КАССАЦИЯЛЫҚ СОТТАРҒА ЖҮКТЕЛЕР ЖАУАПТЫЛЫҚ ЖОҒАРЫ
Құқықтық, зайырлы мемлекеттегі әділдік пен туралықтың кепілі – сот. Осы межеден көрінуі үшін сот құрылымы үнемі жаңғыру, жаңару сатыларынан өтуде. Саланы жетілдіру мақсатында қолға алынған реформалардың нәтижесі де халықтың ойынан шығып келеді.
Жаңа бастамалардың қолға алынуына азаматтардың ұсыныс-пікірлерінің түрткі болатын кезі көп. Мысалы, биылғы жылдың шілде айынан бастап жұмысын бастағалы отырған дербес кассациялық соттардың құрылуына да азаматтардың ұсыныс-тілектері ықпал еткен еді. Бұған дейін тәжірибе қолданылған «таңдап қарау кассациясы» көпшіліктің өкпе-ренішін тудырғаны шындық. Өйткені, істердің кассациялық сатыда таразыға салынуы құжаттарды сараптаған судьяның пікіріне, сондай-ақ заңдық шектеулерге байланысты болды. Соның салдарынан статистика бойынша бүгінгі күні кассацияда өтініштердің шамамен 5 пайызы ғана қаралып келді. Кассацияның жаңа моделінде осы кемшілікті болдырмаудың тетіктері ескерілген. Сәйкесінше енді «жаппай қарау кассациясы» енгізіліп, істерді қараудың көрсеткіші 100% болмақ. Мұндай тәсіл әркімнің өз ісін үш сот сатысында: бірінші, апелляциялық және кассациялық сатыда қарау құқығын толық қамтамасыз етеді. Дербес кассациялық соттардың жұмыс істеу тәртібі «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына сай реттелген. Осы заңға орай «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңына өзгерістер енгізілді. Бұл реформа әділетті сот жүйесін күшейтіп, азаматтардың құқығын қорғауды жақсартуға бағытталған.
Бұл бастама Жоғарғы Соттың жұмысына ғана өзгеріс енгізіп қоймай, сонымен бірге штат санын 35 судьяға дейін қысқартуды көздейді. Қазақстан Республикасындағы кассациялық сот кассациялық іс жүргізу тәртібімен заңды күшіне енген сот шешімдері мен актілерін қайта қарауды қамтамасыз ете отырып, сот төрелігі жүйесінде шешуші рөл атқаруымен құнды болып отыр. Кассациялық соттың негізгі міндеті белгілі, ол төмен тұрған соттардың жіберген қателіктерін түзетуге және елдің барлық аумағында заңдардың біркелкі қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталған. Апелляциялық тәртіптен айырмашылығы, кассациялық іс жүргізу іс бойынша жаңа фактілерді анықтауға емес, сот шешімдерінің заңдылығы мен дұрыстығын тексеруге негізделеді. Сонымен бірге, 1 шілдеден бастап жұмысына кіріскелі отырған жаңа кассациялық соттар құқық нормаларының дұрыс қолданылғанын, төменгі сатыдағы сот қорытындыларының іс материалдары мен белгіленген фактілерге сәйкес келуін тексереді. Еліміздің барлық аумағында заңдарды біркелкі түсіндіру мен қолдануды қамтамасыз ету де жаңа соттардың құзырында. Осындай ауқымды міндет, жауапты жұмыс жүктелген кассациялық соттардың еліміздегі әділдікті нығайтып, халықтың сотқа деген сенімін нығайтары талассыз.
Бауыржан АЙЖАРЫҚҰЛЫ,
аудандық соттың аға сот приставы