» » Алтын қолды дәрігер

Алтын қолды дәрігер

"Бүкіл қазақ баласы өз балаңдай,
Сырқатқа сиқыршысың көз боярдай.
Сәбиді жүз мыңдаған құтқардың сен,
Ішіңнен қылпылдадың көз жазардай.
Өзі нақ зерттегендей біліп жайтты,
Көлденең үлкен-кіші күдік айтты.
Шипалы қандауырмен кеселді отап,
Алдыңа келген мүскін күліп қайтты.
Дән ырза, әжелер де, аталар да
Дән ырза ағалар да, апалар да...
Сен кіндік әкесіндей әр бөбектің,
Жүз жасқа сол махаббат апарар да" деп халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мұзафар Әлімбаев жыр арнаған академик, ел арасында «балалар хирургиясының атасы» аталып кеткен Камал Сәруарұлы Ормантаев биыл – 85 жаста.
Қашан да таланттардан кенде емес Қорқыттың елі сүлейлермен бірге, сындарлы, данагөй ғалымдарымен, оқымыстыларымен де көрікті, кемел. Ұлттық шежіремізден ойып тұрып өз орнын алған алыптарымыздан бүгінде белортамызда жүріп-ақ тарихымыздың төріне жалғасып үлгерген академик, балалар медицинасының аса көрнекті білгірі Камал Ормантаевты мақтанышпен айта аламыз.
Ол күллі қазақтың басына түскен нәубетті жылдарда, яки 1936 жылдың 11 қыркүйегінде, Қызылорда облысы, Қармақшы ауданынан 20-25 шақырым жердегі Калинин совхозында, Байзақ тоғайы мен Жайлау тоғайының ортасында, Қорқыт стансасынан 15 шақырымдай ауылда дүние есігін ашқан. Сәруар ата мен Айжан апаның 6 бірдей баласы сәби кезінде шетінеген. Камал Сәруар ақсақалдың 7-ші баласы. 3 ұл, 3 қыздан айырылған Сәруар ата Алладан тілеп алған ұлының медицина жолын таңдап, балалар дәрігері атануын қалаған екен.
К.Ормантаев 1942 жылы өзі тұратын совхозда үйінен екі шақырымдай қашықтықта орналасқан мектепке барған. Сол жылы әкесі Сәруар сұрапыл сұм соғысқа, Сталинград түбіндегі шайқасқа алынады. Қазақтың небір өрімтал жастарын еш дайындық, жаттығусыз майданға тоғытқан. 1943 жылдың орта шенінде, контузия алып, елге қайта оралады. 4 кластық мектепті үздік аяқтаған Ол 5-сыныпты Қармақшыда жалғастырады. Орта мектепті 1953 жылы үздік аяқтап, жолға аттанар алдында: – Балам, мен қанқырғын соғысты, жараланған адамдарды көп көрдім. Өзіңнің алдыңдағы бауырларыңнан айырылып қалдық. Сен енді балалар дәрігерінің оқуына бар, адамдарды емде, – деп әкесі тілегімен қоса кеңесін берген.
Әке қалауын екі етпеген ол 1953 жылы Қызылорда облысы Қармақшы ауданынан Алматыға аттанады. Мақсаты – Алматыдағы медицина университетіне сәтті түсіп, студент атану. Сыр елінен 13 бала келіп, Алматы медициналық университетіне құжат тапсырған. Емтихан тегіс орыс тілінде өтеді. Өмір бойы қазақы ортада өскен 13 жеткіншек үшін қабылдау емтиханнан өту қиындық тудырғаны сөзсіз. Алланың қалауы болар, сол 13 баланың ішінен Камал ағамыз ғана емтихандарды кіл үштікке тапсырып, оқуға қабылданған. Сол кезден бастап білім нәрімен сусындап, ғылым жолына шындап кіріседі. Қаршадай бала медицинаның қыр сырын терең меңгеріп, Горький, Саратов қалаларындағы студенттік ғылыми конференцияларға қатысып, білімін шыңдай түседі. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» дегендей Евдокия Черкасова, Михаил Брякин, Анатолий Пугачев сынды педиатрияның хас шеберлерінен тәлім алған. Ғылымға табандылықпен беріліп, шынайы білім іздегенінің арқасында 35 жасында қазақтан-ақ шыққан тұңғыш ғылым докторы атанды. Екі рет педиатрия және балалар хирургиясы институтының директоры, екі рет педиатрия факультетінің деканы қызметін атқарды.
Ақ халатты абзал жан осы уақытқа дейін 14 мыңнан аса бүлдіршінге ота жасап, ми, өкпе, өңеш, ішек-қарын, кеуде қуысында, құрсақ қуысында, урологиялық патологияда, туа біткен, созылмалы бронхиттік, бүйрек ауруларынан айықтырған.
Негізгі ғылыми еңбектері балалар хирургиясына арналған. Ол балалардың бассүйегі мен миы зақымданғанда қолданылатын емдеу әдістерін жетілдіріп, оның патогенезін анықтауда кешенді зерттеулер жүргізді. Бассүйек пен миға жасалатын отаның бес жаңа әдісін тәжірибеге енгізді. Химиялық жолмен болатын өңеш күйігін зерттеп, оны емдеудің 6 жаңа әдісін анықтады, сондай-ақ іріңді перитонит пен жедел гематогенді остеомиелит болған жағдайда іріңді іш қуысынан түтік арқылы шығарудың бірнеше тәсілін ұсынды. Қазақстанда педиаторлар, балалар хирургтары, анестезиолог-реаниматологтар, ортопед-травматологтардың ғылыми мектебінің негізін қалады.
Сонымен қатар Ресейде шығатын «Хирургия», «Детская хирургия» журналдарын редколлегия мүшесі, еліміздегі «Денсаулық» ғылыми-танымал журналдың редколлегия мүшесі және «Қазақстандағы педиатрия және балалар хирургиясы» журналының бас редакторы, педиатрия мен балалар хирургиясы бойынша кандидаттық пен докторлық диссертацияларды қорғау бойынша мамандырылған Кеңестің төрағасы. Түркітілдес мемлекеттердің педиатрлар Ассоциациясының және Қазақстан педиатрлар Ассоциациясының президенті болып табылады. Орта Азия елдері мен Түркия педиатрларының 3-ші жергілікті Конгресінің президенті болып тағайындалған. Камал Сәруарұлының ғылыми атақтары мен мемлекеттік марапаттары бір басына жетерлік. Ол медицина ғылымдарының докторы.
1972 жылы профессор құрметті ғылыми атағы берілді. 1994 жылдан Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, 1980 жылы Елбасының жарлығымен «Қазақ КСРнің Еңбек сіңірген ғылым мен техника қайраткері» құрметті атағын, 1989 жылы Қазақстан Республикасының ұлттық академиясының корреспондент мүшесі, 1994 жылы Қазақстан Республикасының ұлттық академиясының толық мүшесі, 1995 жылы Қазақстанның алдын алу медицина Академиясының вице-президенті болып сайланды. 1999 жылы Қазақстан Республикасының ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат ордені» иесі. Қызылорда облысының Құрметті азаматы, 2001, 2003 жылдары «Жыл дәрігері» сыйлығының иегері, 2002 жылы «Алтын адам» Ұлттық жыл таңдауы сыйлығы, 2004 жылы екінші мәрте «Алтын адам» Ұлттық жыл таңдауы сыйлығы, 2004 жылы «Платинды Бас Тарлан» сыйлығының лауреаты, 2016 жылы ҚР Президенті жарлығымен ІІ дәрежелі "Достық орденімен" марапатталған.
Ол – ондаған доктор, жүздеген ғылым кандидатын даярлаған ұстаз, ғалым, білікті дәрігер, балалар хирургиясының атасы. Республикамызда педиатрия факультеттерінің жабылуы балалар хирургі мен педиатр К.Ормантаевқа ауыр тиді, бұл мәселе академикті қатты ойландырады. Аталмыш сұрақ бойынша ол теледидардан және бұқаралық ақпарат құралдарында бірнеше рет сұқбат берген болатын.
Белгілі академикті тек қана Қазақстан Республикасында емес, одан да тыс шетелдерде ұлы ғалым, жоғары білікті педиатр маманы, мыңдаған балаларды аман алып қалған балалар хирургі, барлық күш-қуаты мен білімін ғылымның дамуына және кадрлар дайындауға жұмсаған қоғамдық қайраткер ретінде танып біледі.
Камал Ормантаев есімі – медицина ғылымының тарихындағы тұтас дәуірі, білім мен тәжірибенің және қазіргі уақытттың ұлы хирургінің дәуірі. Бүгінгі құрылған оның ғылыми мектебі – көзі тірісінде қойылған ескерткіш іспеттес.

Баршагүл САХИЕВА,
Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музей филиалының экскурсия жүргізішісі




24 ақпан 2021 ж. 461 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 420

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 495

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930