» » «ТЕГІН ОПА» ҚАЛАЙ ТУДЫ?

«ТЕГІН ОПА» ҚАЛАЙ ТУДЫ?

Ұмытпасам 1969 жылдың жаймашуақ жазы. Ауыл баласымыз. Жазғы демалысқа шығып, арқа басымыз кеңіген уақыт. Ауылда шағын азық-түлік дүкені болатын. Көрші-көлемнің майда-шүйде қыздары әлгі дүкеннен тәттілер алып жеуге жиі бас сұғамыз. Ол кезде 4-сыныптан 5-ке өткен шағым болса керек. Дүкен іші абыр-сабыр бөтен әйелдер саудасын жасап жүр. Таныс жеңгеміз болып келетін сатушы «неғып жүрсіңдер?» деп бізге назарын аударды. Біз сәл тайсақтап ана кісілер саудасын жасап болғанша күтетіндей сыңай танытып, шетке ығысып тұра бердік. Бір кезде олар бәрін қойып бізге аңтарылып қарап қалды. Сөйтсек, аяғымыз шаңнан көрінбей, аяқ киімнің бар-жоғы білінбей тұр екен. Тіпті, қасыма еріп келген екі қыздың аяқ киімі де жоқ.
Ол кезде жалпы киім тапшылау, ересектердің көнесін киеміз. Мектепке тәуірлеуін сақтаймыз. Ал былайынша жазда жалаңаяқ жүре береміз. Мұны көрген сатушы жеңгем: «ербимей кетіңдер» демесі бар ма?! «Жазған құлда жазық жоқ» дегендей, тайып тұрдық. Сөйтсек, сауда жасап жүргендер ауылға концерт қойып, сапарда жүрген Алматының әртістері екен. Дүкенде жылтырақ майда кеселерді көптеп алып жатыр екен. Бізде сол алысберістің үстіне барып қалғанымызды қайтейік. Олардың жабайы адамды көргендей қарағаны сол кезде мені біраз есейтіп жібергендей болды.
Уақыт өте берді, ал ойымнан әлгі көрініс кетпей қойды. Ішіме сыймаған соң ақыры «Тегін опа» деген сыни мақала ретінде ақ параққа түсті. Ауыл көшесі борпылдақ май топырақ екенін, сол кезде әртістерді шошытқан түріміз, бәрі шаңның кесірінен болғанын және осыған жауап беретін адам бар ма? деп көсілген жазбам ғой. Көп ұзамай мақалам аудандық «Коммунизм шамшырағы» газетінде жарық көрді. Біраз бойымда мақтаныш сезімі бар, мәзбін өзімше.
Қуанышым ұзаққа бармады. Көшенің қой-ешкілерін кезекпен бағамыз, ұл-қыз демей араласып қой кезекке шығамыз. Кешке өрістен келсем анам «сен қыз газетке не жаздың, ауыл сәбет көшеде маған ескерту берді, қызың жайына қарап жүрсін, өзім де барып сөйлесемін деп, жорналшы тексеріп кеткенін» айтып жекіп жүр. Зәрем зәр түбіне жетті.
Үйден кетіп, тығылып жүруге бекіндім. Сөйтіп көне мектеп артында күн ұзақ отырдым. Балалығым-ай. Бірақ кейін білдім. Анама келіп ескерту жасаған кісінің әзілоспаққа жақын екенін артынан білдім. Ал мен оны шын көріппін. Мені жиі бақылап жүрді. Одан кейін де бірнеше мақала, өлеңдерім жарық көрді. «Қазақстан пионері» газетіне де мақалаларым шықты. Сол бір балалық қиялмен туған алғашқы тырнақалды мақалам, өмір бойы ұмытылмастай есте қалғаны осы төл газеттің арқасы екенін жыр қылып, күліп айтып жүремін. Ол уақытта енді салынып жатқан тас жолдар қайталанбас өмірімнің бастауы екенін білсемші. Жастық шағымыз сол жолдарда қалып кетті.
Халық қалаулысы болған төл газетім, қарттыққа жетті! «Тегін опа» атты мақаланың шыққанына да 55 жылдан асты. «Қармақшы таңы» газетінің тілшілеріне жақсы тілегім, жазарларыңыз таусылмасын демекпін. 12 сәуір – газеттің туған күні құтты болсын!
Сырға АЛДАСҮГІРОВА
19 сәуір 2025 ж. 514 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (10402)

10 мамыр 2025 ж.

№33 (10401)

06 мамыр 2025 ж.

№32 (10400)

03 мамыр 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 720
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031