Сынық кесе

Осыдан екі ай бұрын жездемнің қалаға қарасты бір ауданда тұратын жақындары Құран оқытыпты. Жылдық ас беріп жатса керек. Карантинге байланысты көп адам да шақырмапты. Мешіт молдасымен алыс-жақын ағайындары болып өткізеді. Сол кезде көпшілік кетіп, адам аяғы саябырлайды ғой. Сыртта қазан-ошақ басында қызмет атқарған кісілер кірмей кетпесін деп дастарқанға шақырады. Тәтем мен оның абысыны келген кісілерді жайғап, шайларын ұсыныпты. Бір кезде төрге жақын отырған бір ер кісі алдындағы астан алып отырғаны сол еді «мен болдым, шайларыңа рақмет» деп орнынан тұрып кетіп қалады. Түсінбей қалған үй иесі «Ау, болғаныңыз ба? Жаңа ғана отырдыңыз ғой дастарқанға» дейді. Сонда төрде отырған молда кісі: «Апау, ренжімесеңіз мен айтайын. Жаңағы кісіге шай сынық кесемен берілді. Мен байқап қалдым. Ол кесені қолына ала бере көзі шетіндегі кішкене сынығына түсті. Сосын шайды ішпестен батасын қайырып тұрып кетті. Келіндеріңізден бір білместік болды. Ештеңе етпес. Мен сізге мынаны айтайын» деп сөзін жалғапты. «Әсілінде сынық ыдыспен дәм ұсынбайды. Ол қазақтың ырымында, мұсылман хадисінде бар. Сынық ыдыс жүрген жерде «шайтан малғұн» қосарланып дәм татып жүреді. Одан бөлек денсаулыққа зиянды жағы да бар. Үйде жырық ыдысты лақтырып тастайтынымыз сол» деп сабырлы қалыппен түсіндіріпті. Қатты қысылған үй иесі «Ұят болды-ау, қалай байқамағанбыз? Қайдан ғана келе қалды мына кесе? Құртыңдаршы әрі» деп келіндерін ала көзбен бір сыбап алыпты.
Мұны естігенде біраз ойланып қалдық. Кейде сынық кесе келсе мән бермегендей «шайын ішсек болды» деп жылы жауып қоя салатынымыз бар. Рас, жаңағы әңгімеден кейін бәріміз кесемізге қарап қалыппыз. Жеңгем де қатты ұялғанын білдіріп қойды. Қызараңдаған күйі «мен де байқамаппын, әдейі емес. Қазір мына кесенін көзін құртайын» деп ас бөлмеге тұра жөнелді.
Қазақ өзі ырым-тыйыммен жаман нәрселердің бетін қайтарып отырған ғой. Осы әңгімеден кейін біраз үй сынық ыдыстан жаңарып қалар, кім білсін?!
Ерсін СӘДУҰЛЫ