Қазақ медицинасының алып қамалы
Қарапайым ғана ауылда туып, ақ адал еңбегімен академик дәрежесіне көтерілген, алтын қолды дәрігер, балалар хирургиясының негізін қалаушы, педиатр, медицина ғылымдарының докторы, профессор, еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Камал Сәруарұлы Ормантаев 89 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Еліміздегі медицина жұртшылығы орны толмас қазаға ұшырады.
Камал Сәруарұлы 1936 жылы Қармақшы ауданынан 20-25 шақырым жердегі Калинин совхозында, Байзақ тоғайы мен Жайлау тоғайының ортасында, Қорқыт стансасынан 15 шақырымдай ауылда дүние есігін ашқан. Әкесі Сәруар мен анасы Айжанның 6 бірдей баласы сәби кезінде шетінеген екен. Камал олардың 7-ші баласы. 3 ұл, 3 қыздан айырылған әкесі Алладан тілеп алған ұлының медицина жолын таңдап, балалар дәрігері атануын қалаған екен.
1942 жылы ол өзі тұратын совхозда үйінен екі шақырымдай қашықтықта орналасқан мектепке барған. Сол жылы әкесі Сәруар сұрапыл сұм соғысқа, Сталинград түбіндегі шайқасқа алынады. Кейін 1943 жылдың орта шенінде, контузия алып, елге қайта оралады. Камал Ормантаев 4 кластық мектепті үздік аяқтаған соң 5-сыныпты Қармақшыда жалғастырады. Орта мектепті 1953 жылы үздік аяқтап, жолға аттанар алдында: – Балам, мен қанқырғын соғысты, жараланған адамдарды көп көрдім. Өзіңнің алдыңдағы бауырларыңнан айырылып қалдық. Сен енді балалар дәрігерінің оқуына бар, адамдарды емде, – деп әкесі тілегімен қоса кеңесін беріпті.
Әке қалауын екі етпеген ол 1953 жылы Алматыға аттанады. Мақсаты – Алматыдағы медицина университетіне сәтті түсіп, студент атану. Сыр елінен 13 бала келіп, Алматы медициналық университетіне құжат тапсырған. Емтихан тегіс орыс тілінде өтеді. Өмір бойы қазақы ортада өскен 13 жеткіншек үшін қабылдау емтиханнан өту қиындық тудырғаны сөзсіз. Алланың қалауы болар, сол 13 баланың ішінен Камал ағамыз ғана емтихандарды кіл үштікке тапсырып, оқуға қабылданған. Сол кезден бастап білім нәрімен сусындап, ғылым жолына шындап кіріседі. Қаршадай бала медицинаның қыр сырын терең меңгеріп, Горь- кий, Саратов қалаларындағы студенттік ғылыми конференцияларға қатысып, білімін шыңдай түседі. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» дегендей Евдокия Черкасова, Михаил Брякин, Анатолий Пугачев сынды педиатрияның хас шеберлерінен тәлім алған. Ғылымға табандылықпен беріліп, шынайы білім іздегенінің арқасында 35 жасында қазақтан шыққан тұңғыш ғылым докторы атанды. Екі рет педиатрия және балалар хирургиясы институтының директоры, екі рет педиатрия факультетінің деканы қызметін атқарды.
1972 жылы оған профессор құрметті ғылыми атағы берілді. 1994 жылдан ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, 1980 жылы «Қазақ КСРнің Еңбек сіңірген ғылым мен техника қайраткері», 1989 жылы ҚР ұлттық академиясының корреспондент мүшесі, 1995 жылы Қазақстанның алдын алу медицина Академиясының вице-президенті болып сайланды. 1999 жылы ҚР ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат орденінің» иесі. 2001 жылы Қызылорда облысының Құрметті азаматы, 2003 жылдары «Жыл дәрігері», 2002 жылы «Алтын адам» Ұлттық жыл таңдауы, 2004 жылы екінші мәрте «Алтын адам» Ұлттық жыл таңдауы, 2004 жылы «Платинды Бас Тарлан» сыйлығының лауреаты, 2016 жылы ҚР Президенті жарлығымен ІІ дәрежелі «Достық орденімен» марапатталған.
Белгілі академикті тек Қазақстан ғана емес, одан да тыс шетелдерде ұлы ғалым, жоғары білікті педиатр маманы, мыңдаған балаларды аман алып қалған балалар хирургі, барлық күш-қуаты мен білімін ғылымның дамуына және кадрлар дайындауға жұмсаған қоғамдық қайраткер ретінде таниды.
Өзінің айрықша еңбек жолында ол баланың өмірін сақтап қалу үшін 20 000-ға жуық күрделі ота жасап, мыңдаған өмірді құтқарып қалды. 320 ғылыми жұмыс, 9 монография, 40-қа жуық ғылыми жаңалық ашып, тәжірибеге енгізді. Ормантаев еңбегінің негізінде 1500 астам тәжірибелі дәрігер даярланды. 120 ғылым кандидаты мен 16 ғылым докторын тәрбиелеп шығарған. Олардың көпшілігі Қазақстан мен шетелде жетекші маман атанды. Камал Ормантаевтың есімі Қазақстан медицинасының шежіресіне алтын әріптермен жазылды.
Халқымызда «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген даналық бар. Аты аңызға айналған тұлға бүгінгі ақ халатты абзал жандарға антына адал жан, өз ісінің білікті шебері, мықты ұстаз, ұлы ғалым, нағыз балалар жанашыры, балалар құтқарушысы болған дәрігер ретінде көпке үлгі болып қала бермек.
Ақнұр САҒЫНТАЙ