» » Жеке кәсіпкерлер жанұясы

Жеке кәсіпкерлер жанұясы

Қазір елімізде шағын және орта бизнеске көңіл бөлініп, шағын кәсіпкерлік бағыты шарықтап дамуда. Ауданда да оң өзгеріс көп. Кәсіпкерлер қатары күн сайын толығып, халыққа жаңа қызмет түрлері де ұсынылуда. Отбасылық бизнес те ортамызға сіңіп, жақсы дамып келеді. Жанұясымен кәсіп жасауды құп көрген жандардың бірі – Жеңісбек Оспанов пен Жақсыгүл Абдуллаева.

Бұл жарасымды жұп 2011 жылы шаңырақ көтерген. Қазір үкілеп өсіріп отырған 4 перзенті бар. Балаларының болашағының жарқын болуын қалайтын олар нәсіптерін кәсіптен табуға бел буған. Отағасы кәсіпке биыл келсе, отанасы 2017 жылдан бері жеке кәсіппен айналысады. Жақсыгүл нәзік жандыларды сұлу етуге бар күшін салса, Жеңісбектің кәсібі сауабы мол істің бірі. Олай дейтініміз, ол – ер адамдарға массаж жасаудың шебері. Ересектермен қатар, дерт дендеген балаларды оңалту үшін барын салады. Өзі де «Басты мақсатым пайда табу емес, өзгеге пайдамды тигізу» дейді. Осындай асыл ниетпен кәсіп ашқан азаматтың отбасы жөнінде айтары бөлек.

– Қасым Аманжоловтың «Отбасы – шағын мемлекет,  Мен – президент, сен – премьер» деп жырлағанындай, Отанның шағын отбасынан басталатыны рас. Әр мемлекеттің өзіне тән сыртқы, ішкі саясаты, кірісі мен шығысы болатыны сияқты әр отбасының да дәл сондай болмыс-тіршілігі бар. Ол да өзінше басқаруды талап етеді. Сондықтан да қай уақытта болсын отбасының құрылымына зор мән беріліп, оның іргетасының берік болуына атсалысу – әр отбасы мүшесінің міндеті. Өзімнің кәсіпке қызығушылығым бұрыннан бар еді. Биыл Алматы қаласында білімімді жетілдіріп, қосымша мамандық меңгердім. Біздің ұстанымымыз – халыққа қызмет ету, олардың көңілінен шығу. Елдің алғысын алу. Ал алғыстың алысқа апаратыны анық. Мен осы уақытқа дейін басқа салаларда қызмет атқардым. Ал қазір жұбайыммен бір салада жүрген соң, мақсатымыз да ортақ. Талқылайтын тақырыбымыз да бір. Бірге жұмыс жасау бізді жақындастыра түсті десем, артық айтқанымыз емес, – дейді отағасы Жеңісбек.

Иә, жанұяның береке-бірлігі – әр сәбидің, әр баланың болашақ жарқын қадамы. Егер әрбір ата-ана отбасында бірлігі жараса ғұмыр кешсе, бала да соны жалғамақ. Өйткені халқымыз «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демей ме?

– Жалпы кез келген кәсіпті қолға алғанда отбасының қолдауы мен сенімі аса маңызды. Осыдан 7 жыл бұрын кәсіпті отбасымның қолдауымен бастаған болатынмын. Артқан сенім ақырындап орындалып келеді. Биыл отағасым да кәсіпке кірісті. Массаждың бірнеше түрін игерген ол жақсылық жасауға қашанда дайын тұрады. Тіпті әрбір жұмада науқас балаларға тегін қызмет ұсынады. «Кәсіптегі ниетіміз елге пайдалы болу» деген ұстанымды жиі айтады. Кәсіп сырттай көрінгенге жеңіл дүние сияқтанғанымен, уақытпен санаспай қызмет ететінің де бар. Мұндайда егер өзіміз ғана болсақ, отбасы болып кәсіп жасауымыз да екіталай ма еді, кім білсін? Қазір біздің кәсібіміздің өркен жайып, еркін елге қызмет ұсынып жүргеніміз – үйдегі ата-анамыздың арқасы. Ата-әже мектебі мен олардан алған тәлім бөлек қой. Қолымыз қалт етсе, өзіміз де бала тәрбиесіне бірге атсалысуға асығамыз. Әзірге бірге жұмыс істеудің кемшін тұстарын байқамадық, керісінше артықшылықтары көп секілді, – дейді Жақсыгүл Гажденбекқызы.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

09 қыркүйек 2023 ж. 515 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 308

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 407

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930