» » Ауылдың дәмі бір бөлек

Ауылдың дәмі бір бөлек

Ара-тұра ауылдың дәмін сағынғанда есіме әжем түседі. Олай дейтінім бала күнімде әжемнің қолдан жасаған бар тәттісін жеп өскендердің бірі менмін. Шоққа піскен наны мен қазанжаппайынан бөлек қауынішегі ерекше дәмді болатын. Көктемде егілген қауын-қарбыз дақылдарының өнімін жаз аяғы жинап, одан қауынішек тілетін. Есік алдындағы кең қораға көлденең ағаш байлап, соған қаз-қатар қауынды жаяды.
Біздің қолымыздан ештеңе келмесе де күнге жайылған қауын-ішекті бабына келгенше күні бойы құстардан қоритынбыз. Дайын болған тәттіні әжем шаш өргендей өріп, сарайдағы сандығына жинайтын. Сөйтіп қыс бойы қауынішегін жеп шығатынбыз.
Қазір осы көнеден қалған үрдісті жалғастырып, оны ұқсатып отырғандар саусақпен санарлық. Кейде ауылдарға іс-сапарлатқанда осы ерекшеліктерге мән беріп сұрастырып жатамыз. Жақында Қуаңдария ауылында қауынішек жасауды қайта қолға алып, бүгіндері сол ісінен береке тауып отырған отбасымен сөйлесудің сәті түскен-ді. Олар ата кәсіпті бұрыннан игеріп, бақша егуді кәсіпке айналдырып отырған ауыл тұрғыны Асылбек Мырзахметов бен Баян Исаханова.
Олардың айтуынша далалық жерге бақша егіп, бала-шағаның ырзық-несібесін жинауды 2019 жылы қайта қолға алған. Оған дейін үйдегі отағасы қызметте жүріп, егінмен айналысуға қолы тимепті.
– Жолдасым нағыз бақшаның адамы. Сыртқа бақша егіп, тіршілік еткенді жақсы көреді. Екеуміз қызметке дейін жұрт секілді егін егумен айналыстық. Кейін жұмысқа орналасқан соң әрі балаларымыз да кішкентай болғасын даланың жұмысын тоқтаттық. Жасымыз келіп, зейнетке шыққаннан кейін ата кәсіпті қайта қолға алдық. Бұрындары ауылда үлкен апа-жеңгелердің қауынішек тіліп істеп жататынын жиі көретінмін. Мен де сол кісілердің ісіне қызығып, кейін үйрендім, – дейді отанасы.
Апамыздың нақты осы іспен айналысып жатқанына үш жылдан асыпты. Көктем келіп, жер жұмсарғаннан Асылбек ағамыз қауын-қарбыздың тұқымын дайындап, оны егіп, жаз бойы күтіміне қарайды. Сөйтіп тамыздың ортасында бақша дақылы пісуге жақындағанда басына үй тігіп, қауынішек жасауға кіріседі екен.
– Қауынішекті кез келген қауыннан тіле алмайсың. Оны еті мол қалыңдау піскен қауыннан дайындайды. Жолдасым екеуміз жылда тамыз айының ортасынан аяғына дейін бақшаның басында түнеп, қауынішек тіліп, жаямыз. Өйткені ауылда істесек шыбын-шіркей көп болып, шаң тұрып кетеді. Ал далада жасалған ол бөлек, әрі таза болады. Әуелі қауынды кесіп, төрт күн далада жайып аламыз. Одан кейін қарбыздың суына әбден жуып, сосын барып өреміз. Кейде азанда жұмысқа кіріскеннен кештің қалай батып қалғанын байқамай қалған кездер де болды. Тіпті арасында шай ішуді де ұмытып кететінбіз. Жалпы қауынішек жасау оңай шаруа емес. Оған көп күш керек. Арасында немерелеріміз келіп атыздардан қауын тасып көмектеседі. Биыл жылдағыдан да жақсы өнім алдық, – дейді Баян апамыз.
Бүгінде қауынішекке сұраныс көп. Себебі біз секілді ауылдың дәмін сағынғандар жыл сайын Баян апаның тәтті қауынішегін күтіп жүреді. «Арасында бір-екі пұлдайтыным болмаса көбіне балаларым, немерелеріме беріп жіберемін» дейді ол сөз арасында. Ал қауынішек жасап үйренем деген қыз-келіншектер болса, апаның есігі қашанда ашық.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ
21 қыркүйек 2022 ж. 1 148 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 006

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031