» » Қайран, қыстың қызығы-ай!

Қайран, қыстың қызығы-ай!


Міне, қыстың бір айын артқа тастадық. Жаңа жыл да есік қағып тұр. Десе де қыстың өзіне сай әдемілігі байқалмайды. Бәлки балалық шақтың сағымы тым алыстап бара жатқанынан болар...
Балалық шақ дегеннен шығады ғой. Әдеттегідей түскі үзілістен жұмысқа бара жатқан бетім. Күн де аса қатты суық емес. Әйтсе де көшеде ойнап жүрген баланы кездестіре алмадым. Сірә, жылы үйде жатқан шығар. Қалтафонды қойынға қыстырып сол әлемге еніп те кеткен болуы бек мүмкін. Ал бізде қалай еді?
Қыс десе көз алдыға қалың қар елестейді емес пе?! Біздің де балалық шақ сол қыстың қызығымен өтетін. Сабақтан келіп, іле-шала пеш түбіне кептіріп қойған «ойынға киетін киімді» жалма-жан үстіге іліп далаға беттейміз. Бар қызық ойын да сол. Әкеміздің алып берген темір шанасына көрпешені төсейміз де көшеге шығып алып, бір-бірімізді оңды-солды сырғаната жөнелуші едік. Шана жоқ болса қос қолды артқа жіберіп , отырғызып алып сырғанай береміз. Ойын кезектескенде жасы кіші балаға үлкендеу біреусі түссе сырғаната алмай қара терге түседі. Кейде салмағын көтере алмай топ етіп құлайды. Мұның өзі қызық. Бұл ойынның бәрі бізге қуаныш сыйлайтын. Сол сәттегі балалардың шат күлкісі мен жарқын даусы әлі күнге дейін құлағымда. Ол кезде көшеде бүгінгідей зулап жатқан көлік те жоқ. Тап біз құмары қанып ойнасын дегендей...
Қала берді үй маңындағы биік боп тұратын төмпешікке су құйып мұз қылып қатырып аламыз. Биіктен төмен қарай сырғанағандағы сезім тіптен бөлек. Жүрек бір көтеріліп, бір басылатын. Адреналин деп осыны айт.
Күн қанша суық болса да үйге қайтуға асықпайтынбыз. Сырғанақ теуіп дене де қызған, екі бет суықтан алмадай боп қызарған. Мұның бәрі ойынға еш кедергі келтірмейтін. Ауру-сырқау да болмайтын. Ал қазір далаға бір мезгіл шығып келген баланың мұрнынан су ағып, пысылдап қалады емес пе?!
Мектептегі қызықтың жөні бір бөлек. Біз қатарластардың бәрі «қар атыспақты» жақсы білетін болар. Сабақ аяқталып есіктен шыға беріс тұста оқушылар бір-бірін аңдып тұрады. Ал қыздар қауымы сол мезетте қашудан сытылып шығу үшін «стартта» тұрады. Себебі «майлау операциясына» түсіп қалатынын әу бастан жақсы біледі. Қанша құрыққа түспеймін дегенмен жігіттердің жылдамдығы бізден асып түсетін. Бір бұлданып аламыз да қарсы шабуылға шығамыз. Осылайша үйге қалай жеткенімізді тіпті аңғармай қалушы едік.
Біздің балалық шақтың тәтті естелігі осылай санада әлі сақтаулы тұр. Дегенмен бүгінгінің ойын баласы қалтафонға телміріп уақыт өлтіргеніне іштей налып қаласың. Оның орнына бір мезгіл далада ойнап келсейші. Сол кезде көңіл де тоқ, ұйқы да қанық болар ма еді? Ал ұялы телефонға әуес балалардың ұйқысы әсте қанбайды.

Ақнұр САҒЫНТАЙ
04 қаңтар 2021 ж. 995 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 004

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031