ЕСКЕРТКІШТЕР – ЕЛ ҚОРҒАУЫНДА
Әр жылдың 18 сәуірінде дүниежүзінде Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні ретінде атап өтеді. Ондағы басты мақсат – тарихи мұра болып саналатын мәдени ескерткіштерді сақтау мен қорғаудың маңыздылығына қоғамның назарын аудару.
Тарихи-мәдени ескерткіштер еліміздің, ұлтымыздың тарихы, жалпы адамзаттың өркениеттегі біртұтас бөлшегі. Мәдени құндылықтарды сақтау және әлемдік деңгейге көтеру, алдыңғы ұрпақтар жасаған мәдени-тарихи жадыны сақтау үшін ғана емес елдің мәдени және тарихи гендік рөлін сақтау үшін де маңызды. Бүгінгі күні мәдени құндылықтар мемлекет тарапынан қорғалады және заңсыз әкетілуіне немесе бұзылуына жол берілмейді.
Ескерткіштерді қорғау дегенде ең алдымен ойымызға не келеді? Оны қалай сақтауға, қорғауға болады? Осы бағытта дүние жүзі бойынша мәдени табиғи мұраны қорғау туралы конвенцияларды, ЮНЕСКО, ICOMOS тәрізді ұйымдарды еске алуға болады. Ал елімізде тәуелсіздік жылдарынан бастап өз заңнамалары бекітіліп, дүниежүзілік ұйымдармен ынтымақтастық дамыды. Соның айғағы өздеріңізге белгілі республикалық маңызы бар ескерткішке жататын ЮНЕСКО-ның 13-сессиясында Қорқыт ата мұрасын адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативтік тізіміне енгізу туралы шешім қабылданды.
Елімізде «Тарихи мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңы Конституцияға негізделіп, нормативтік-құқықтық актілері қалыптасты. Сонымен бірге заңнамада археология, қала құрылысы және сәулет ескерткіштерімен қатар ғимараттардың қасбетіне орналастырылатын, аса көрнекті тұлғалар мен айрықша оқиғалар туралы ақпаратты қамтитын мемориалдық тақталар, аса көрнекті маңызды тарихи тұлғаларды мәңгі есте қалдыру үшін орнатылатын монументті өнер туындыларына (ескерткіштер, стелалар, бюсттер) да ұғым беріліп, заңнамада туындайтын нормативтік актілер мен қағидалар бекітілген.
Аудан көлемінде ескерткіштер мен мүсіндердің орнату мәселесі «Монументтік өнер құрылыстарын орнату қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 28 сәуірдегі №103 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2024 жылғы 6 желтоқсандағы №578-НҚ бұйрығына сәйкес Мемлекеттік комиссияның оң қорытындысы негізінде жүзеге асырылады.
Мемлекет қорғауындағы тарихимәдени ескерткіштер мен ежелгі қорымдардағы қабірүсті құрылыстарына қандай да бір нұқсан келтіру заң бұзушылық әрекет болып табылады. Тарих және мәдени ескерткіштеріне ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізуде лицензиясы бар ұйымдарды тарту арқылы ең алдымен ғылымижобалау құжаттамасын дайындау жұмыстары жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» заңының 145-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы заңнамасын бұзу тәртібі қаралған.
«Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңға сәйкес аудандардың жергілікті атқарушы органдары өз аумағында тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы заңдарын қамтамасыз етуі тиіс. Тарихи-мәдени мұраны сақталып тұруына қатер төндіруі мүмкін жұмыстардың барлық түрін жүргізуге тыйым салынады.
Қармақшы ауданы бойынша бүгінгі күні 84 тарих және мәдениет ескерткіші мемлекет қорғауына алынған. Оның ішінде 6-ы республикалық маңызы бар, 48-і жергілікті маңызы бар, 30 ескерткіш алдын ала есепке алынған тарихимәдени мұра объектілерінің тізіміне енгізілген.
Қолданыстағы заң талаптарына сәйкес тарих және мәдениет ескерткіштері бойынша қорғау, құрылыс салуды реттеу және қорғалатын табиғат ландшафт аймақтарын белгілеу, құжаттандыру, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуі тиіс. Бұл жұмыстар ауданда кезең-кезеңмен қолға алынып, тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау, насихаттау және сақтау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын таба береді.
Ендігі кезекте алдымызда тұрған басты міндеттің бірі – қоғам болып ұлттық құндылықтарымызды сақтау және болашақ ұрпаққа аманат ету. Өйткені бұл әрбір азаматтың еліне деген сүйіспеншілігі, жанашырлығы, мәдени ұлттық мұраға деген қамқорлығы болмақ.
Г.БАЙКӨБЕКОВА,
К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйінің маманы