АУЫЗ БЕКІТКЕН АЛҒАШҚЫ ЖЫЛ
Менің әкем – үйдің ортаншы ұлы. Ата-әжеден бөлек тұратынбыз. Сол үшін де әр сенбі, жексенбілік демалыста «үлкен үйге» сәлем беріп, батасын алып қайтамыз. Біз Шиелідегі базар маңындағы орталықта тұрдық. Әке-шешемнің үйі әліге дейін сол жерде. Ал ата-әжемнің үйі теріскей беткейде (біз Шанхай деп атайтынбыз) орналасқан еді. Арғы бет пен бергі бетті байланыстыратын көпір бар. Содан өтеміз. Көбіне жаяулап барамыз. Бала болған соң көпірдің үстіне шығып, айналаны төбеден барлау, жоғарыдан көз тастау бәрінен қызық көрінетін.
Атам молда кісі болатын. Бөлмесіндегі үстелдің үстінде Құраны, қосымша діни кітаптары тұрады. Өзі үй жинағанда «сенімді» деген қыздарына ғана бөлмесін тазалауына рұқсат беретін. Барлық бөлмеде еркін ойнап жүрген соң атамыздың бөлмесіне кіргіміз-ақ келеді. Бірақ бала болған соң онда жолата қоймайды. Бір туған бауырлардың балалары бас қосқанда у-шу болып, тентектік жасайтынымыз бар-ды. Сондайда атамыз қабағын сәл көтергенде біз «жым» бола қаламыз.
Өзі қатаңдау кісі еді. Оны-мұныны жарата қоймайтын. Бұл қасиет әкемде де бар. Одан маған да «жұқты». Бір қызығы, біз сұсты, қатал көретін әр жанның жүрегінде ерекше мейірім жасырынған. Бірақ онысын көпшілікке көрсеткісі келмей, қаталдықпен «қаптап» қояды. Мен соны атамнан да, әкемнен де жиі байқаушы едім. Жанарларында тұратын салқынқандылығы жүрегіндегі жылулықты сездіретінін кештеу түсіндім ғой. Бала кезде көп ұрысады, рұқсат бермейді деп кей қасиетін жете ұғына алмаппын-ау...
Ол кездері мен мектеп жасындағы баламын. Ес білгелі атамның бес уақыт құлшылығын құныттағанына қанық боп өстім. Жылына бір келетін қасиетті айда барлық балашағасының басын қосып ауызашар өткізетін. Кішкентай болсақ та сол уақытта оқылатын Құран хатымды, қаумаласып оқитын тарауихты көзіміз көп көрді.
Сондайда қыздарды, яғни бізді дастарқан жайысуға қолғабыс етуді тапсырады. Үстелге құрма мен суды, бауырсақ пен майды қоямыз. Бүгінгідей жайқалған дастарқан жоқ. Бірақ береке бар-ды.
Атам 2011 жылы қасиетті мекенге қажылық сапарын өтеуге аттанды. Ол кезде 11-сыныпта оқитынмын. Сол жылы алғаш рет ауыз бекіттім. Қазіргідей оразаның қадірін жете түсіне алмасам да, алғашқы қадамым сол кездерден басталған еді. Ол жылдары шіліңгір шілденің шағы.
Рамазан айының өзіне тән қасиеті бар. Күніңе береке тілеуден бастасаң, Жаратқанның саған жасаған тосынсыйлары толастамайды. Алла жолында ауыз бекіткен әр жанның дұғасы сөзсіз қабыл болады. Себебі түнгі тәтті ұйқыны төсекке тастап, Алла жолында амал қылған әрбір әрекеттің сыйын Жасаған Иеміз үйіп-төгіп береді. Өйткені ол Береген, Кеңшілік иесі, шексіз мейірімді ғой... Дұға демекші, сол жылдары жасаған дұғаларым ойға оралып тұр.
Ауыз бекіткен алғашқы жылдың Қадір түні. Ол кезде көп дүниені білгем жоқ. Оны мойындаймын, жасырып қалғым да келмейді. Жоғарыда айтқанымдай, менің алғашқы оразам мектеп бітіретін жылмен тұспа-тұс келді. Ойым сан-сақта. Әрине, ойымның басым бөлігі – оқуға түсу. Оның ішінде алып шаһар Алматыға аттану. Сонда Қадір түнінде анам жетектеп мешітке тарауихқа апарды. Ағымнан жарылып Алламен сырласу қажеттігін айтты. Мен де Жаратқаннан жасырып қалмадым, қалауымды қалай бар солай сұрай жөнелдім. Қалауды құлшылыққа қосуды сол сәттен бастап үйреніп, Алла алдындағы ашықтықтың іргесі сол кездері қаланғандай. Ол кезде жаз айы. Тамыз басталса ЖОО-на түскендердің тізімі шығатын газетті асыға күтеміз. Әлгі газетте өзім қалағандай оқуға түскенімді көріп қуанғаным бар. Ауылдық квотамен соңғы болып ілініп, мемлекеттік грантқа түсіппін. Иә, осылай алғашқы оразада «Ақнұрдың арманы» Алланың қалауымен орындалып еді. Расында, жүректер Алланы еске алумен тыныш табады емес пе?! Ендеше адамға емес, Аллаға жиірек алақан жайып тұрған абзал.
Бір қызығы, ақырет туралы түсінігім бала күнімнен атамның дін жолында жүруін көп көруіммен байланысса, екінші бір қырында анамнан естіген сөздерім болды. Кез келген қиындық болғанда үмітін үзбей, «Құдай өзі жеткізер» деп іштей бір сенімінен таймай жүретін. Көзкөрген осы дүниелерімді мен әліге дейін ұмытпаймын. Жадымда «жақсы әдет» боп жатталып қалған. Анам үнемі әр түн сайын истиғфар айтуын үзбейтін. Әлі де үзбейді, шүкір. Оның түнде айтатын күбіріне еріп мен де сөйлеп жатамын. Осылай шүкір етуді шешемнен үйрендім.
Әріпті үйреніп жүргізіп оқуға үйренген баладай мен де жыл өткен сайын оразаның қадіріне көз жеткізе бастадым. Жасауға тиісті амалдарды сараладым, ойыма ой қостым, рухани азық алдым, білім жидым, дамуға, ізденуге ден қойдым. Осылайша бір Рамазанда келесі Рамазаннан артық амал қылуға тырысып келемін.
Әлгінде айтқандай атам бес парызын орындауға күш салды, қажылық парызын да өтеді. Елге келген соң әкемде «қажының ұрпағымыз» дейтін абыройлы түсінік қалыптасты, оны өзі бізге жиі айтып жүрді. Бұл сөз құлағымда қалып қойды. Қажы ұрпағының атына тіл тигізбей жүргізуді аманаттады. Содан бері атамыздың атын жақсы жаққа шығаруға тырыстық. Енді өткенге көз тастап қарасам, әкем бұл сөзді тегін айтпаса керек. Құдай аузына біз естісін деп салғандай көрінеді кейде.
Тілшілік тірлікте жүргеніме биыл тұп-тура 10 жыл болған екен. «Етегінде жүрген соң күнде көріп, таулардың биіктігі байқалмайды» дегендей газеттің әр нөмірінде аты-жөніміз жиі шығады. Бірақ сондағы тегімде тұрған «Сағынтай» атамның өзі өмірден кетсе де, атының өшпей тұрғанын ойлап, іштей қуанып қаламын.
Ораза деген кезде де бірінші ойыма атам оралды. Себебі мен діни жоралғыны, адал жүруді, сүннетке сай амал қылуды сол кішкентай кездегі атамның қарашаңырағына барғанда көп көрдім. Бала күнгі көрген дүние есте жақсы сақталып, ұмытылмайтыны бар емес пе?! Дәл солай күні бүгінге дейін әкемнің балалық шағы, өзімнің де бал күндерім өткен атамның сол үйіндегі тәтті естеліктер көз алдымда кадр секілді зырғып өте шығады. Ораза туралы алғашқы түсінігім де сол үйдегі естеліктермен қабысса, ауыз бекіткен алғашқы жылым атамның қажылыққа барған сапарын еске салады екен...
Ақнұр САҒЫНТАЙ