ҚЫС МЕЗГІЛІНДЕ БАЛЫҚШЫЛАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ
Қыс мезгілінде балық аулаудың өз қызығы бар. Мұны балықшылар жақсы біледі. Бұл кезде қауіпсіздік шараларына баса мән беру керек. Сақтықта қорлық жоқ. Бірінші мұз қатқан бойда балық аулауға шығуға болмайды. Себебі мұз бірден қалың болып қата қоймайды. Балық аулау үшін мұздың қалыңдығы кемінде 7-10 сантиметр болу керек. Егер көп адам болса, онда 15 сантиметрден қалың болғаны абзал.
Кейде мұз бетіне автокөлікпен шығатындар да бар. Мұздың қалыңдығы жұқа болса, онда бұл – нағыз қауіп. Автокөлікпен жүру үшін кемінде қалыңдығы 30 см-ден аз болмау керек. Сондай-ақ өзен немесе көлдің асау ағынды аймақтарында мұз қалың қатпайды. Ондай бөліктерін аңдап жүру керек. Сондай-ақ су өсімдіктері, ағаш, қамыс бар жерлерде де мұздың қалыңдығы жұқа болады.
Егер ауа температурасы 0 градустан жоғары болса, онда мұздың беріктігі 25%-ға дейін төмендейді. Мұндайда сақ болған абзал. Күн суығанын күткеннен басқа шара жоқ. Мұздың қалыңдығы мен беріктігін қарап та анықтауға болады. Егер көк түсті болса, онда берік болғаны. Ақ немесе күңгірт ақ, сарғыш түсті болса аулақ жүрген жөн. Мұндай мұз қауіпті болып келеді.
Мұздағы немесе қар астындағы терең жарықтардан сақтану керек. Күн жылып ери бастаса, болмаса жаңбыр жау са мұз бетіне шықпаған дұрыс. Бір-біріне жақын бірнеше ойық жасауға болмайды. Бұл мұздың беріктігін азайтады. Мұз бетіне от жағып, қоқыс қалдықтарын қалдыруға болмайды. Сондай-ақ ауыр заттарды алып жүруге арнайы шана болғаны да дұрыс. Бұл мұзға бірден салмақ түсірмейді.
Егер Сізге қиындық туындаса және сізге көмек қажет болса, құтқару қызметінің «112» телефон нөміріне хабарласыңыз.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі