Үзілмеген сәлем немесе қара шаңыраққа құрмет
– Өткенде осы жерге келіп қарап тұрсам бір жігіт «Біреудің үйіне неге олай қарайсыз?» дейді. Қазір бөтен болып тұрғанымен, бұл шаңырақ мен үшін ыстық. Осы жерге алғаш келгенімдегі құтты мекенім. Мына жердегі көршілерім де есімде. Есімдері ..., – деген апамыз көршілерінің атын атай жөнелді. Арасында «әлі ұмытпаппын» деп қояды өзі-өзіне риза кейіппен. Сағыныштан болса керек, көзіне жас та алып алды. Әңгімесінен ұққаным, бұл үй олардың қара шаңырағы. Ыстық ұясы, құтты мекені, талай жылғы тарихтың куәсі. Бұл көрініс санадағы біраз ойды қозғап, қара шаңырақ деген түсінікке терең бойлатты.
Қара шаңырақ – қазақтың қacтеpлі, қacиетті үйі. Оны «үлкен үй» деп те ерекше құрметтейді. Студент кезімізде ауылға келгенімізде сәлем беруді сол үйден бастайтынбыз. Үлкендер де «Үлкен үйге барып, сәлем беріп кел. Ол – көрегендіктің, білгендіктің белгісі» деп ескертіп отыратын. Ауыл ішінде, ағайындар арасында ертеден келе жатқан сондай бір жақсы дәстүр бар болатын.
Әр отбасының өз қара шаңырағы болады. Ол киелі саналады. Қара шаңырақ екенін біліп барған адам, әсіресе сол отбасынан өсіп, өнген ұрпақ бұрын иіліп кіріп, именіп отыратын болған. Сапарға шықса, не бір жолға аттанарда, қиналған тұста, қысылған сәтте қара шаңыраққа кіріп тәу етуді парыз санаған.
Қазақ дәстүрі бойынша бір әкеден туған ағайындылар ер жетіп, бастарын құраған соң, өз алдарына отау тігіп, бөлек үй болады да, бірі ғана сол шаңырақта әке-шешесінің қолында қалады. Әке өлгенде өзге ұлдарына отау көтергенде бөліп берген еншілерінен өзге сол үйдің бар дәулеті шаңырақ басқан ұлдың иелігіне көшеді. Әдетте, әке шаңырағында кенже ұлы қалатын болған. Әке шаңырағын «үлкен үй» деп атап, отау иелері құрмет тұтқан. Ал бұл шаңырақ осылай бірнеше ұрпаққа ауысса, ата-бабадан жалғасқан «қара шаңырақ» деп аталады. Бірге туысқандар өз әкелерінің шаңырағын «қара шаңырақ» деп емес, «үлкен үй» деп атаған. Демек, қара шаңырақ ұғымы – үлкен үйден де жоғары, қастерлі ұғым. Көне дәстүр бойынша қазақ кемінде жеті атасынан бергі қара шаңырақты жақсы білген.
Ал қара шаңырақ – бір әулеттің тараған түп тамыры. Оны сыйлау – ұлтын сыйлаудың алғашқы баспалдағы. Онда отырған азамат атадан жалғасқан бақ-берекенің ұйытқысы ретінде сол әулеттің қадірлі азаматы саналған. Барлығы құрметпен қарап, жиын-тойда, сый-дастарқан басында сол қара шаңырақ иесі жасы кіші болса да төрден орын алатын. Айналасындағы ақсақал, көксақалдардың өзі «қарағым, сен қасиетті қара шаңырақтың иесісің, жасың кіші болса да жолың үлкен, асқа батаны сен жаса!» деп кішілік танытып жататын.
Қара шаңырақты қастерлеудің тағы бір үлгісі қыста соғым сойғаннан кейін отау үйлер үлкен үй немесе қара шаңыраққа сыбаға апаратын Барлық келін үлкен үйдің босағасын аттағанда оң тізесін бүгіп, сәлем ететін. Ал жаңа түскен келін қара шаңырақтың табалдырығын аттап, сәлем еткен соң отқа май салатын. Шаңырақ иесінен басқа келін ешуақытта төрге шықпайтын. Сондай-ақ үлкен үйге, қара шаңыраққа кіргенде үйде кісі бар болсын, жоқ болсын төрге сәлем етеді. Міне, осының бәрі – қара шаңыраққа деген сый-құрмет, кішілік, инабат.
Мен көрген көрініс те осы қара шаңыраққа деген құрмет болса керек. Қарапайым ғана көріністен көп тәлім алдым. Біз біле бермейтін қара шаңыраққа деген құрметтің құнын түсіндім. Көмескіленіп бара жатқан дәстүрімізді қайта жаңғыртып, түп тамырымыздан ажырамасақ нұр үстіне нұр болар еді.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА