» » БАЛА КЕЛЕШЕК КІЛТІ

БАЛА КЕЛЕШЕК КІЛТІ

«Бір жылдығыңды ойласаң, күріш ек.
Он жылдығыңды ойласаң, ағаш ек.
Жүз жылдығыңды ойласаң, бала тәрбиеле!» деген атам қазақ мәңгілік ел, мәңгілік ұлт болып қалуды, рухы мықты қазақи болмысымызды сақтап қалуды көздейді.
Адамзат ұрпағымен мың жасайды дейміз. Табиғат заңдылығымен жұптасып, отау тігіп, отбасын құрып, ұрпақ жалғастырамыз. Өмірге сәби келуі – сүйінші сұрауға тұрарлық қуанышты жаңалықтың бірі. Мұндай кезде біреуі ата-әже атанып қуанса, екіншісі әке, ана деген ардақты есімге ие болып, ұрпақ жалғасып өміріне елеулі өзгеріс енеді.
Өмірге келген сәбиімізге «Бауы берік болсын! Алла тағалам мықты денсаулық, бақыт, ұзақ өмір берсін. Аман-есен ер жетіп, елінің айтулы азаматы болсын! Қызымыз қазақтың қызы деген ғажап атқа лайықты болсын!» дегендей баталар беріледі.
Сосын осылай аңсап күткен балаларымыз сол үмітімізді ақтап, елеулі жетістікке жеткен намысты тұлға болғанын қалаймыз. Ол өздігінен бола қоятын шаруа емесі белгілі. Ол үшін балаға жауапты отбасындағы ата-ана. Содан кейін жақындары, мектеп, қоғам болып жауаптылықты алуымыз керек.
«Бала тілі – бал» деп былдырлаған тілін, қылығын қызық көріп, бейпіл сөздер айтқызып, кейде шектен тыс еркелететініміз жасырын емес. Кей ағаттығымыз осы тұстан басталарын сезбейміз. «Баланы жастан, келінді бастан...» деп неге айтады? Жастайынан бала бойына жақсы тәрбиені сіңіру арқылы үлкейгенде жақсы нәтижеге қиындықсыз қол жеткізеріміз сөзсіз.
Қазір қоғамда баласына айтқанын тыңдата алмайтын, үлкенді құрметтеу, адамды сыйлау деген ұғымнан алыстаған, аузы балағат сөзге толы, құмар ойынға беріліп, түрлі майда бұзақылық пен ұрлыққа машықтанған, топ-топ болып төбелесіп, қатыгез мінез танытып жатқан жасөспірімдер жайлы балаларына арызданатын ата-аналарды кездестірудеміз. «Тамағы тоқтық, көйлегі көктік, зздырар адам баласын» деп Абай атамыз айтқандай, дайын тамақ, дайын төсек, не ішемін десе де әзір ас болып отырған көп жастың үйдегі ата-анамен байланысы алшақтап, әлеуметтік желілерден виртуалды дос іздеп, қиял әлеміндегі өмірді аңсап, түрлі ойындарға әуес болып, телефоннан бас ала алмай байланғандарынан жан-жағындағы әлемді сезінбейтін күйге түскен. Білімнің, жауапкершіліктің, өзін бағалаудың, барды құрметтеудің қадіріне жете алмаған, алға қойған айқын мақсаты жоқ, өмірді мәнсіз қабылдаған мұндай ұрпақтардан болашақ не күтеді?
Ал осындай құлықсыз, бойкүйез, жалқау жастарды болдырмаудың алдын алу мақсатында қазір бүкіл қоғам, мемлекеттік те, мемлекеттік емес те ұйымдар іске кірісуде. Кешегі өткен аталарымыз Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаевтарды неге тілге тиек етіп, мысал ете береміз. Ахмет Байтұрсынов:
«Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындар мен емес, бір күнгі ісін.
Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын,
Ел бүгіншіл, менікі – ертеңгі үшін!», – демей ме?
Өйткені олар бүгінін емес ертеңін, яғни біздің өмірімізді ойлады. Өздері өткен қиын жолдармен бізді жүрмесін деп, бізге жеткізген мұрасын сақтап, келер ұрпақтың өміріне жалғастырсын деп аманаттап, жанкештілікпен өмірін пида етпеді ме?! Біз сол аманатқа қиянат жасамайық!
Ата-аналарымыз баласына жаман болсын деп ақыл айтпайды. «Баласы жаманды түйенің үстінен ит қабады» дегенді де намысшыл қазақ айтып кетті. Өкінішке орай, бесіктен белі шықпай жатып ерте жүктілік, телефонға, құмар ойындарға, есірткіге тәуелділік, ішімдікке салыну, қылмыскер атану деген сөздер естіген құлаққа түрпідей тиіп жатыр. Кейіннен «Қателік қай жерден кетті? Кім кінәлі?» деп өкінбей, біреуден кінәрат іздемей, осындайдың алдын алу әлдеқайда тиімді.
Ата-ана – балаға ең жақын дос, ақылшы, тілеуқор, демеуші. Ата-ана өз перзентінің жетістігі үшін жар құлағы жастыққа тимейтін асыл жан. Өмір болғасын түрлі тағдырлар кездеседі. Өкінішке орай, үйінде береке жоқ, ерлі-зайыптылар арасында күнде ұрыс, күнде айқай, тұрмыстың төмендігі, жетіспеушілік салдары, ішімдікке салынған, жауапкершіліксіз отбасыларда жас жеткіншектердің тәрбиесіз өсіп келе жатқандығы қынжылтады, алаңдатады. Тек осындай ортада ғана емес барлықтан басы айналған, шектен тыс «мәпелеудің» салдарынан да түрлі жағымсыз әдеттенген жасөспірімдер түрлі бұзақылыққа бой алдырады. Мұндайда ата-ана күнде баласын қадағалап, немен айналысып жатыр, бос уақытын қалай өткізуде, әлеуметтік желілерде баласы қандай сайттарды қарауда, жүрген ортасы қандай, достары кімдер, оқу үлгерімі қалай екен, баламның бойында қандай ерекше қасиеттер бар деп алаңдайтын болса, сол сұрақтарға нақты жауаптар тапса, көп істің алдын алар еді. Әсіресе, қыз балаларға анасы болашағы жайлы сөз қозғап, ар-ұят туралы көбірек айтса, ибалылықты, сабырлылықты, жинақылық пен ұқыптылықты үйретсе – нұр үстіне нұр. Ер балаға да дәл солай ана да, әке де үлгі болуы керек. Баланы жастан әдептілікке, кітапсүйгіштікке, білімге, мейірімділік пен жауапкершілікке баулу ата-анадан күтілетін іс.
«Шаңырағыңды тәрбиелегің келсе, ұлды, елді тәрбиелегің келсе қызды тәрбиеле!» деген дана халқымыз сөзден жаңылған емес. «Ең мықты адам – баласына дұрыс тәрбие берген адам», «Балаңды кішкентай кезінде еркіне жіберсең, өскен кезде дертіне жауапты боласың», «Шеше баланың мінезін тумайды, бірақ тағдырын туады» деген сөздердің астарында үлкен тәрбие жатыр. Сондықтан да, бала тәрбиесіне бей-жай қарамай, ерінбей, баламен уақыт өткізіп, ой бөлісіп, үй тірлігіне балаларды араластырып, білмесін үйретуден жалықпайық. Себебі бала – біздің болашағымыз.
Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Жақсы тәрбие мен білімді серік еткен, өзін жетілдірумен айналысатын, сана мен ақылы үйлесім тапқан жастарымыз да жетерлік. Олар тек бір отбасының емес, бүкіл қоғамның, мемлекеттің, ұлттың мақтаныштары болуға әбден лайық. Етек-жеңімізді қымтап, қызымызды ұятты, қылықты, ұлымызды арлы, ұлағатты етіп өсірумен жарысайық.
Әмина КЕТЕБАЕВА,
аудандық ауруханасының психологы
11 наурыз 2025 ж. 145 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№18 (10386)

08 наурыз 2025 ж.

№17 (10385)

04 наурыз 2025 ж.

№16 (10384)

01 наурыз 2025 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

21 қаңтар 2025 ж.
Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 478
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31