» » Тізгінсіз кеткен тариф

Тізгінсіз кеткен тариф

фото коллаж: Елдар ҚАБА

Қазір ел тұрғындарының мобильді байланыс операторларына өкпесі қара қазандай. Үйде де, түзде де ақау көп, сапа жоқ дейді. Иә, қара халық ұялы байланыс операторы бойынша тариф түрлерінің тым қымбат болуына наразы. Тіпті кейде ай сайынғы төлемді бір емес бірнеше рет қайталайды. Төлеу қалтаға салмақ түсіреді. Мәселен, осыған дейін 2000-3000 теңге көлемінде салса,  қазір кейбірі 8000-ға бірлік салуға мәжбүр. Себебі 4000 бірлік жетпейді. Ал тұтынушылар құқығын қорғау департаменті абономент құны арзандамайды дегенді алға тартады. Мәселені жан-жақты саралап көрсек.

Былтырғы деректерге сүйенсек, елімізде 25 миллионға жуық ұялы байланыс абоненті бар екен. Бұлардың барлығына 4 байланыс желісі қызмет көрсетеді. «Қазақтелекомға» қарасты «Kcell» мен «Тele2/Altel» нарықтың 63%-іне иелік етеді. Қалған 37%-і жекеменшік Beeline-ға тиесілі.

Ұялы байланыстан «ұят кетті»

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі ұялы байланыс операторларын тексеру нәтижесінде мобильді операторлар тарифті бір жылда 7%-тен 57%-ке көтергені белгілі болды. Ұялы байланыс нарығында үлкен проблема қордаланғанын Үкімет мойындап отыр. Мысалы, халық ұялы байланыс тарифтерінің жаппай қымбаттап жатқанына наразы. Байланыс операторлары оның инвестиция салу нәтижесінде көтерілгенін алға тартты. Алайда тексеру олардың, керісінше, инвестицияны күрт кеміткенін әшкерелеп сапасыз қызмет көрсеткені үшін Tele2, Kcell және Beeline-ға 3,2 млрд теңге айыппұл салынды. Олардың бұл айыппұлдан ұтылған ештеңесі де жоқ. Мұның бәрін олар тариф көтеру арқылы тұтынушылардан өндіріп алатынын ескере кетейік.

Агенттіктің сараптамасына сүйенсек, квазимемлекеттік сектордың басымдығынан бәсекелестік жоқ. Яғни, монополиске айналған операторлар абоненттің көңілін табуды ойлап бас ауыртпайды. Салдарынан, тариф қымбаттаса да қызмет сапасы жақсармай тұр. Сондықтан халық тарапынан түсетін шағым да кейінгі кезде жиіледі.

Елдегі барлық мобильді операторлар өз абоненттеріне ғана емес кез келген адамға да қаржы өнімдерін ұсынып отыр. Оның ішінде төлем мен ақша аударымдары кең таралған. Бұрындары ұялы байланыс операторларына қатысты барлық деректі арнайы сайтқа кіріп бақылап, көріп отыратын едік. Қазір барлығында арнайы қосымша мен сервистер жұмыс істейді. Сол сервистің негізінде коммуналдық қызметті төлеуге, ақша аударымын жіберуге және ақша шешіп алуға болады. Жыл өткен сайын мобильді төлемдердің көлемі артып келеді. Бұл осы қызмет түріне сұраныстың жоғары екенін білдірсе керек. Мәселен, 2022 жылдың қорытындысы бойынша интернет арқылы тауарлар мен қызмет түрлерін төлеуге жүргізілген барлық төлемнің жалпы санындағы мобильді төлемдердің үлесі 29,8%-ті құрап отыр. Мобильді төлемдер елдің барлық өңірінде белсенді қолданылуда. 

Негізсіз неге өсті?
Ұялы байланыс операторлары бойынша тарифтер қазақ ертегісіндегі «Толағайдай» жыл санап емес, күн санап қымбаттап бара жатқандай.  Байланыс операторлары «береген қолым алаған» деп мақалға сүйеніп жұмыс істесе қанекей. Сапалы жоғары интернетпен қамтамасыз етсе соған лайық баға ұсынсын. Ал бізде бәрі керісінше. Баға қымбаттайды, ал тариф қызметі сын көтермейді. 
Ешқандай ескертусіз тарифтік жоспар көтеріледі. Қызмет қымбаттағанымен сапа жақсара қойған жоқ. Бұл жолы да билік миллиондап айыппұл арқалатып жіберді. Әйтсе де айыбын сезініп, айылын жиып отырған оператор көрмедік. Керісінше байланыс иелері тариф құнын төмендетпейміз деп бірауыздан мәлімдеді. Бәсекелестік қорғау мен дамыту агенттігі біздің нарықтағы үш оператор қызмет құнын өзара ымыраласа отырып көтерді деген күдікті айтады. Бұлай күдіктенуі де орынды ма дерсіз. Себебі белгілі бір байланыс қызметі тариф құнын көтерсе, сіз одан да жақсырақ, сапалы, әрі қалтаға қонымды оператордың тарифін іздейсіз ғой. Қарапайым дүкендегі азық-түлік тауарын салыстырып, «арзан» деген жерді іздеп баратынымыз секілді бұл жағдай да солай өзге жаққа «секіріп» кетпес үшін бағаны бірлесе көтерді деген ойға қонымдырақ болып тұр.

Бағаны көтерудегі бұл өзгерістер инфрақұрылымға негізделген шығындардың өсуімен, жаңа технологиялардың іске қосылуымен, әлемдік логистикалық тізбектердің құлдырауы, инфляция, электр энергиясының қымбаттауы, жаңа технологияны енгізу үшін жоғары жиілік құны және компания үшін сын-қатерлер тудырған басқа да жағдайлармен байланысты деп түсіндіреді. Сондай-ақ, қызметтердің тұрақтылығын қамтамасыз ету мен одан да озық технологиялар мен қызметтерді ұсыну үшін тарифтеріміздің бағаларын қайта қарадық дегенді алға тартады. Аудандағы тұтынушылардың сөзіне де құлақ түріп көрдік.

        Теле 2 операторын қолданғаныма 7 жылдай уақыт болды. Әдепкі жылдары тариф бағасы мен интернеті өте жақсы жұмыс істейтін. Өткен жылы бірден тариф бағасын аспандатып жіберді. Қалтаны қағып түседі. Қызмет құнына сай болса бір жөн. Интернет сапасы нашар. Басқа ұялы байланыс түріне ауыстырғым-ақ келеді. Мысалы,  Beeline-ның интернеті әлдеқайда жақсы, әрі ауылдық жерлерде жақсы ұстайды. Бірақ ондағы тарифтер де қымбаттап тұр. Әрі мен тұратын жақта Beeline-нан интернет мүлде тартпайды, – дейді Айбек Жарқынбеков.

Айыппұлдан қайран бар ма?

Жоғарыда айта кеткеніміздей, сапасыз қызмет ұсынғаны үшін Tele2, Kcell және Beeline ұялы байланыс операторларына былтыр жалпы сомасы 3,2 млрд теңге айыппұл салған. Десе де азулы алпауыттар билік органының бұйрықтарына пысқырмай тұрғанда қатардағы тұтынушының мұң-зарын қайтсін?! Олар өткен жылы салған айыппұлдың өзін толық төлемепті.
«Министрлік 2023 жылы 782 тексеріс жүргізіп, нәтижесінде 3 млрд 288 млн теңге айыппұл салды. Бұл ретте заңнамада жеңілдіктер қарастырылған, соларды ескергенде, операторлар жалпы көлемі 1 млрд 644 млн теңге айыппұл төледі. Оның ішінде Tele2 – 751,4 млн теңге, Kcell – 563,2 млн теңге, Beeline 329,4 млн теңге аударды», – деп хабарлады Цифрлық даму министрлігі.
Билік айыппұл арқалатып қойғанымен ол шешімнің орындалып жатқаны көңіл көншітерлік емес. Сол себепті айыппұл құнын арттыруға көшкен. Бұл жөнінде Цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметі төмендегідей пікір қалдырған.  «Біздің жүргізілген тексеріс және айыппұлдар сомасының арттырылуы, ұсынылатын қызметтердің сапасы үшін операторлардың жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік берді».
2019 жылдан 2022 жылдар аралығында операторлар өзіне бағытталған ұйғарымдардың бар-жоғы 33%-ін ғана орындапты. 2023 жылы айыппұлдар көлемі екі еседей арттырылған соң операторлар уәкілетті органның ұйғарымдарының 65%-ін орындаған екен. Бұл іс толығымен аяқталып, нәтиже бастайды деген сенімдеміз.

Тариф бағасы қалай есептеледі?

Ұялы байланыс операторлары мамандарының түсіндіруінше, әрбір тарифті қалыптастыруға көптеген фактор әсер етеді. Десе де, әлемдік тәжірибеде барлық оператор мен қызметтерге жарайтын ортақ, әмбебап әдістеме жоқ.

Операторлардың мәліметінше, біріншіден, тарифке көрсетілетін қызметтің тікелей шығыстары ықпал етеді. Екіншіден, компанияның жалпы шығыстары да тарифтер арқылы өтеледі. Бұған мүлік-мүкәммалды сатып алу, маркетинг, пиар сияқты коммерциялық шығыстар, желіге қызмет көрсету, бағдарламалық қамтылымды сатып алу және қызмет көрсету және өзге де техникалық шығыстар, сондай-ақ басшылықтың бонустары мен сыйақылары, персоналдың жалақысы, әкімшілік шығыстар, кеңес-консалтинг, бюджетке алым-салықтар жатады. Келесі кезекте инфляциядан, отандық және жаһандық нарықтағы бағалардың жоғарылауынан келген шығыстар, тіпті айыппұлдар ауыртпалығы да абоненттер иығына түсіп, солардан өндіріледі. Одан кейін тұтынушылардың интернетте көп отыруы нәтижесінде интернет-трафиктің артуы және желіге түсетін жүктемелер де шығынды ұлғайтады. Мұнан соң операторлар тарифтердің қымбаттауына инфрақұрылым желісін дамытуға тартылатын инвестициялар себепші болғанына сілтейді.

–        Байланыс операторлары бағаның өсуін желіні дамытуға салынған инвестициялар көлемінің артуымен түсіндіреді. Алайда алынған мәліметтерге сәйкес, динамикада инвестициялар көлемінің керісінше, төмендеу үрдісі байқалады. Мысалы, алдыңғы жылмен салыстырғанда 2021 жылы инвестициялар 20%-ке, 2022 жылы 30%-ке құлдырап кеткен. Дәл осы кезде ұялы байланыс операторларының инвестициялық мүмкіндіктері де (2022 жылы +11,5%), сондай-ақ пайда-табысы да (2022 жылы +21%) өсуде, – деді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі.

Түйін

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі өткен жылдың маусым айында тұтынушылар арасында сауалнама жүргізді. Қатысушылардың басым бөлігі, яғни 75%-і тариф қымбаттаса да бұрынғы ұялы байланыста қала беретінін айтыпты. Өйткені, басқа балама қызмет жоқ. Ал сапа жақсаруы үшін бәсекелестік керек. Бәсеке бар жерде даму бар. Нарық заңы осылай дейді.

Ақнұр САҒЫНТАЙ
27 қаңтар 2024 ж. 330 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 288

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 383

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930