Тіл-халықтың басты құндылығы
Қазақстанның егеменді, тәуелсіз мемлекет екендігін айқындайтын негізгі конституциялық құқық белгілерінің бірі-мемлекеттік тіл. Еліміз егемендік алғалы ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болды. Тіл сол мемлекеттің иесі болған залықтың мүддесін қорғауы тиіс.
Мемлекеттік қызмет мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын биліктің бірден-бір құрылымы болса, мемлекеттік тілді дамыту мемлекет саясаттарының бірі.Осы негізде тілді білу, оның дәрежесін көтеру мемлекеттік қызметкерлердің басты парыздарының бірі болып саналуы тиіс.
Тіл-халықтың басты құндылықтарының бірегейі. Оны құрметтеу-қоғамға ортақ міндет. Қазақстанның мемлекеттік тілі-қазақ тілі-заңмен бекітілген құндылық. Еліміздегі барлық этнос өкілдері мемлекеттік тілді сыйлауға міндетті.Қазақ тілінің мәртебесін көтеру мақсатында әр жылдары түрлі жобалар ұйымдастырылып келеді. Мемлекет билігі де бұл мәселеге зор көңіл бөліп отыр.
Мемлекеттік тіл-сол елдің халқын біріктіретін, ортақ істерге жұмылдыратын, елге деген перзенттік ықыласты қалыптастыратын бірден-бір құрал. Бір тілде сөйлемеген халық біріге де алмайды, өздерін бір шаңырақтың мүшесімін деп те сезіне алмайды. Тарихтан да белгілі, қандай ел болмасын бостандық алғаннан соң ең бірінші мемлекеттік тілдің мәселесін шешеді. Қазіргі әлемдік бәсеке жағдайында күшті ұлттар ғана өз мүддесі үшін күресе алады. Күшті ұлт болу үшін күшті мәдениет жасау керек, сонда ғана әлемдік өркениет кеңістігінен өзіне тиесілі орынды ала алады.
Мемлекеттік тіл- бүкіл қазақстандықтардың тілі. Сондықтан да «Мемлекеттік тілдің проблемасын тек қазақ халқының проблемасы»-деп қарауға болмайды. Әлемдегі барлық өркениетті елдердегідей мемлекеттік басқару жүйесіндегі қызмет істейтіндердің бәрі бұл тілді білуге міндетті. Онсыз ол мемлекеттік тіл болып есептелмейді. Конституциялық талап осы. Оған қоса мәдениеті жоғары адам бірінші мемлекеттік тілді білуге өзі де ұмтылуға тиіс.
Республикамызда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту-бүгінгі таңдағы өзекті мәселе. Ал бұл істің шешуі шыдамдылық пен табандылықты талап етеді және тілді үйрету зорлықпен емес, шынайы ынтамен ынғайланатын шаруа. Мемлекеттік тілді білу-кәсіби талап.
Р.Бисенова,
Қармақшы аудандық соты
әкімшісінің бас маманы
Қармақшы аудандық соты
әкімшісінің бас маманы