» » Үш әңгіме

Үш әңгіме

ДӘМСІЗ ҚАУЫН ЖӘНЕ БАЛА ТӘРБИЕСІ

Жолаушылар көлігінде қатар отырған екі егделеу кісі әңгімелесіп келеді.
– Немерелеріме қауын сатып алып едім, тіптен ебедейсіз сопақ, дәмі де жоқ, – дейді алғашқысы. Оны екіншісі де қоштап, қауынның дәмсіздігін әңгімелеп келеді. Менің түсер аялдамама дейін әлі біраз жер бар, ойланып кетіппін.
…Ілгеріде үй жанындағы қоршалған жерге қауын егеміз. Жиырма қарық. Шамамен 8-10 сотық жерге. Жетінші сынып бітірген жылдан бастап осы шаруаны атқару менің міндетіме енді. Өйткені, әкем ауыр науқастан кейін таяқ сүйеніп қалған. Ал бұрынырақ мақталықта жүріп, жай отына тап болған шешем болса да мұндай жұмыстарға жарамайды. Іні-қарындастарым жортпаш. Иә, сонымен әкемнің үйретуімен мамыр айының 2,3-нен қалдырмай алдын ала суарылған, ызасы бар жерге дән тастаймыз. Көктеп шығысымен жегенелеп, әр ұяда бірер ғана көшет қалдырамыз. Сонан кейін төрт құлақ болғанында әкем қолына кетпен алып 2-3 ұяның айналасын шауып көрсетеді.
– Міне, әр ұяның айналасын осылай ошақ орнындай етіп, босата бер, – дейді. – Біріншіден, арам шөбі өледі, ауа жұтады, екіншіден, ыза жақсы тебеді. Арада бірер апта өткен соң пәлек торғай көлеңкелеуге жарағанда тағы да қауын айналасы шабылып, түбі көміледі. «Өсімдік кетпеннің өкімін сезіп, ауа жайылмауы үшін қажет» дейді бұл кезде әкем. Ал қауын гүлдей бастаған кезде осы агротехникалық шара тағы бір қайталанады. Қауынның түбі де қопсытылады, арам шөбі де шабылады. Айтпақшы, пәлектің мұртшалары қайқайып аспанға қарай шаншыла бастаса, күн шығар кезде қызыл жыңғылмен сипай ұрып жасқап тастайсың. Бұл қауынның қау пәлек болмауы үшін қажет. Сонан соң арық ішіне түскен пәлектерді сыртқа шығарып қою керек, ызадан шірімеуі үшін. Ол кезде қауынға ешқандай минералды тыңайтқыш берілмейді, жердің құнарымен табиғи жетілгендіктен қауынның дәмі керемет! Тағы бір есімде қалғаны, шілде айының 9-ында алғашқы әңгелекті үземіз. Арада оншақты күн өткенде қауын да жүзін жуып қалатын-ды. Мұны бір дақылға жасалған күтім әрі тәрбиелік шара десе де болады.
Мұны егжей-тегжейлі айтып отырғаным, адам болсын, жануар болсын, өсімдік болсын өсу дәуірінде тәрбие көруі керек. Сонда өнімді болып, айналасына пайдасы тиеді. Жоғарыда айтқанымдай, кетпеннің өкімін сезген қауын доп-домалақ немесе сәл ғана сопақшалау, жинақы да дәмді болады. Иісі қандай десеңізші! Ал қазіргі дәрінің күшімен тез жетілдіріп, пайда табуға арналған өнімдер әрине әлгіндей қолапайсыз, нәрі де, дәмі де сапасыз. Сондай-ақ қазір көпшілік бала тәрбиесін қолдан шығарып алғандай. Ата-ана тек балаларының қажетін тауып беруші, асыраушысына айналып бара ма? Жас өскінді көше және телефон тәрбиелеп келеді. Нәтижесі қалай болары белгісіз. Қоғамның кері кетпеуі үшін дақылдың айналасын қопсытып, түбін бекемдегендей, ауа мен судың уақытылы берілгеніндей шаралар үздіксіз, тиянақты біліктілікпен жүргізілсе кәні!
Ал жолаушылар көлігіндегі екі егде кісі ұсқынсыздау сопақша қауындарын қолтықтап аялдамадан түсе бастады…

ШІРКІН, БАЛАЛЫҚ…

Қазіргі атпал азаматтар да, өмір баспалдағын аттап келе жатқан жігіт-желең де, кешегі қилы заманның қыстауын еске алған қариялар да осы бір сөзді тамсана айтады. Тәтті қиялға беріледі. Не сиқыры бар екен, соншалықты? Оны… оны адам тілмен айтып жеткізе алмас, айтып тауыса алмас. Себебі әр пенденің балалығы әр қилы, әртүрлі жағдайда, түрлі ортада өткен. Бірақ, бәріне ортақ бір нәрсе бар. Ол – балалық шақтың қайта оралмауы. Өкініштісі де, қызығы да сол. Бәріміздің шіркін, балалық деп тәтті тамсанатынымыз сондықтан болар.
Замана желінің соғысына байланысты әр ұрпақтың балалығы өз ерекшеліктерімен есте қалады.
Қазіргі балалар қалай өсіп келеді? Беймаза базарлы өмірдің кейбір сәттерінде осыны ойланамын. Пойыз купесіндегі екі-үш серігім де әр шалғайдан бір оралып, әңгіме соғып отырған. Кенеттен ішке енген он-он бір шамасындағы бала сөмкесінен шемішке шығарды да, екі стаканын үстел үстіндегі газетке аудара салды.
– Оу, мұның не?
– Жол ұзақ, шағасыздар ғой. Бұл әлгі кішкентай саудагердің сөзі. Купедегілер бір-бірімізге аңтарыла қарадық. Кіп-кішкентай болып, ересек адамша сөйлейді.
– Шемішке сұраған ешкім жоқ қой.
– Ермек болады. Қымбат та емес.
Бала кетер емес. Қалағанын орындатқаннан соң ғана әрі қарай жылжыды. Әлгі бала келесі купеде де осылай саудасын жалғастырып жатты.
Бір кезде газет-журнал сатып, сол шамалас екінші бала келді.
– «Лиза», «Гороскоп» бар. Қымбат емес, алыңыздар. Білімдеріңізді көтеріп, жаңалыққа қарқ болыңыздар! Сөзі де, пайымы да үлкен адам секілді.
– Бала, нешінші класта оқисың? – деп сұрады өзін мұғаліммін деген келіншек.
– Төртінші класта. Ағам екеуміз кезектесіп сауда жасаймыз.
– Ал, сабақ қайда?
Мұғалім қадала сұрақ қойып жатыр.
– Апай, мен «больничныйда» жүрмін.
Ал керек болса. Бұған не дерсің?
Тақ-тақ етеді. Мына түрімен ересек кісіні жаңылыстырады. Баланың көзіне қарадым. Қай кезде де адамның көз жанары әрідегіні көрсетеді. Баланың көзінде балалықтың белгісі де жоқ. Ерте есейіп кеткен. Сұп-суық. Бермесіңді алуға әбден әзірленгендей.
– Сауда жасамасаңыздар, қолымды ұстамаңыздар! Бала газет-журналын қолтықтап әрі кетті.
Газет сатушы, шемішке сатушы балаға қарай отырып, аяныш сезімі пайда болды.
Шіркін, балалық! Бұл балалар мәжбүрліктен осылай жүрген болар. Көпшілік арасында сауда жасай жүріп, ерте есейіп кеткен-ау. Кәсіпке жастай үйрету керек дегеннің осындай кереғар екінші жағы да бар екен-ау. Табиғаттың белес-белеске бөлген мерзімін секіріп өтемін деу де бақыт емес көрінеді. Бала өссе, бала болып деген ой көкейде кетіп барады.

ДЕЛДАЛ

Өтірік айтуды өзіне өлім санайтын-ды, сауда жасайтындарды «саудагер» деп тіптен жаратпайтын-ды. Алайда шыр айналған дүниемен бірге кейде ұғым-танымың да өзгеріп кете береді екен ғой.
Келте тонының жағасын көтере түскен Есіл бір сәт осылай ойлады. «Ақпанның таңы аязды болмаса да, суық желі өтіп барады ғой».
…Озат шопан атанып абыройға бөленген әкесі бір күні аудан орталығында өткен жиыннан түнделетіп оралды да, таңертең төсегінен тұра алмады. Науқастанып көп те жатпады, айналасы оншақты күннің ішінде бақилық болып кете барды.
«Туралап келген бәле болды ғой» дейтін шешесі көзінің жасын сығымдап отырып. Марқұмның қырқы өтер-өтпестен-ақ мұны аға шопандыққа өткізіп қойыпты ферма басшылары. Оны қабылдау актісіне қол қойдыруға келгенде бір-ақ білді. Шешесі де қарсы бола қоймады, басқа амал да жоқ еді өзі. Күнкөріс.
Қыстау басындағы үш бөлме совхоздың үйінен өзге баспаналары да жоқ екен. Жарықтық әкесі қысы-жазы қара қойдың соңында жүріп, оны қамдай алмаған да шығар.
Екі әпкесі тұрмыста. Әкесі Есілді сегізінші сыныпты бітірген соң жанына алған. «Малдының беті жарық, малсыздың беті шарық», атакәсіптен қол үзбе» дейтін. Расында, сол шамада жүз шақты қойы, оншақты ірі қарасы бар болатын. Бәрі кейін жым-жылас, жылан жалағандай жоқ болды ғой. «Ортақ мүлікті тарату дей ме, жекешелендіру дей ме әйтеуір, бір апалаң-топалаң басталды да қара қойың қырық бөлекке ұшырады. Отардағы малды бартерге айырбастау, мәшинелеп сату деген әдет шықты. Не керек, соңыра Есілдің малы кем шығып, мойнына қарыз мінді. «Ана жалмауыз дөкүменттен ұрды ғой» дейтін шешесі көз жасын көл етіп. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен кезде мұны тыңдар құлақ қайда?! Сиырларын соның өтеміне беріп, әйтеуір айдалып кетпей, зорға аман қалды.
Ауыл орталығындағы жамағайынның екі бөлмесін паналады амалсыз. Жұмыссыздық деген бір қасірет екен ғой өзі. Бірер ай бос сандалып, кейіннен ауылдас жігіттермен бірге отын шауып, сатуға шықты. Азаннан қара кешке дейін еңбектенгенінде табатыны 200-300 теңге. Бұған да шүкіршілік етеді. Осылай күн өте берер ме еді, әкесінің құрдасы Бәкір, «Әбекеңе берешек едім» деп бір ешкіні әкеп тастамағанда.
Сол малды базарға шығарсын. Үш мың теңгеге өтсе риза еді көңілі. Жанына саулық қой сүйреген жортпаш баласы бар әйел келсін. Тарыққан жан-ау, жобасы.
− Қарағым, мына малды сатуға жәрдемдес, төрт мың болса деп діттеп тұрмын. Мен баламды шәйлендіріп келейін, – деді ол.
− Жарайды.
Сәлден кейін ақ ешкіні сипап, қойдың арқасын басып көрген мұртты кісі.
− Екеуін он мыңға аламын. Қойға алты, ешкіңе төрт, – деп қолын ұсынды. Қапелінде сасып қалған бұл үнсіз басын изей беріпті. Баласын тамақтандырып оралған әйелге өзі айтқан төрт мың теңгені беріп, бет-аузы алаулап ұзай берді. Бір базарда бақандай үш мың теңге тапты емес пе!
Сол сол-ақ екен, «дәндеген қарсақ құлағымен ін қазадының» кері келіп, жексенбі сайын мал базардан қалмайды. Біреуге мал әперсе, біреудің малын сатысады. Мұндайларды делдал дейді екен. Әрекеті тегін емес, әрине. Әрқайсысынан 500-600 теңге ойнайды. Өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай айта білу де өнер екен алып-сату барысында. Есіл келе-келе әбден төселіп алды. Бет-аузы қызармайтындай болып қалыңдады. Күнкөрісі де түзелді. Аздаған ақшаның басын құрап үйленіп алса, шешесіне ермекке сауын сиыр әперді. Көзін тапқанға делдалдық малтабар кәсіптің өзі екен.
Кірер есік алдында сиыр жетектеген адамның алыс ауылдан екендігін тез аңғарған Есіл:
− Көке, бас жіпті бері әкеліңіз, қырық мыңға өткізіп беремін, – деп аузы жыбырлап ішкі есебін де түгендеп бара жатты.
Иә, «заманына қарай амалы» деген осы шығар…
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы
26 қаңтар 2025 ж. 82 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№6 (10374)

24 қаңтар 2025 ж.

№5 (10373)

21 қаңтар 2025 ж.

№4 (10372)

18 қаңтар 2025 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

21 қаңтар 2025 ж.
Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 340
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031