Адалдықтың өтеуі – құрмет
Екі қолға бір күрек таппай жүргендерді көргенде, кейде олардыкі таза жалқаулық па деп те қаламыз. Әйтпесе, еңбек етемін, табыс табамын дегенге жұмыс көп қой. Асырып айтқанымыз емес, жеке кәсіпкерлердегі жұмысқа көбінесе адам тұрақтамай, жиі ауысып жататынын да естиміз. Бәлкім, оның да түрлі себебі болар. Дегенмен бұл пайым біздің бүгінгі кейіпкерімізге мүлде қайшы келеді. Бұған Жосалы кентінің тұрғыны, отбасында өнегелі ана, ұжымында сыйлы әріптес – Балхия Унгайбаева сөзімізге дәлел бола алады.
Ол «Мағжан» дүкендер желісінің иесі, ауданға белгілі кәсіпкер Рабиға Балғабаеваның қарамағына осыдан 29 жыл бұрын жұмысқа қабылданып, қазірге дейін абыроймен қызмет етіп келеді. Содан беріде еңбекке адалдығы мен ұқыптылығының, тазалығының арқасында қарапайым сатушылықтан бастап дүкендер желісінің іс басқарушысы қызметіне дейін көтеріліп отыр.
Адалдықты жанына серік еткен Балхия Маханбетқызы Қарақалпақ елінің Төрткүл ауданында дүниеге келген. Кезінде әкесі Маханбет те, анасы Ұрхия да сауда саласының білікті маманы болған. Бірі – ревизор болса, бірі – дүкенде сатушылық еткен. Отбасы тарихи отанына, яғни Жосалы кентіне 1978 жылы қоныс аударып, көшіп келген. Сол уақытта 7-сыныпта оқитын жас өрім орталықтағы No27 мектептен 10 жылдықты бітіргені туралы аттестат алып шығады. Одан соң Қызылордадағы кооператив училищесіне оқуға түсіп, оны «Сатушы» мамандығы бойынша тәмамдайды. Жас қыздың еңбек жолы аудандық «Қармақшы таңы» газетіне қарасты типографияда басталады. Одан соң «Союзпечать» дүңгіршегінде жұмыс істесе, 1987 жылы аудандық тұтынушылар одағына сатушы болып жұмысқа кіреді. Адам өмірінің бір асуы – қыз бала үшін тұрмыс құру болса, 1991 жылы Нұрболат Елемесовпен бас құрап, шаңырақ көтереді. Араға 3-4 жыл салып кәсіпкер Рабиға Балғабаеваның қарамағына жұмысқа тұрады.
– Ана-анам сауда саласының қызметкерлері болғасын, олардың жұмысын бала кезден көріп өстік. Жатсынбай, бірден сатушылыққа ден қойып кеткенім де соның жемісі болар. Сатушылықта кәсіпкердің саудасын болдырғым келді, жақсы жағынан көрінуге тырыстым. Бар ынтаммен жұмыс істедім. Беріліп кететінім сондай, кей күндері балаларымды да ұмытып кететінмін. Апай туғанымдай болып кеткен. Қыздарым тұрмысқа шыққанда, оқуға түскенде де көмегін аямады. Осындай кісімен жұмыс істеу өзіме құрмет. Бірінші өмірге әкелген ата-анама алғысымды айтсам, келін болып түскен әулеттің де маған берген тәлім-тәрбиесі аз болмады. «Көңіл көңілден су ішеді» дегендей, тұрмысымды тіктеп, ыстық-суығымды бірге көтерісіп келе жатқан Рабиға Жайбергенқызына да айтар алғысым шексіз, – дейді ол.
Осы орайда кәсіпкердің де өз айтары бар.
– Балхия маған жұмысқа 1995 жылы келді. Ол кез тоқырау заманы еді ғой. Көмектесесіз бе деп, жағдайын айтты. Жолдасы да жұмыстан қысқарып қалған екен. Содан қасыма алып, бірге жұмыс істедік. Алдына зат беріп, базарға қойдым. Қарасам, өзі сондай еңбекқор. Артық сөзі жоқ. Базарда тұрып сатушы болды. 2013 жылы «Мағжан» кафесінде еңбек етті. Одан соң теміржол вокзалынан дүңгіршек ашып бердім. Онда Айшолпан, Ақтолқын атты қыздары бар. Екеуі де кішкентай. Соларды қасына алып, сауда істеді. Одан кейін есіктің алдынан дүкен ашылды. Жаңадан 2 қабатты «Мағжан» сауда орталығының орнында ескі шағын азық-түлік дүкені болған. Сонда сатушы болып бірнеше жыл отырды. Бірде Балхия «Алматыдан келген бір кісі «Осыдан он жыл бұрын келгенімде дүкенде осы сатушы отыр еді, әлі отыр ғой» деп айтты деп бәрімізді күлдірген. Бір күн демалмай, таңертеңнен түнгі 11-ге дейін жұмыс істеді кезінде. Жаңадан дүкен ашылғанда кассалық аппаратпен жұмыс істелетін болды. Ренжітпеуге тырысып, алдынан өтіп жұмыс орнын ауыстырамын десең, рұқсатымды беремін дедім. Ол да «Апа, ешқайда бармаймын, қандай жұмыс берсеңіз де істеймін. Осы жерден зейнетке шығамын» деді. Сөзіне қатты риза болдым. Сол адалдығына «Мағжан» дүкені ұжымының бірінші іс басқарушысы етіп тағайындадым. Дүкендердің бар шаруасын, сеніп тапсырғанмын. Қолынан келгенше аянбай жұмыс істейді, мен де одан аянбаймын, кез келген кезде көмегімді беруге даярмын. Келешекте бірге қартайып, бірге шай ішіп отыратын сырласым әрі досым болады деп сенемін. Осындай жанның қасында арқамды кеңге салып жүремін. Балаларым да оны «тәтелеп» отырады. Екінші анасындай көреді. Отбасымыздың да, ұжымның да алдында беделі зор. Сол адалдығының арқасы деп білемін, қыздары жақсы жерге келін болып түсті. Бір-бір отбасының ұйытқысы қазір. Мағжан баламның есіне саламын, Балхия тәтең алда зейнет демалысына шығады. Мен кейбір нәрсені ұмытып қалатын болсам, сен зейнеткер болғанда да сол тәтеңді құрметтейсің. Қолыңнан келген көмегіңді бересің деп тапсырып отырамын. Өзім де оны елеп, қызметіне сай құрмет көрсетуге тырысамын. Осындай сыйластығымыз ұзағынан болса екен деп тілеймін. Биыл Балхия мерейлі 60 жасқа толып отыр. Осы мерейтойы құтты болсын. Ұрпағының қызық-қуанышын көріп, әркез жүзі жарқырап жүрсін. Зор денсаулықта, бақытты да ұзақ ғұмыр кешуіне тілекшімін, – дейді кәсіпкер ана Рабиға Жайбергенқызы жылы лебізін білдіріп.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК