ЖАҚСЫНЫҢ СӨНБЕС ЖАРЫҒЫ
Өмір өткінші десек те, сол көзді ашып-жұмғанша жылт етіп өтіп кететін жарық дүниеде артыңа ізгілікті із бен іс қалдыру қандай ғанибет. Ертеңгі күніңізді жалғайтын көргенді ұрпақ, білімді ұл-қыз тәрбиелеу де жаратушымыз «адамзат» деп ат беріп, айдар таққан есімімізге жарасып кетпейді ме?! Өзіңнен кейінгіге ақылпарасат, үлкендікпен жол көрсете білсеңіз, бұл да бір даналықтың үлгісі іспеттес емес пе?! Бүгінгі біздің мақаламыз осы қанатты қағидаларды өмірлік ұстанымы еткен ерлі-зайыпты ұстаз, білім саласының ардагерлері, ҚазКСР «Білім беру ісінің үздігі» Қайырбек Жаппасбаев пен оның жары, ардақты ана Қалдыгүл Шадаева жайында болмақ.
Тарихтан білетініміздей, аласапыран заманда саяси-қуғын сүргін мен репрессия құрығынан елімізде айналып өткен жан кемде-кем болар. Зобалаң жылдар Жаппасбай атаның да ұйып отырған отбасына ылаңын салды. Сол кездің «қызыл тәңірлері» жала жауып, қуғын-сүргінге ұшыратты. Бұрын-соңды естіп-көрмеген итжеккен аталатын қақаған суық – Сібірге жер ауып кете барды. Маңдай термен жиған мал-мүлкі талан-таражға түсіп, конфискация жасалды. Бұл кезде кіндігінен тараған жалғыз ұлы Қайырбек пен жанжары Сүйрік артынан қарап қала берген-ді. Тағдырдың кейде қаталдау үн қататыны бар. Ашаршылық кімді аясын. Жаппасбай атаның 17 баласының ішінен Қайырбегі ғана аман қалып, ұрпағын жалғады.
Қызылтам бекетінде өмір есігін ашқан бозбала қатарынан зеректігімен, білімділігімен ерекшеленіп, 18 жасынан бастап еңбекке араласты. Соғыс жылдарында, яғни 1943 жылы Жосалы ауылдық кеңесінің хатшысы болып жауапты қызмет атқарса, еңбек ете жүріп 1949 жылы Қызылордадағы педагогикалық училищені үздік бағамен бітіріп шықты. Осы жылдың 15-тамызынан бастап Қаракөл орта мектебінің меңгерушілігіне тағайындалып, білім саласының басшылық тізгінін ұстады. Ал келер жылы жоғары білімді маман атануды мұрат етіп, Қызылорда мемлекеттік педагогикалық институтының «Тарих» факультетіне оқуға түсті. Оқу орнын озаттар қатарында бітіріп, И.Панфилов атындағы 7 жылдық мектепте тарих және география пәнінен сабақ береді. Оның іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетін жоғары бағалаған басшылық тарапы жас ұстазды 1954 жылы аталған мектептің директорлық қызметіне тағайындаса, бұл жауапкершілікті 1957 жылға дейін абыроймен атқарды.
«Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі ниет керек, одан соң күш керек, одан соң тәртіп керек» деп заманының заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов айтқандай, ағамыз қай істі атқарса да, оған төзім мен табандылық танытты. Қайырбек Жаппасбайұлы мұнан соң 7 жылдық М.Калинин атындағы мектептің тарих және география пәндерінің оқытушысы болып істесе, кейін келе Ш.Уәлиханов атындағы мектепте ұстаздық жасады. 1976 жылдан 1992 жылға дейін №105 орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып, шәкірттеріне білім дәнін септі. Ұлағат иесі негізгі жұмысымен қатар, тарих-география пәндері бойынша аудандық секция жетекшісі жұмысын қосымша алып отырды. Онда жаңашыл ойлар мен идеяларын ұсынып, пән мұғалімдерінің әдістемелік білім көтеруіне септігін тигізді. Бұған қоса, ауданның, қыстақтың әлеуметтік-экономикалық өміріне де белсене араласты. Аудандағы кейбір мекемелерге жұмысшы, интеллигенция өкілдерінің саяси идеялық білім дәрежесін көтеруге атсалысып, насихат жұмыстарын жүргізді. Азаматтың тағы бір қыры – ұстаздық еңбегінде әркез жоғары сыныптарға жетекшілік етіп, ертеңгі күні үлкен өмірге қанат қаққалы тұрған оқушыларына тәлімді тәрбие, сапалы білім бере білуі. Әсіресе ер балаларға азаматтық жолын көрсетіп, бағыт-бағдар беруі – бір бөлек іс болатын. Шәкірттерін қоғаммен байланыстыруда пайдалы жұмыстарға тартып, еңбексүйгіштікке, адамгершілік мінез-құлық пен әдептерге баулыды. Кейде досындай сырласса, кейде әкесіндей қамқорлығын көрсете білді. Бала болашағының шамын жағуда ата-аналармен тығыз байланыста болып, бірлескен жұмыстар жүргізді. Шәкірттері де ұстаз ұстанымына сай, мемлекетшіл, белсенді, отансүйгіш, елге қызмет ететін адал азаматтар болып ер жетті.
«Ақыл айтса адам ойын ерітетін,
Ғылым-білім жетілдірер ерте тым.
Ұстазыңның насихаты шипа ғой,
Жанды тербеп, көңіл күйін шертетін» деп Махмуд Қашқари жырлағандай, ғибратты ғұмырында шәкірт жүрегіне жол тауып, аяулы да ардақты ұстазы болды.
Әрбір азамат үшін отбасын құрып, шаңырақ көтеру парыз десек, ағамыз 1945 жылы өзімен бір ауылда туыпөскен Қалдыгүл Шадаева есімді мұғалима арумен қол ұстасып, отау тігеді. Анамыз да Қызылорда педагогикалық институтының «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығын бітірген жоғары білімді маман болды. Зейнеткерлік демалысына шыққанға дейін №105 орта мектепте шәкірттеріне білім беріп, көптің алғысына бөленді.
Ардақты азаматтың тәрбие мен білімге баулыған жас жеткіншектері ұстаз үмітін ақтады десек болғандай. Шәкірттерінің ішінен елге танымал көптеген тұлға қалыптасып шықты. Олардың қатарынан «Қармақшы» кеңшарын республикаға танытқан, «Озат елді мекен» атандырған кеңшар директоры Исағали Жұмағұлов, білім саласының озық қызметкері Мусахан Басшыбаев, білікті заңгер Молдабек Ахметов, бүгінге дейін ауданымыздың дамуына үлес қосып отырған қоғамдық бірлестіктер басшысы Гүлжауһар Раева, спорт саласының майталманы Абылай Жалдыбаев және тағы басқаларының есімдерін құрметпен айтуға болады.
Қазағымызда көз көрген деген жақсы сөз бар. Әкеміздің көзін көріп, бірге қызмет еткен әріптесі Бекдәулет Маханов өзінің бір естелігінде былай деген еді. «Қайырбек ағамыз ел басқаратын үлкен лауазымда болған жоқ. Бірақ сол лауазым иелерін тәрбиеледі, өмірге жолдама берді.
Мен осы естелікті жазу барысында ол кісінің өз қолымен өмір, ұстаздық, отбасы, бала тәрбиесі жайлы жазып қалдырған мұрағаттарымен таныстым. Сол арқылы ағамыздың ой жүйелілігі, дүниетанымы, балалары мен немерелеріне арналған аманаттары сөзсіз ойға қалдырғанына көз жеткіздім. Қайрекең ағамыздың қасында 16 жыл бірге әріптес болғанда ол кісіден алғанымыздан алмағанымыздың көп екені анық еді. Мен 1983 жылы мәдениет бөлімінен №105 мектепке мұғалім болып келдім. Мектеп директоры Жұмаділдаева Райхан, оқу ісінің меңгерушісі Көбеева Әмина, Шадаева Қалдыгүл, Ахметова Дәметкен, Бекенова Күләйша, Арапова Әлипа, Байжанова Рабиға, Бүркітбаева Назым, Қараева Қатша апайлар, Сейталиев Әбдуәли, Баянов Сағат, Жүсіпов Құсайын, Жаппасбаев Қайырбек ағайлар әрқайсысы өз орны бар ұлағатты ұстаздар еді. Кейінгі буын ұстаздардың ақылшысы, арқа сүйер асқар тауларындай болатын. Қайырбек ағамыз мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы ретінде мектеп өміріндегі, ұжым мүшелерінің отбасындағы түрлі шаралардың басықасында болып, ақсақалға тән ақылкеңестерін ортаға салатын».
Атпал азаматтың еңбегі ескеріліп, кеудесіне ҚазКСР «Білім беру ісінің үздігі» белгісі тағылса, «Лениннің туғанына 100 жыл», Ұлы Отан соғысы кезіндегі «Тылдағы еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдары мен құрмет, мақтау грамоталары да еңбегіне берілген адал да әділ бағасы деп білеміз.
Ерлі-зайыпты ұстаздар 9 баланы өмірге әкеліп, оларға сапалы білім мен саналы тәрбиені бойларына сіңірді. Биыл міне ұлағат иелерінің туғанына ғасыр толып отыр. Бүгінде ұл-қыздарынан тараған 26 немере, 57 шөбере және 1 шөпшек берекебірлігі жарасқан қауым елге айналған.
Бар өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнаған асыл жандар балаларын еңбекке, ізгілікке, мейірім мен қайырымдылыққа баурап, ағайын-туыс, бауырға сүйіспеншілікпен қарауға тәрбиелеп өсірді. Осынау ұлағатты жандардың өнегелі дәстүрін ұрпақтары да лайықты түрде жалғастыруда. Үлкен баласы Алмат Қайырбекұлы «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген құрылысшы», «Қызылорда қаласының құрметті азаматы» болса, екінші ұлы Ұзақ Қайырбекұлы Қазақстан Республикасы «Білім беру ісінің үздігі», «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, Ұлттық жаратылыстану ғылыми академиясының академигі, әл Фараби атындағы Ғылым мен техника саласындағы еңбегі үшін 2019 жылғы Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанған.
Әулетте ата мен әжеден мирас болған өнеге жалғасын табуда. Немерелері заңгер, тіл маманы, есепші, ҰҚК, дәрігер, мұғалім, теміржол, мұнай-газ саласы бойынша мамандықтарды меңгеріп, елге қызмет жасауда. Атап айтсақ, немерелері Олжас Алматұлы Абай облысының ҰҚК басшысының бірінші орынбасары, полковник, Дәурен Ұзақұлы заң ғылымының кандидаты, адвокат, Ербол Уәлиұлы кәсіпкер, Біржан Жомартұлы техника ғылымының докторы, «Қазмұнай-газ» Ұлттық компаниясында бас маман, жиен немересі Нұрбол Нұрабаев теміржол Ұлттық компаниясында инженер.
«Бұл дүние – бір керуен сарай-ды,
Кететіндер түсіп, содан тарайды.
Алғы тізбек көшіп, ұзап кеткенде,
Келіп түскен тізбек соған қарайды» деп Ахмет Игүнеки жырға қосқандай, арада өмірден өткеніне қанша жыл болса да перзент үшін ата-анаға деген сағыныш басылған ба?! Бастысы, әке салған дара жолдың арнасы кең, көші көлікті!
Сәрсенкүл АҚКІСІ