Бала болашағы – ойланатын мәселе
qarmaqshy-tany.kz Соңғы уақыттары желі бетінде қыздар төбелесі, жасөспірімдердің топтық төбелесі, ауыр соққымен жабыла зәбір көрсетуі, қатыгез жастар, темекі және синтетикалық заттарды шегу, пайдалану, ерте жүктілік, сол сияқты тағы басқа да жағымсыз көріністер белең алуда. Қоғамды арызқойлық, ездік, әлсіз-ынжықтық, қатыгез-аярлық, қаныпезерлік, зорлықшыл, қара ниетті қанішерлерді көрсететін видеокөріністер жайлауда. Бұл сонда, жарнама ма?
Заң жоқ емес бар, соны орынды пайдаланса, бұлай өршімес еді.
Бұрын үлкендер жаман сөзді, жаман хабарды айтқызбайтын, тараттырмайтын, «Тәйт!» деп тыйып тастайтын.
Шығыста «Бір күндігіңді ойласаң күріш ек, он жылдығыңды ойласаң ағаш ек, жүз жылдығыңды ойласаң ұрпағыңа жақсы тәлімтәрбие бер» деген қағида бар. «Балаңды ұлша тәрбиелесең – ұл, құлша тәрбиелесең – құл болады» деген А.Байтұрсыновтың сөзін естен шығармаған абзал-ау. Әжелер, әкелер институты қалай жұмыс істеуде? Бесік жырын айтып, ұлды – ұрпағым деп намысты, ержүрек қып, қызды – болашақ ана деп тәрбиелейтін аналар ақылы қайда қалды?
Ұлттық намыс пен салтты, менталитетті кім үйретеді? Отбасында мейірім мен махаббатқа қанып өспеген бала сол қаттылығын, аштығын қоғамда көрсетпесіне кім кепіл. Үлкеннің алдын кесе өтпейтін, бірі бәрі үшін, бәрі бірі үшін жауапты жастарымыз қайда, жүрегінде мейірімі бар, ұят, ар-намысты ойлайтын, бір-біріне дос, жанашыр бала қайда кетті? Қайтпек керек?
Отбасы – адамзат бесігін тербеткен, тәрбиенің қайнар көзі, жылы ұя болса, баланың басты ұстазы – ата-анасы. Сондықтан баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуына ең алдымен ата-анасының тәрбиесі негізгі рол атқарады.
М.Әуезов: «Адам баласының жаман құлқы жаратылысынан емес, өскен орта, көрген үлгі, өнеге білетіндігінен. Көпшілікті адамдылыққа тәрбиелеу үшін жас буынды жақсылап тәрбиелеу керек» дейді.
Ата-ананың жауапкершілігі: бала әкеден – ақыл, анадан – мейір алуында. Ал, ата-анаға баладан қымбат ешкім жоқ. Баланың тәрбиелі немесе шектен тыс дөрекі болуы ең алдымен отбасындағы өнегеге байланысты. Отбасы мүшелерінің барлық қылықтары, іс-әрекеттері балаға бұлжымас заң тәрізді көрінеді. Міне, сондықтан да әрбір атаана баласының көсегесі көгерсін десе, өздері тек жақсы жағынан көрінуі тиіс. Бұған қоса, баланың бойына қайырымдылық, жауапкершілік қасиеттерін де сіңіру өте маңызды. Ол үшін ата-ана бала тәрбиесінде барлық жағдайда әділетті, қайырымды болуы тиіс. Бірінші кезекте мейірбандыққа тәрбиелеуге баса көңіл бөлгені жөн.
Қазіргі кездегі көп жанұяның әлсіреуі, бала тәрбиесінің ақсауы ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігінің жоқтығынан, өзара түсініспеушілігінен, бір-біріне үлкен ықыласпен және қамқорлықпен қарай алмайтындығынан дер едім. Мәселен, баланы тұрмыстағы жұмыстарға араластыру оның ісін орынды мақтап, әділ баға беріп, ұқсата алмағанына ұрыспай, жаймен түсіндіріп отыру еңбекке деген қажеттілікті қамтамасыз етеді. Бірақ, жақсы көрудің жолы осы екен деп теріс қылығы мен оң ісіне бірдей қарап, баланы елпектете беру – артық қамқорлық. Тағы бір елеулі кемшілік, үй ішіндегі әркім өз ісімен айналысып, бір-бірінде онша шаруасы болмай, баланың өз бетінше әрекет етуіне жол ашуы. Баламен қарым-қатынаста, жалпы отбасында бірін-бірі шын құрметтейтін қарым-қатынас туғызу керек. Осындай сыйласым, мейірбандықты көріп өскен баладан жаман қылықтар туындауы мүмкін емес. Сол сияқты ата мен ананың әлдиіне тәрбиеленіп, жанұяның жарасымдылығын көріп өскен бала кейін өскенде отбасы ынтымағын сақтайтын жақсы адам болып қалыптасады.
Кей ата-аналар балаға деген сүйіспеншілікті тек оны жақсы киіндіру, тамақтандыру деп қана түсінеді де, жеткілікті мейірімнің жоқтығынан азап шегетінін білмейді. Жасыратыны жоқ, кей жағдайда ата-аналар жеке бастың қамын күйттеп, баланы қараусыз, бақылаусыз қалдырады. Баланы еңбекке араластырудың орнына әзірге мәзір етіп, бәрін дайындап қоюға тырысамыз. Кейбір ауқатты адамдар баласына машина әперіп, есепсіз ақша аямай, қатарынан кем қылмаймын деп дандайсытып жібереді. Әрине, ондай балалар өзімшіл боп, дайын асқа ие болуды ғана біліп, еңбектің дәмін сезбейтін, жалқау, жанаяр болып өседі. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деп Абай атамыз айтқандай, озбырлық та осындайдан пайда болады.
Ата-ана баласын өмірге құштар еткісі келсе, оның неге икемі бар, соған мән бергені жөн. Сөйтіп, оның қоршаған ортаға өзіндік көзқарасын туғызып, жақсы мен жаманды ажырата білуге баулығаны абзал. Үйде ата-анаға көмек көрсету, қамқорлық жасау, айналасындағыларға қамқорлықпен қарау, еңбекке қатысу баланың жеке басын дамытады. Баланы кез келген еңбектену ниетіндегі бастамасын үнемі қолдап отырған жөн. Үйірмелерге қатыстырып, икемін шыңдай түсу қажет. Бұл ұрпағының келешегін ойлаған әрбір ата-ананың бұлжытпай орындайтын төл міндеті десек қателеспеймін.
Біз қоғамда адам мәдениетінің жеткіліксіздігінен зардап шегеміз. Мәдениетті жанұяда бір-біріне дауыс көтеру, айқай, орынсыз жанжал жоқтың қасы. Ата-ана балаға арнайы уақыт бөліп жатпаса да әрбір сөйлеген сөзімен, іс-әрекетімен әсер етіп, тәрбие үздіксіз жүріп жатады. Балаларымызға дұрыс тәрбие беріп, еліміздің болашағына атсалысайық. Отбасындағы тәрбие балаға өмірлік азық екенін естен шығармайық. Ұрпағымыздың саналы тәрбие, терең білім алуына көмегімізді аямай, оның болашағы туралы ойланайық, ағайын!
Әмина ТАХИРҚЫЗЫ,
психолог