анаға жүктеу керек.
Әр жиын сайын өзінің сүбелі сөзімен, астарлы ойымен, мазмұнды әңгімесімен дараланып тұратын аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков бұл жиында да тұшымды ойын ортаға салды.
– Қазақ «Бір жылдығыңды ойласаң – мал өсір, он жылдығыңды ойласаң – тал өсір, жүз жылдығыңды ойласаң – тәрбиелі ұрпақ өсір» деп бекерден-бекер айтпаған. Осындай ұрпақ мәселесімен бірлескен бірнеше жиын болып жатыр. Бірақ ешқандай өзгеріс жоқ. Ұлттық құндылықты бойына сіңірген ұрпақ кемшіндеу болып тұр. Ұлттық құндылықтарымызды тот басты. Соның әсерінен елімізде айтуға ауыз бармайтын әртүрлі жағдайлар болып жатыр.
Ұрыспай, ұлы сөйлеп әкесіне қарап ұл өскен, анасына қарап қыз өскен тәрбиелі халық едік. Бірақ соңғы кезде бұрынғы тәрбиеден, қанымызға сіңген атадәстүрден айырылып бара жатырмыз. Бұған, әрине бір ғана жеке адам кінәлі деп айтуға болмайды. Қоғамның да кінәсі бар шығар. Түрлі жиындарға, басқосуларға барамыз. Бірақ көбі қағазға түсіру үшін өтетін секілді. Жанды жиналыс азайды.
Баланың ойында не бар деп онымен есептесіп жатқан жоқпыз. Балаға тәрбиені бірінші ата-анасы беру керек. Бүгінгі ата-ана кешегі 90-жылдардағы балалардың алды 35-ке келіп жатыр. Олардың ана-анасы сол заманда «қалай күн көремін?» деп баласына дұрыс тәрбие бере алмады. Себебі ол кезде ертеңгі күнім не болады деп ойлайтын.
Біз Алладан тілек тілегенде «Баламды түзу жолға сал, адал, таза, әділ жолмен жүрсін. Оны осы жолда адастырма» дейміз. Ол – баланы Жаратушы, ал тәрбиешісі – біз. Сол себепті оның тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз қажет, – дейді ол.
ТҮЙІН Оқу жылы аяқталуға жақын. Қолы босаған бала үйде қалады немесе далада көп жүреді. Ата-ана жұмыста. Келеңсіз жайттар бала жалғыз немесе қараусыз қалған жағдайда болып жатады. Иә, балаға бірінші кезекте ата-ана жауапты. Бірақ «Қызым үйде, қылығы түзде» дегендей, оған әсер етіп жатқан сыртқы факторды кейде байқамай жатамыз. Балалардың немен айналысып жүргеніне бақылау қойып отыру маңызды. Сондай-ақ бейберекет көшеде жүрмеуіне көңіл аударайық. Себебі жаман әдеттің алдын алу үшін қоғам болып қарекет етуіміз қажет.
Ақнұр САҒЫНТАЙ