Ұрпақ өсіру – үлкен жауапкершілік
qarmaqshy-tany.kz Бала тәрбиесі, оның ішінде кәмелетке толмағандардың тәлім-тәрбиесі күн өткен сайын өзектілігін жоймауда. Оған басты себеп – әлеуметтік желілердегі жағымсыз, ойға қонымсыз бейнероликтер, түрлі зорлықзомбылыққа негізделген материалдар, отбасындағы қадағалаудың аздығы, басқа да әлеуметтік жағдайлар.
Дегенмен, ақпараттың жағымдысы бар, жағымсызы бар қарша бораған уақытта әлі оңы мен солын ажыратып үлгірмеген жас ұрпағымызға шынымен де қиын соғып тұрғаны жасырын емес. Бүгінде көптеген қоғам мүшесін осы жайттар алаңдатады. Вертуалды әлем, адам санасына кері әсерін беретін қауіпті ойындар, ұялы телефонға ертелі-кеш телміру, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптан алыстау, рухани-мәдени болмыстың қасаңдағы, тағысын тағы дүниелер – бала тәрбиесін күрделендіре түсуде. Ащы да болса айтайық, қазірде бала тәрбиесіндегі қоғамның көпе-көрнеу көрінісі осыған кеп саяды. Әйтпесе, осындай бейбітшілікте өмір сүріп отырған бақытты мемлекетімізде бізді не түртті?!
Айналамызда орын алып жатқан топтық төбелестер, әсіресе қыз балалардың аяусыз қатігездікпен бір-бірін сабауы, кек алысу, кектесу секілді мейірімсіздік факторлары – санаға сиятын нәрсе ме?! Бірақ, «Мың асқанға бір тосқан» қашан да болған қазақта. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп те айтамыз. Көп болып атсалысса, күрмеуі тарқамас, бұрауы шешілмес мәселе болмас. Осындай мақсат-мұратты негізге алған іс-шарадан аларымыз көп болды.
Жуырда жасөспірімдер, жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алуда аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеплицейінде білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде «Кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау – баршамыздың міндетіміз» тақырыбында семинаркеңесі өтті.
Аудан әкімі Жандос Еркінбек жетекшілік өткен семинаркеңеске аудандық мәслихаттың төрағасы Әділ Қошалақов, аудан прокуроры Мейрамбек Маханбетжанов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков және депутаттар, құқық қорғау, білім саласы қызметкерлері, үкіметтік емес ұйым өкілдері, ардагерлер, жастар, ата-аналар қатысты.
Онда кәмелетке толмағандардың тәртібіне байланысты пікірлер айтылды. Беймезгіл уақытта көшеде жүрмеу, ұрлық, топтық төбелестің алдын алу, қоғам мүлкіне зиян келтірмеу, басқа да құқық бұзушылықтар бойынша құқық қоғау органдары қызметкерлерімен кең көлемде талқылаулар жүргізілді. Атап айтқанда, «Кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында аудандық прокуратура, білім, полиция бөлімімен бірлесіп атқарылған жұмыстары туралы» аудан прокурорының орынбасары Әнуар Мұратовтың, «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық қылмыстарының алдын алу және бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері туралы» аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Бақытбек Жарқынбаевтың хабарламалары тыңдалды. Сондай-ақ, "Кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстары туралы" аудандық білім бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Гүлзира Исламханова баян етті.
Қоғамды жасылық пен ізгілікке қарай бұратын бірден-бір фактор – ол отбасындағы өнеге мен үлгі десек, қателеспейміз. Осы тұрғыда өнегелі отбасының ата-аналары да өз ойларын іркіп қалмады.
«Ұрпақ тәрбиесі – ұлт мәселесі» тақырыбында аудандық мәслихаттың төрағасы Әділ Үсенұлы, «Ұрпақ өсіру – ұлы жауапкершілік» тақырыбында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Ермағанбетұлы, «Бала тәрбиесіндегі дәстүрлі құндылықтар мен сабақтастық» тақырыбында аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжауһар Раева, «Отбасы құндылықтарының бала тәрбиесіндегі маңызы жайында» аудандық білім бөлімі жанындағы ардагерлер пулінің мүшесі, ардагер ұстаз әрі атаана Перуза Сайдалиева бала тәрбиесіне байланысты құнды пікірлерін көпшілікпен бөлісті.
Жиында ата-аналар тарапынан сұрақтар қойылып, жауап берілді.
Семинарды қорытындылаған аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы білім беру ұйымдарындағы жұмыстарды жандандыруға нақты тапсырма беріп, балалардың құқығын қорғау және білім беру жұмыстарын сапалы жүргізу – әрдайым басты назарда болатынын жеткізді.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
Ерсін СӘДУҰЛЫ (сурет)