» » Қаржы саласының қос ардагері

Қаржы саласының қос ардагері


   Жанұямыз жайлы сөз қозғасақ, көңіліміз көтеріліп, жанымыз жылитыны рас. Себебі, бұл біздің өміріміздегі – ең қымбат орта, жүрегі жақсылықты ғана қалайтын жандар мекені. Қоғамымызда үйде де, түзде де қол ұстасып бірге жүрген жарасымды жанұялар бар. Барлығына ортақ дүние – олардың бір салада жұмыс атқаруы.
    Әңгімемізге арқау болғалы отырған кейіпкерлер кентіміздегі өнегелі жанұялардың бірі – Пірназаровтар әулеті. Отағасы Бақытбек Сыдықұлы мен отанасы Гүлжан Жәлелқызының бір шаңырақ астында тұрып келе жатқанына 40 жылға жуықтаған. Мақсаты, мүддесі, тіпті қызмет ортасы да бір ерлі-зайыптылар бала тәрбиелеуімен, үлкенді құрметтеуімен, жарасымды сыйластықтарымен көпке үлгі болып келеді. Байқағанымыздай, бір салада қызмет етудің отбасындағы түсінісудің, сыйластықтың орын алуында пайдасы көп.
   Берік жанұяның иелері – осы ауданның тумасы. Мектепті бітірген соң, екеуі де еңбекке араласады. Бақытбек әкеміз аудандық «Қазсельхозтехника» мекемесіне жұмысшы болса, Гүлжан анамыз Жосалы ПМК-1602 жылжымалы мехколоннада сылақшы-бояушы болып алғашқы еңбек жолын бастаған. Еңбекпен есейген ер азамат Кеңес әскерінде 2 жыл Отан алдындағы борышын өтеп, Семей қаласындағы «Қаржы экономикалық техникумынан» финансист мамандығын меңгеріп шығады. Кейіннен Алматы халық шаруашылығы институтының «Қаржы және Несие» факультетінде экономист мамандығы бойынша білімін жетілдіреді. Ал Гүлжан анамыз Алматы қаласындағы В.Ленин атындағы политехникалық институттан «Инженер-экономист» мамандығын меңгереді. Оқу бітіріп туған елге келген білікті мамандар ауданда қызметке кірісіп, жаңа шаңырақтың іргесін қалайды. Экономика саласында қызметтің түрлі деңгейін жауапкершілікпен атқарған жұбайлардың еңбегін біз тізбектемесек те, ел анық біледі.
– Мамандықтың оңайы болмайды. Әр мамандықтың өзіндік ерекшеліктері бар. Солардың арасынан бүгінгі заманға сай, есеп-қисапқа толы толы қаржыгер мамандығының ерекшеленетіні сөзсіз. Әсіресе мемлекеттің қаржысына келгенде жауапкершілік екі еселенеді. Жұбайым екеуміздің атқаратын қызметіміз әртүрлі болғанымен, бір салада жүргеннен кейін бір-біріміздің қателігімізді түзеп, көмектесіп, керек кезде қолдау білдірдік. Өмірлік ұстанымым – қай кезде де адал және жауапкершілікті болу.  Бүгінде балаларым мен немерелеріме де осыны айтып отырамын. Қызмет жолында қарапайым маман да, басшы да болдық. Десе де, осы жолда қарапайымдылық пен адалдықты ту еттім. Себебі адалдық бар жерде береке бар. Ал қызметтік мансап ол уақытша дүние, – дейді Бақытбек Сыдықұлы.
   Расында әр мамандықтың өзіндік қиындығы мен қызығы, ерекшеліктері бар. Есеп-қисапқа толы қаржыгерлік қызметпен үй тірлігін үйлестіре білген анамыз да бір салада жұмыс істеудің артықшылығы мол екенін алға тартты. «Бір салада қызмет ету отбасылық өмірімзге еш қиындық тудырмады. Керісінше бір-бірімізден кеңес сұрап, талқылайтынбыз. Ортақ тақырып, ортақ дос-жаран бізді біріктірмесе, жалықтырған емес. Сандармен жұмыс істегендіктен болар, өмірімізге де осы жүйені орната білдік деп ойлаймыз» дейді ағынан жарылып.
   Бала тәрбиесіне келгенде өзіндік қағидалары бар жанұяның отанасын сөзге тарттық. 3 перзент өсіріп, 6 немере сү йіп отырған әже
– Отбасындағы ең басты дүние – татулықты ұстау, ауызбіршілікте болу. Өмір болған соң, түрлі жағдай болып тұрады емес пе? Сондайда пікір мен көзқарас сай келмей жатады. Ондай сәттің өзінде әкесі екеуміз балалардың көзінше сөз таластырмаймыз. Көп жағдайда оларға көрсетпеуге тырысамыз. Бұл – біздің отбасының мызғымас ережесі. Осылай балаға деген тәлім-тәрбиені өзімізден бастайық деп шештік. Себебі біз еңбек етіп жүргенде де, жұмыста болған кезімізде де бізге қарап бой түзейтінін ескеріп, үлгі болуға тырыстық. Қазір барлығы шүкір. Немерелер сүйіп отырмыз. Енді осылардың тату болуына тілекшіміз, – дейді Гүлжан Көбекова.
   Бүгінде еңбегінің зейнетін көріп отырған қаржыгерлер қорасында азын-аулақ мал ұстап, көктем келгенде бақша егуді қолға алған. Ондағы көздегендері – балаларына еңбектің үлгісін көрсету. Оларды күтіп баптауда жолдасым екеуміз бұрын балаларды, қазір немерелерді ерте жүреді екен. Балалар еңбекпен есейсін, әр нәрсенің қадірін білсін, бос уақытын тиімді пайдалансын деген ниет. Малға қарау арқылы ақты құрметтеуді үйренсе, бау-бақшаға қолғабыс етіп балғын өнімнің дәмін татады. Әрі күнделікті тұтынып отырған қияр-қызанақтың өзі үлкен еңбекпен келетінін түсінеді. Сондай-ақ аулаға гүл егуді қолға алған. Оған қарап сұлулықты сезінсе дейді. Жалпы айналамыздың жап-жасыл болып тұрғаны көңілге қуаныш сыйлайды емес пе?
– Бала тәрбиесі келген талапшыл болсақ та, мамандық таңдауды перзенттеріміздің өзіне қалдырдық. Үш перзентіміз де өздері қалаған маман иесі атанды. Динарамыз – экономист, өзі тұрмыс құрған Жалағаш ауданында қызмет етеді. Дәуреніміз – №121 мектепте ұстаздық етсе, Дәулетіміз – Қызылорда қаласында «Казтелеком» мекемесінде инженер қызметін атқарады. Келіндерім мен күйеубалам да өз мамандықтарын тапқан жандар. Бірі – дәрігер, бірі – ұстаз, енді бірі – кәсіпкер. Құда-құдағайларымыз да адал еңбектен бақытын тапқан жандар. «Құдам бар» деп мақтанатын халықпыз ғой, мен де өскен-өнген әулеттермен құда болып, бәйтеректей жайқалып отырғанымызға шүкірлік етеміз, – дейді олар.
   40 жылға жуық бір салада қызмет атқарған қос зейнеткердің еңбектері де елеусіз емес. Өз істеріне деген тиянақтылық, ұқыптылықтарының арқасында жоғары дәрежедегі жетістіктері жетерлік. Алайда басты жетістігін отбасына балайтын Пірназаровтар жанұясының жарасымы бір бөлек. Ал жарасымды отбасы – кез келген мемлекеттің қалыпты тіршілігінің, ұрпақ сабақтастығының, халықтың рухани-адамгершілік биік деңгейінің сақталуының шарты іспеттес. Осындай өнегелі отбасылар көп болған сайын еліміз де қуатты бола түсетіні сөзсіз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
01 наурыз 2025 ж. 63 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№16 (10384)

01 наурыз 2025 ж.

№15 (10383)

25 ақпан 2025 ж.

№14 (10382)

22 ақпан 2025 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

21 қаңтар 2025 ж.
Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 423
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31