Әженің ашуы

qarmaqshy-tany.kz Үйдің сыртқы тор есігінен далада болып жатқанның бәрі естіледі. Тіпті үйге кім келе жатқанын аяқтың сүйретілген дыбысынан кіреберіс бөлмеде отырып-ақ біле бересің. Күн тас төбеден ауып, есік алдын көлеңке мол жапты дегеннен үйге тығылған жанның бәрі сыртқа шығып, өз тіршіліктеріне кірісті. Күлән әжей де күнделікті шаруасы бойынша шәйладағы майысқан темір легенін қолына ұстап, мал қора жақтан қи теруге кетті. Ал келіні Майра енесіне бестің шәйін беруге қамданды.
Көшенің шаңын ілестіре есік алдына қара көлік келіп тоқтады. Бұл уақытта мейман келеді деп ойламаған Майра «бұл кім?» дегендей қарады. Өз төркін жағынан дейін десе таныстарына ұқсамайды. Орта бойлы ер кісі «Ассалаумағалейкум!» деп үйге кірді. Абдырап қалған Майра иіліп сәлемін салды. «Көп жаса. Апам қайда? Үйде ме?» дегеннен жайылған көрпеге отыра кетті. «Әжені сұрағанына қарағанда, сол кісінінің туысы болды ғой» деп іштей сөйлеп, «Әже қора жаққа шығып кеткен, қазір келіп қалады» деді сыпайы дауыспен. Қонақтың алдына дастарқан жайып, тәттілерін қойып қимылын тездетті. Арғы бөлмеден кішкентай Бағлан көзін уқалап, ұйқысын аша алмай ыңырси шықты. Шешесінің бір аяғына жабысып, етегін ұстай жағаласып жүр. «Ыстық суға күйесің, әрі тұршы балам» деп бір сөйлеп алды. Леген толы қи-тезегімен бір жағына қисая Күлән әжей де келіп жетті. Есіктен ене бере үйдегі дауысқа құлақ түрді. Әлгі қонақ келінге «Сіздің балаңыз ба?» деді дауыстай. Бұл сұраққа сасып қалған Майра біраз кібіртіктеп «Я, ұлым» деді. Осы сәтте Күләннің түрі бозарып, көңілі бұзылды. Аяғындағы галошын тарсылдата шешіп, сықырлаған ағаш еденді бар күшімен басып кіріп келді. Бірден көзін келінге алартып, одан етегін ұстап жүрген немересіне қарап «шешеңе жабыспай әрі тұр» деп жекіп салды. Сол ашумен дастарқанға отырып келген қонаққа да дұрыс қарамады. «Апа-ау, қалайсыз? Ашулысыз ғой. Қорадағы ешкілер сүзіп жіберген жоқ па еді?» деп күліп жатыр. Майра үнсіз ғана ыстық шәйін құйып, екі қолымен ұсынды. Күнде жайдары отырып шүйіркелесетін Күләннің шекесі тырысып отыр. Тек келген қонақпен сөйлесіп, әңгімесін айтуда.
Біраз уақыттан кейін әлгі мейман орнынан қозғалды. Күлән әжей де тұрып, шығарып салды. Енесінің қатулы қабағынан қорыққан Майрада үн жоқ. Іштей ұрсатынын біліп, қасында қосарланып жүр. Үйге қайта кірісімен бар ызасын шығарды. «Солай де. Сенің балаң екен ғой. Ойпырмай білмей жүр екенмін. Немене, кемпірдің баласы деп айтуға аузың бармай қалды ма? Әлде балаңды тартып алады дедің ба? Қарайгөр тегі. Қасыма алып жатып, баққаным далаға кетті десейші». Осылай бар ашуын алып, сөйлеп жатыр. Майра қызарған күйі төмен қарап, енесінің сөйлеп болғанын күтті. «Апа, кешіріңізші. Мен әдейі айтайын деп айтқаным жоқ. Қонақ сұраған соң айтып қалғаным. Бөтен ойым жоқ. Апа-ау, ренжімеңізші» деп құшақтай алды. Күлән әжей іштей көңілі жібісе де білдірмей «Қойш әрі, сенің-ақ балаң болсын» дегеннен теріс қарап қалды. Майраның көзі жасаурап, сыртқа шығып кетті. Болған жағдайға түсінбей қарап тұрған кішкентай Бағлан ол да иегі кемсеңдеп жылауға шақ тұр. Немересіне қарап «Көзің бақырайып неғып тұрсың? Бар шешеңе» деп ұрсып жіберді. Ашуы басылып, есіктен келінінің көзінің жасын сүртіп, ауланы сыпырып жүргенін көріп «Қап, қатты ұрсып жібермедім бе?» деген күйі жүрегі елжіреп кетті. Шамалы уақыттан кейін Майраны қайта шақырып, жылы шырай танытты. «Мені қашанғы жүреді дейсің, ертең кетсем осы бала өздеріңе қалады. Оған дейін менің балам, шаруаларың болмасын.Өз балаңды туып ал. Түсіндіңдер ме? Бар шәйіңді қайтадан қой, дұрыстап ішейін» деп келінінің маңдайынан сүйді. Немересін алдына алып, еркелете бастады. Ең бастысы түнерген қабақтың жазылғанына қуанған Майра ас бөлмеге асықты. Аяқ астынан көтерілген ашу осылайша бәрін бір жиып алды.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
01 ақпан 2023 ж. 553 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 023

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031