» » ҮНДЕМЕС АУРУ ҮМІТТІ ҮЗІП ТҰР

ҮНДЕМЕС АУРУ ҮМІТТІ ҮЗІП ТҰР

Қазірде қатерлі ісіктен қауіп азаймай тұр. Статистикаға сүйенсек, елімізде жыл сайын 40 мыңға жуық адам қатерлі ісікке шалдығады. Оның ішінде осы ауыр дертті еңсере алмай, 14 мыңнан астам науқас қайтыс болады екен. Ал онкологиялық тіркеуде 220 мыңға жуық адам тұр. Өлімжітім бойынша обыр ауруы 3-орында. Иә, осыдан бірнеше жыл бұрын атынан үрке қарайтын бұл ауру қазірде дендеп барады. Көбейгені соншалық «жаман ауру» екен деп ауызға да жеңіл айтылатын болған. Аталған дерт медицина ғылымында «онкология» терминімен белгілі.
Әлем бойынша жүрек-қан тамыр ауруынан кейінгі өлім себебіне дейін апаратын дене дерті жасына да, жынысына да қарамай жалмап жатыр. Біреу «аты жаман ауруға шалдығыпты» десе, үрке қарайтын жұрт арасында қазір бұл дерттің қарқыны бәсеңдемей келеді. Аурудың жиілеу себебі қандай? Ол неден пайда болып жатыр? Құнарсыз тағам ба, экологиялық ахуал ма? Емі бар ма? Саралап көрсек.
«Дені саудың – жаны сау» демекші, адам өміріндегі ең басты байлықтың бірі – денсаулық. Ол үшін әрбір жан аянбай күреседі. Десе де өмір жолында саулыққа деген сынақ біреуіне ерте, енді біреуіне кеш келіп жататыны бар.
Аурудың себебі не?
Жұрт айтып жүрген «аты жаман ауру» ғылымда ағзаның кез келген жерін бүлдіретін 100 шақты аурудың жиынтығы ретінде түсіндіріледі. Қалыпты жасушаның қауіпті клеткаға түрленуінен, ұғынықты тілмен айтқанда, адам бойындағы мутациялық өзгерістен пайда болады. Бұған негізгі сыртқы факторлар әсер етеді. Ультракүлгін сәулелер, химиялық қоспалардан шығатын түтін (темекі түтіні де), вирус пен бактерия және паразит тудыратын инфекциялар. Сондықтан осы үш факторден сақтанған жөн. Одан бөлек, артық салмақ пен қарттықтың да кесірі көп. Дегенмен қарттықтың дауасыз екенін білеміз. Ал артық салмақтан сақтануға болады. Ағылшын ғалымдары зерттей келе, артық салмақ, яғни семіздік обыр дертінің қаупін екі есе арттыратынын анықтапты. Көп жағдайда адамдар дерт асқынғанша жүріп алатын көрінеді.
Күнделікті тыныстайтын ауа, ішетін сусын, жеген тағамымыздың басым бөлігі организм үшін онша қолайлы емес. Әрбір жағымсыз әсер ағзадан жай кетпейді. Клеткалық деңгейде өзгерістер болады. Міне, осындай мутациялық өзгерістер жинақтала келе денеде ісіктің пайда болуына себепкер болып жатады.
Жаман ауру жасаруда
Ертеректе көбіне жасы қартаң тартқан адамдарда ғана кездесетін ауру қазіргі уақытта жастарға да ауыз салған. Мамандардың соңғы кезде қатерлі ісіктің жасарып кеткенін айтып дабыл қағуы сондықтан. Расында да, бұрындары «қатерлі ісікпен ауырады екен» дегенді көп ести бермейтінбіз. Ал қазір үштің бірі осы дерттен көз жұмуда.
Онкология диагнозын естігенде кімнің болсын салы суға кетері анық. Мұндай дертке балалардың шалдығуы тіптен ауыр. Әлеуметтік желіден де аты жаман ауруымен күресе жүріп, ем-домға қажетті ақша жинап жатқанын да жиі көріп жатамыз. Иә, ана үшін баладан артық, бала үшін анадан артық жан бар ма?! Науқас адамды дүйім жұртқа жариялап, ақша сұрауға арланатындар да бар. Бірақ дертке душар болған жанды бір үміт үнемі алға жетелейді.
Аурудың жасарып кетуінің бірден-бір себебі – дерттің ата-анадан балаға гендік тұрғыдан берілуі және адамдардың күйзелісті жағдайға жиі ұшырауы. Сонымен қатар дұрыс тамақтанбау, құрамы белгісіз сусынды, дүкендегі ГМО-сы бар әртүрлі тағамдарды, фастфуд тағамдарын жиі тұтыну да себеп. Қарапайым сүттің өзі дүкенде қанша уақыт сақталса да түсі мен дәмі өзгермейді. Бұл дегеніңіз жасанды қоспасы көп дегенді білдіреді. Ал таза сүт 2-3 күннен арыға шыдамайды.
Қатерлі ісіктің қарқыны неге артты?
Елімізде соңғы 20 жылдың ішінде онкологиялық аурумен ауыратындардың саны 25 пайызға артқан. Біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлемде, өкінішке қарай, онкологиялық аурудың түрі де, оларға шалдыққан науқастың саны да көбеюде.
Айта кетерлігі, елімізде қатерлі ісікті ерте сатысында анықтау деңгейі өте төмен. Салдарынан жыл сайын 14 мың адам кеселге қарсы тұра алмай ажал құшып жатыр.
Сырқаттың алдын алудың ең тиімді жолы – скрининг. Одан уақытылы өтіп тұру да сіздің сау болуыңызға көмектесе алады. Егер түрлі шағымдар мазаласа бірден дәрігерге жүгініңіз. Ештеңе мазаламаған күннің өзінде жылына бір рет қан анализі, биохимиялық көрсеткіштер, өкпе рентгені, іш қуысының ультрадыбысты зерттеуі, әйел адамдар – маммолог, гинекологтың, ер адамдар урологтың кеңесін алып тұрғаны дұрыс.
Қатерлі ісіктің қайдан пайда болатынын дөп басып айту қиын. Аурудың пайда болғаны адамға бірден білінбейді. Тек ісік өскен кезде, жан-жағындағы жүйке талшықтарын, тамырларын немесе асқазан, тік ішек, тағы басқа секілді ағза мүшелерінің саңылауын жапқан кезде ғана байқалады.
Оның пайда болу ошағының бірі – созылмалы аурулар. Сондықтан ауруды уақытылы емдеткен дұрыс. Себебі дәрігерге дер кезінде қаралу арқылы аурудың қаупін азайта алады. Егер уақытында скринингтік зерттеу жүргізілсе онкологиялық аурудың басым бөлігін ерте анықтауға болады. Ерте анықтау ем-домның нәтижесін арттырып, науқастың өмірін ұзартуға, өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Мысалы, сүт безі обырын бастапқы кезеңде анықтаған жағдайда науқастарды 94 пайызға дейін толық емдеп жазуға болады.
Кейбір азаматтар онкология диспансеріне жіберген кезде қорқып, 3-4 ай немесе 1-2 жылға дейін бармай, аты жаман ауруды өздері өршітіп алады. 1-2 жыл жүргеннен кейін қатерлі ісікті тоқтату қиын, ары қарай өсе береді. Басқа бір факторлар әсер ететін болса, тіпті қиын. Кейбір науқастар ісікті қыздырады немесе массаж жасайды. Қатерлі де, қатерсіз де ісіктерді олай үгіп, уқалап (массаж жасап), басқа нәрселермен қыздыруға мүлдем болмайды. Ондайда қатерлі ісік өрши береді. Өршіген сайын жасалған емнің де тиімділігі төмендей береді. Науқастар дәрігерге обырдың жаңа басталып келе жатқан сатысында келетін болса, тағайындалған емнің тиімділігі, нәтижесі жоғары болады.
Көптеген адамның бұл диагнозды үкім ретінде қабылдайтыны рас. Бірақ қазіргі заманғы медицина мен ғылым онкологиялық аурулардың басым бөлігін емдеуге мүмкіндік береді.
Алдын алу маңызды
Қазір онкопатологиясы бар 220 мыңға жуық қазақстандық есепте тұр. Әсіресе өкпе обырына ұшырағандар арасында қайтыс болатындар басым. Сондықтан дәрігерлер ісікті ерте диагностикалау өте маңызды екенін айтып отыр. Уақытылы скринингтік тексеруден өту қандай кеселдің болсын алдын алуға зор мүмкіндік береді.
Скрининг – шағын болса да ең қажетті деген тексерістен тұратын зерттеулер кешені. Көпшіліктің тегін жасалатын осы тексеруден өтпейтіні жасырын емес. Оның себебі – адамдар дәрігерге барса ауруына ауру жамап, басқа да жаман хабар естуден қорқып қаралуға бармайды. Дегенмен ауруды ерте анықтаған жағдайда оны емдеу де оңай болатынын ұмытпаған жөн.
Елімізде онкологиялық аурулар бойынша жасалатын скринингтің дұрыс жолға қойылуы – ауруды ерте сатыда анықтауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта елімізде үш қатерлі ісікке скрининг жасалады: 40-70 жас аралығындағы әйел адамдар сүт безінің қатерлі ісігіне, 30-70 жас аралығындағы әйелдер жатыр мойнының қатерлі ісігіне, 50-70 жас аралығындағы ер мен әйелдер тоқ ішектің қатерлі ісігіне скринингтен өтеді.
Қатерлі ісік ерте сатыда әдетте симптомсыз жүреді. Адамды ештеңе мазаламауы мүмкін. Оны арнайы тексеріс кезінде ғана анықтауға болады. Мәселен, жыл сайын қаншама әйелде скринингтің арқасында сүт безі мен жатыр мойнының қатерлі ісігі уақытылы анықталады. Сәйкесінше, ерте анықталған аурудың емі де оңай, нәтижесі де оң болады.
Кез келген аурудың алдын алған абзал. Бірақ алдын алудың жөні осы екен деп өз-өзіңізге диагноз қоюдан аулақ болыңыз. Диагнозды мамандар тексеру мен сынақ талдамасын жүргізгеннен кейін өздері қойғаны дұрыс. Сол себепті де онкомаркерге қан өткізуге болмайтындығы қаперіңізде болсын. Бұл сынақтар диагнозы расталған науқастарға ғана қажет.
Денсаулыққа көңіл бөлген жақсы-ақ. Алайда дәрігер тағайындауынсыз МРТ, УДЗ және басқа да зерттеулерді жүргізбеу керек. Өйткені барлық диагностикалық процедуралар ауру симптомдары пайда болғаннан кейін ғана жасалады.
«Ауырып, ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген» әлдеқайда жақсы екенін бәріміз білеміз. Ол үшін әлбетте күнделікті дұрыс тамақтану, дұрыс тынығу, саламатты өмір салтын ұстану сынды қарапайым қағидаларды сақтап жүрсек жөн болады. Түйін Зерттеушілердің сөзіне сенсек, қатерлі ісік ауруы алғашқы сатысында-ақ анықталғанда дерттен айығуға болады. Тек денсаулыққа немқұрайлы көзқарастан арылу қажет. Қақталған, қуырылған, тұзды, ащы тамақтың ақыры да асқазандағы жаман ауруға сеп болуы мүмкін. Бұл – көп себептің бірсыпырасы ғана. Ендеше, «сақтансаң, сақтаймын» деген нақылдың парқы да осында болса керек. Мұны көкейге мықтап тоқу қажет секілді.

Ақнұр САҒЫНТАЙ
17 қаңтар 2025 ж. 75 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№3 (10371)

14 қаңтар 2025 ж.

№2 (10370)

10 қаңтар 2025 ж.

№1(10369)

07 қаңтар 2025 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 295
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031