Қызмет табыстырған құтты шаңырақ
Өмірде де, қызметте де жұп жарастырып, ел-жұртқа шынайы сезімдерімен, ақ адал ниеттерімен, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп, шаңырақ шаттығын еселеуімен үлгі болып жүрген ерлі-зайыптылардың бірі – аудандық Жыраулар үйінің қызметкерлері Айдынбек Скендіров пен Қамар Сәрсенбаева. Олардың отау құрғандарына 12 жыл болса, «бір терінің пұшпағын илеп» бір салада жұмыс істеп келе жатқандарына 13 жыл.
Жалпы «Ер адам жар таңдау мен мамандық таңдауда қателеспеу керек» деген қағида бар. Ал сүйген жары отбасылық қуанышпен қатар, әріптесі болып, қызметте де қатар жүрсе, ортақ тақырып, бірдей сүйікті іс оларды одан әрі жақындата түссе, нұр үстіне нұр емес пе? Кейіпкеріміз Айдынбек Айтбайұлы әңгімесін екі таңдаудан да қателеспегеніне шүкірліктен бастады.
– Мен 2009 жылы жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, жас маман ретінде аудандық Жыраулар үйіне жұмысқа орналастым. 2010 жылы атақты Сәрсенбай жыраудың немересі Қамар да әріптестер қатарына қосылды. Алғашқы көргенімде көздері ботадай, қазақтың қарапайым қызы деп қабылдадым. Кейіннен мінезінің де жайлылығын байқадым. Бір жылдан кейін отау құрдық. Қазір 3 перзент өсіріп отырмыз. Қандай ер-азамат болсын әйелінің мінезінің ашық-жарқын, әрі жайлы болғанын қалайды емес пе? Бұл жөнінен менің жолым болды. Ал бір салада жұмыс істеуге келсек, оның кемшілігі жоқ, керісінше артықшылығы көп дер едім. Атқаратын қызметіміз әртүрлі болғанымен, бір салада жүргеннен кейін бір-біріміздің қателігімізді түзеп, көмектесіп, керек кезде қолдау білдіреміз. Отбасында үлкендердің рөлі өте маңызды. Жас отбасы болғаннан кейін ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайды. Осындайда көпті көрген үлкендердің ақыл-парасатын тыңдап, олар нұсқаған жолмен жүрген дұрыс, – дейді отағасы.
Ал қызметі мен бесігін қатар ұстап келе жатқан Қамар жолдасының жанұяға алаңдамай қызметін абыроймен атқаруы үшін отбасындағы жайлылықты қамтамасыз етіп, қызметін де жасап, балалардың ұсақ-түйек мәселесіне жолдасын мазаламауға тырысады.
– Отағасым үйдің үлкені болғандықтан, өзінен кейінгі бауырларына да біз қамқорлық танытамыз. Үйде анамыз бар. Сол анамыздың арқасында алаңсыз жұмысымызды атқарып, елге де, үйге де сыйлы болып отырмыз. Балаларымыздың барлығы балабақшада емес, ата-әже мектебінен өтті. Үйдегі үлкендеріміздің парасатының арқасында олар тәлімді, тәрбиелі болып өсіп келеді. Үйдегі, мектептегі тәртібі, сабағын оқуы секілді мәселелер менің жауапкершілігімде болса, әкесі ата-аналар жиналысына барады, олармен сөйлесіп, ер-азаматқа тән қасиеттерді бойына сіңіреді. Әке ретінде қаталдық танытатын кездері де болады. «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» дейді емес пе? Бұл жағынан отбасымызбен ер-азаматтың сөзіне қарсы келмейміз, айтқан сөзін тыңдаймыз. Ал отағасыңмен бір салада еңбек ету – жауапкершілікті ғана емес, отбасындағы түсіністік пен сыйластықты қалыптастырады дер едім. Ретсіз қызғаныштың да алдын алады. Үйдің де, түздің де мәселесін бірге шешіп, бала тәрбиесіне де бірге атсалысамыз, – дейді отанасы Қамар.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА