АМАНДАСУ ӘДЕБІ АЛЫСТАП БАРАДЫ
Қазақта «Тез басында қисық ағаш жатпайды» деген тәмсіл бар. Тез – киіз үйге қажетті ағаштарды мордан шыққаннан кейін иетін құрал. Уық, керегенің бәрін сол тездің кетігіне салып қисығын түзейді. Осыған орай қоғамда қисық ағаш секілді көзге оттай басылатын, көп болып түзейтін мәселелерді, тасада қалып бара жатқан қазақы тәрбиеміз жайлы сөз қозғамақпыз.
«Сәлем – сөздің анасы» демекші, амандасу – адамдықтың белгісі. Бірақ қазіргі қоғамда қария көрсе алдынан жүгіріп шығып сәлем беріп, батасын алатын жастардың қатары сиреп барады. Тіпті қарсы алдыңа келіп тұрса да, сәлемсіз сөз бастайтындар көбейген. Бұл жағдайда кімді кінәлаймыз? Жазықты қоғам ба, адам ба, тәрбие ме?
Тарих тереңінен тін тартар болсақ, ата-бабамыз амандық сұрауға ерекше көңіл бөлген. Өтіп бара жатқан қарияға, танысын, танымасын, міндетті түрде амандасып, батасын алған. Өйткені, қарттарын – қазына, амандасуды – адамдықтың белгісі санаған. Ал ақсақалдарымыз «Өркендерің өссін», «Көп жаса» деп ізгі тілегін білдірген. Дана халқымыз баланың амандасқанына қарап-ақ тәрбиесіне баға берген.
Міне, сондықтан былдырлаған балдырғанға «атаға, ағаға оң қолыңды бер, Ассалаумағалейкум де» деп амандасу әдебін үйреткен. Ата дәстүр арқылы өскелең ұрпақты бауырмалдық пен сыйластыққа тәрбиелеген. Содан болар, адам үйге кірген кезде босағаға, ауылға барса қариясына сәлем берген. Бағзыда амандасудың да өзіндік әдебі болған. Мәселен, атты кісілер сәлемдеспей бірін-бірі басып озбаған. Хал сұрасқан соң ғана асығыс екендігін айтқан. Ал екі кісі жолыға қалса жасы кішісі «Ассалаумағалейкум!» деп бірінші болып сәлем берген. Жасы үлкені «Уағалайкумассалам!» деп жауап қатқан. Содан соң мал-жан амандығын сұрасқан. Атта отырған адам жаяу кісіге, сау адам сырқат адамға бірінші болып қол созса, қыз-келіншектер ілтипатпен, кішіпейілдікпен иіліп сәлем берген. Ең кереметі, көреген бабаларымыз бейтаныс адамның кім екенін амандасқанынан таныған.
Бұл – елімізді басқалардан өзгешелеп тұратын ерекше қасиет. Атап айтсақ, қарапайым халық ханға тізесін бүгіп, оң қолын жүрек тұсына қойып «Алдияр тақсыр» деген. Дәрежесі тең, бірақ, жақын таныс емес адамдар бір-бірінің бір қолын алып қана амандасқан. Ал таныстар екі қолмен амандасып, екі жаққа алма кезек иық тірестіріп құшақтасқан.
Өкінішке орай, бүгінгі қоғамда кешегі ғажайып ғибраттың қайнары, амандасудың әдебі ұмыт болып барады. Қазіргі заманда кейбір жастар көшедегі қарияларға жүгіріп барып амандасқан былай тұрсын, үйге келген қонақтың өзіне танымаса сәлем бермейтін болды. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, әрине. Хас салтымызды ұлықтап жүрген жастар да баршылық. Десе де, амандықты адамдық емес, құдды сәлемдессе кішірейіп қалатындай тіксініп жүретіндер көңілге кір келтіретіні рас.
Енді өзіміз де жаспыз ғой. Кішілік танытып, бейтаныс жанға бірнеше мәрте амандасып көргенім бар. Сәлемімді алмақ түгілі, бетіме бажырая қарап, жанымнан өте шықты. Осындайда өзімнің де қысылып қалғаным бар. Сәлем беру де, сәлем алу да үлкен қасиет екенін сонда ұқтым. Ол санаға сіңбесе, құр айтқаннан пайда жоқ секілді.
Бойына әженің әлдиі, әкенің тағылымды тәрбиесі дарымаған, уызына жарымаған бүгінгінің жастары бұдан да өрескел дүниені жасап жүр. Ең өкініштісі, еркектердің беттен, қыздардың еріннен сүйіп амандасуы көз көргенге үйреншікті жағдайға айналған. «Өзі ұялмаған өзгенің бетін шиедей етеді» деген осы болар. Атпалдай азаматтар бір-бірінің бетін шөлпілдетіп сүйіп жатқаны намысты қазақтың ұрпағына жарасымды қылық емес. Сондай-ақ шетелдік киноны көріп өскен жастар «салам», «каксың» деп бейтаныс сөздерді айтып шүйіркелесіп тұрады. Кейбірі тіпті таныса да «привет» деп алыстан қол бұлғай салады. Осындай жат қылықты жастарды көрмейін десең көзің бар. Ал көрсең көңіл құлазиды.
Данагөй бабалар салт-санамызды, білім мен адамгершілігімізді, иман мен ибалылығымызды бесіктен берілетін тәрбие арқылы айшықтаған. Сондықтан қазақы тәліміміз алыстамасын десек, амандасу әдебін сақтауды бүгіннен қолға алайық. Шариғатымызда да амандасуды парыз санаған.
Ислам дінінде де сәлемдесу әдептіліктің белгісі екендігі айтылып, қасиетті Құран Кәрімде «Егер сіздерге біреу амандасса, сәлемін одан да асыра не дәл солай қайтарыңдар» делінген. Себебі, амандасу өзара сыпайылық пен татулыққа, мәдениеттілік пен парасаттылыққа апаратын алтын көпір. Сәлем түзелсе, әлем де түзеледі.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА