Тариф бағасы неге тұрақтамайды?

Қазір ел тұрғындарының мобильді байланыс операторларына өкпесі қара қазандай. Үйде де, түзде де ақау көп, сапа жоқ дейді. Қара халық ұялы байланыс операторы бойынша тариф түрлерінің тым қымбат болуына шағым білдіргенімен оның арзандайтын түрі жоқ. Баға өскенімен интернеттің жылдамдығы бәсеңдеу. Ай сайынғы төлемнің құны бір жылда бірнеше есеге өсіп кетті.
Ұялы байланыс операторлары бойынша тарифтер қазақ ертегісіндегі «Толағайдай» жыл санап емес, күн санап қымбаттап бара жатқандай. Байланыс операторлары «береген қолым алаған» деп мақалға сүйеніп жұмыс істесе қанекей. Сапалы жоғары интернетпен қамтамасыз етсе соған лайық баға ұсынсын. Ал бізде бәрі керісінше. Баға қымбаттайды, ал тариф қызметі сын көтермейді. Осы ретте қарапайым дүкендегі азық-түлік тауарын салыстырып, «арзан» деген жерді іздеп баратынымыз секілді бұл жағдай да солай өзге жаққа «секіріп» кеткіміз-ақ келеді. Бірақ барлық байланыстың сапасы «оңып» тұрған жоқ.
Ұялы байланыс монополистері тарифтерін жылына бірнеше рет жоғарылатады. Сонымен бірге түрлі сарапшыға, ұйымдарға түрлі зерттеулерге тапсырыс береді, олар алпауыттардың бұл қадамын жаппай ақтайды. Мысалы, Қазақстандағы ұялы байланыс тарифтерін дамыған елдермен, Еуропамен салыстырып, оларға қарағанда бізде ең арзаны дегенге келтіреді. Шынында, Қазақстанды өз аймағымен – Орталық Азиямен салыстырса, ең қымбаты болып шығады.
Қымбат тариф жоғары сапаны білдірсе қанекей. Азаматтар мобильді интернет жылдамдығының төмендігіне, елдің көп өңірінде ұялы байланыстың жөнді ұстамайтынын айтады.
Рас, мобильді байланыс күнделікті тіршілігімізге кірігіп кетті. Ұялы байланыс тарифінің күннен-күнге қымбаттауы халықтың қалтасын қағып, тынысын тарылтып барады. Ұялы байланыс қызметінің тарифтік жоспарлары 2023 жылы бірден 57 пайызға өскен. Ал 2021-2022 жылдары тарифтердің көтерілуі орта есеппен 13 пайыздан 37 пайызға дейін болған. Демек, бар-жоғы 2 жылдың ішінде тарифтер 90 пайызға көтеріліп отыр.
Цифрлық даму министрлігінің дерегінше, қазақстандық байланыс нарығы ең қарқынды дамып келе жатқан сектордың бірі. Байланыс қызметтерін көрсетуден түсетін табыстың орташа жылдық өсімі мұнай және газ өндіру саласының даму серпініне теңесіпті. Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, 2024 жылғы қаңтар-қыркүйекте байланыс операторлары халықтың үстінен 1 триллион 3 млрд теңге табыс тапқан. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 12 пайызға көп.
Тағы бір айта кетерлігі, сапасыз қызмет ұсынғаны үшін 2024 жылы телекоммуникациялар комитеті байланыс операторларына қатысты 357 тексеру жүргізді. Нәтижесінде 1 млрд 184 млн теңге көлемінде айыппұл салынған екен. Десе де азулы алпауыттар жоғарыдағыдай табыс тауып отырғанда бұл айыппұлды шыбын шаққан құрлы көрмесе керек.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
(сурет ғаламтордан)