Алғысқа бөленген ақ халаттылар
Ауданымызда шаңырағының бірлігі мен шаттығын алдыңғы орынға қойып жүрген отбасылар көп. Олардың ішінде бір салада қызмет етіп жүрген "жұмыстағы жұптар" да бар. Өмірде ерлі-зайыпты болғанымен, қызметте әріптес. Солардың бірі – адам жанына шипа беріп жүрген дәрігерлер – Айдос Жанәлиев пен Айгерім Мырзахан.
Қос дәрігер де Алматыдағы С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің түлегі. Мектепті бітірген соң асқақ арманымен осы шаһарға келіп білім алады. Бірақ болашақ тағдырларын осында жолықтырамыз деп ойламаса керек. Мамандыққа деген сүйінпеншілігі оларды Алматы қаласындағы №3 емханада табыстырып, отбасы болуына жол ашады. Бірі – қалалық емханада жалпы тәжірибелік дәрігер болып қызмет етіп жүрсе, Айгерім тәжірибеден өтуге барады. Осылайша екеуі 2017 жылы қол ұстасып, үй болып, үлкен өмірге қадам басады.
– Дәрігерлік қызметте жүргеніме 10 жыл уақыт болыпты. Басты міндетіміз – халыққа жәрдемдесу. Осы жолда аянбай еңбек етудеміз. Келіншегімнің осы саладан болғанына қуанамын. Себебі бір салада қызмет істегеннің жақсы тұстары көп. Ең бастысы – бір-бірімен түсінісу. Біз медицина саласындағы түрлі тақырыптарды емін-еркін талдай аламыз, анализ жасаймыз. Тіпті психологиялық жағынан да жақсы ұғынысамыз. Ал отбасында сыйластықты бірінші кезекте қоямыз. Қызметтегі жұмыс өз алдына, отбасы мүшелеріне де көңіл бөлуді ұмытпау қажет, – дейді аудандық аурухана бас дəрігерінің орынбасары Айдос Қайырғалиұлы.
Түркістан облысы, Жетісай қаласында туған Айгерімді мамандыққа, сүйген жарына деген махаббаты Қармақшыға келін атандырады. Бүгінде ол "Шипагер" емханасында жалпы тәжірибелі дәрігер болып еңбек етеді. Жас дәрігерлер отбасының бүгінде екі ұлы бар. Тұңғышы Данияр биыл мектептің даярлық сыныбына барды. Ал кенжесі Әділбек 2 жаста.
– Қоғамның діңгегі ол – отбасы. Ал отбасылық өмірде екі адам бір-біріне емес, бір мақсатқа қараса – жолдары болады дейді. Ол жағынан біздің жолымыз болды. Отбасында сақталуы тиіс құндылық – сыйластық пен түсіністік. Сонда ғана үйдің түтіні түзу шығып, отбасында береке болады. Жұмыста дәрігер болып жауапкершілік жүгін арқаласам, үйде келінмін, анамын. Ата-енемен бірге тұрамыз. Сол себепті ол кісілердің бабын да жасау керек. Ал балаларға көңіл бөлуді бәрінен жоғары қоямыз. Өзіміздің отбасылық дәстүріміз. бар. Аптасына 2-3 рет балалармен сыртта серуендеп, қызықты уақыт өткіземіз. Бұл оларға да, ата-анасына ретінде бізге де қуаныш сезімін сыйлайды. Мейірім мен махаббат көріп өскен баланың болашағы зор болады деп сенеміз, – дейді дәрігер Айгерім Мырзахан.
Жарасымды отбасы – кез-келген мемлекеттің қалыпты тіршілігінің, ұрпақ сабақтастығының, халықтың рухани-адамгершілік биік деңгейінің сақталуының шарты іспеттес. Өнегелі отбасылар көп болған сайын еліміз де қуатты бола түседі, ұлттың күшті болуына да негіз қаланады.
Ақнұр САҒЫНТАЙ