» » АУЫЛ АРДАҚТЫСЫНА АЙНАЛҒАН БАТЫР ҰСТАЗ

АУЫЛ АРДАҚТЫСЫНА АЙНАЛҒАН БАТЫР ҰСТАЗ

Тарихтың бетінен өшпестей орын алған Отан соғысындағы жеңіс – біздің аталарымыздың, әкелеріміздің, ағаларымыз бен әпкелеріміздің жанымен, қанымен, ерлік рухымен келген ең қастерлі, ең қымбат құндылық. Өйткені фашистік Германияға қарсы Екінші дүниежүзілік сұрапыл соғыс қасірет әкелмеген, қайғы шектірмеген бірдебір шаңырақ жоқ. Қаншама боздақты жер жастандырған, қаншама ошақтың отын сөндірген қан кешу майданында Отан үшін, біздің жарқын, бейбіт болашағымыз үшін майдангер ата-әкелеріміз арын – байрақ, намысын – найза етіп, қаһармандық пен жанқиярлықтың өшпес үлгісін көрсетті.
Олар жауға қарсы оқ болып атылып, от болып жанды. Жеңісті жақындатып, қаншама жауынгер майдан даласында мерт болды. Ал алапат соғыстан елге аман оралған ардагерлер бейбіт өмірде де өскелең ұрпаққа ерлік пен еңбектің өнегелі өрісін танытып, адал қызмет етті. Ел игілігі жолында ерінбеген осындай жанның бірі – Нұртаза Сыдықұлы.
Ол 1925 жылы Иіркөл ауылдық кеңесіне қарасты «Октябрь» кеңшарында дүниеге келген. Осындағы бастауыш мектепті бітіріп, одан кейін Жосалы қыстағындағы орта мектепте оқиды. Ұлы Отан соғысының басталуына байланысты 7-сынып бітірмей-ақ, Жосалы механикалық зауытында токарь болып жұмыс істейді. 18 жасқа толған бойда майданға аттанып, 1943 жылдың қараша айынан 1944 жылдың 21-қаңтарына дейін Бобруйск бағытындағы ұрыстарға автоматшы болып қатысып, майдан даласында екі рет жараланады. 1944 жылы маусым айынан бастап шілдеге дейін «Багратион» операциясына қатысып, Березина селосында үшінші рет жарақат алады. Жарақатының беті бері қарағанда Будапешті алуға қатысып, Венгрияны азат етіп, Венаға шабуыл басталған күні 1945 жылдың 7-сәуірінде басынан ауыр жараланады. Осыдан кейін ғана әскерге жарамсыз деп табылып, 1945 жылы тамыз айының аяғында елге оралған.
Елге келгеннен кейін ауылындағы өзі оқыған №106 мектепте үздіксіз мұғалім болып жұмыс істейді. 4 жыл мектеп меңгерушісі, 10 жыл мектеп оқу ісінің меңгерушісі болып абыройлы қызмет атқарады. Жұмыспен қатар білімін жетілдіріп, педагогикалық училище мен педагогикалық институтты бітірген жоғары білімді елжанды азамат 1957 жылдан бастап СОКП мүшесі атанады. Майдан даласында алған жарақатының салдарына қарамастан, ел келешегі үшін тоқтаусыз еткен еңбегі бағаланып, «ҚазКСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісін алған.
Оң-солын енді таныған бозбала шағын майдан даласында өткізіп, одан кейінгі саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардақты азамат отбасында да тәрбиені алдыңғы орынға қойған. Жұбайы Күлпан Нұржанқызымен бірге 8 перзент тәрбиелеп, ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырған. Балалары майдангер әкелері туралы мынадай ерекше естелікпен бөлісті.
– Ата-анамызды ойға алғанда сонау балалық шағымыз ойымызға оралып, жүрегіміз толқитыны рас. Себебі олар бізге мына өмірге жолдама беріп, оң бағыт-бағдар, өнегелі өмір көрсетіп кетті. Әкеміз 40 жыл өмірін мектепке арнаған. Біздің әкемізден жылы сөз естімеген ұстаз да, шәкірт те кемдекем шығар. Дәреже мен даңқ қумаған, көлгірсуді жаны сүймеген әкеміздің адалдығына бас иеміз. Осы қасиетін біздің санамызға сіңіріп кетті. Ол қамқор әке болумен бірге ұлағатты ұстаз еді. Ұстазға тән тағылым, өнеге, дәстүрдің бәрі бір бойына жиылған еді. Оның жүрегінде ғажайып нұр мен жылылық, таусылмас мейірім, жанында өткенге, бүгінге, болашаққа деген мол шапағат бар еді. Біз осындай ата-анадан тараған шуақ болғанымызды мақтан тұтамыз. Қадірлі ата-анамыздың уақыт өткен сайын бейнесі биіктей бермек, – дейді олар өткенге көз жүгіртіп.
Нұртаза Сыдықұлының ұрпақтары бүгінде мәуелі бәйтеректей жапырағын кеңге жайып келеді. Өкініштісі, әке жолын жалғаған Гүлсім мен Нұрлыбек есімді перзенттері өмірден ерте озғаны. Ата-ана үйреткен жолдан айнымай, адал еңбекпен ғұмыр кешкен олардың перзенттері бүгінде ел азаматтары болып өсуде.
Майдангер, асыл азамат, батыр ұстаз, қамқор әке 1989 жылы бақилық болды. Алайда ел үшін ерен еңбегін арнаған осындай тұлғаларға деген құрмет пен тағзым ешқашан аласармақ емес. Иығына қару асынып, кең даланың абыройын әсте төмендетпеуді мақсат тұтқан қарт жауынгерлердің қадірі қашанда биік. Келешек ұрпаққа аға буын ардагерлер танытқан қайсарлық пен қаһармандықты, ержүректілік пен елді сүйе білуді үлгі етіп, бойларына сіңіру – біздің бүгінгі міндет.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
03 мамыр 2025 ж. 396 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (10400)

03 мамыр 2025 ж.

№31 (10399)

29 сәуір 2025 ж.

№30 (10398)

26 сәуір 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 700
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031