» » Қатерлі ісіктің қарқыны жаман

Қатерлі ісіктің қарқыны жаман

qarmaqshy-tany.kz Осыдан бірнеше жыл бұрын атынан үрке қарайтын бұл ауру қазірде дендеп барады. Көбейгені соншалық «жаман ауру» екен деп ауызға да жеңіл айтылатын болған. Рас, дертке қарсы күрес күшейген сайын оның да құрығы ұзарып барады. Ашығын айту керек, қазіргі қатерлі ісіктің беталысы «әкең өлгенді жасырасың, көмгенде қайтесің» дегенге сайып тұр. Аурудың жиілеу себебі қандай? Ол неден пайда болып жатыр? Емі бар ма? Саралап көрелік.
Елімізде жыл сайын 37 мыңнан астам адамға қатерлі ісік диагнозы қойылады. Өкінішке қарай, дертке шалдыққандардың жартысына жуығы, дәлірек айтсақ, 14 мыңнан астамы «жаман аурудың» құрбаны болады. Соңғы 20 жылдың ішінде онкологиялық аурумен ауыратындардың саны 25%-ға артқан. Алматы онкологиялық орталығының директоры Нұрсұлтан Ізмағамбетовтің сөзінше, биыл аталмыш мекемеде 1500-ден астам хирургиялық ота жасалған. Сонымен қатар орталықтың амбулаториялық химиотерапия кабинетінде 5 мыңға жуық онкологиялық науқас ем алған. Радиология бөлімінде 10 мыңнан астам сәулелік терапия сеансы жүргізілсе, 9 мыңға жуық онкологиялық науқас химиотерапиялық ем қабылдаған екен.
Қатерлі ісік қайдан пайда болады?
Қатерлі ісіктің қайдан пайда болатынын дөп басып айту қиын. Аурудың пайда болғаны, өкінішке орай, адамға бірден білінбейді. Тек ісік өскен кезде, жанжағындағы үлкен жүйке талшықтарын, тамырларын немесе асқазан, тік ішек, тағы басқа секілді ағза мүшелерінің саңылауын жапқан кезде ғана байқалады.
Қатерлі ісіктің пайда болу ошақтарының бірі – созылмалы аурулар. Сондықтан ауруларды уақытылы емдеткен дұрыс. Себебі дәрігерге дер кезінде қаралу арқылы аурудың қаупін азайта алады. Егер уақытында скринингтік зерттеу жүргізілсе онкологиялық аурудың басым бөлігін ерте анықтауға болады. Ерте анықтау ем-домның нәтижесін арттырып, пациенттердің өмірін ұзартуға, өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Мысалы, сүт безі обырын бастапқы кезеңде анықтаған жағдайда науқастарды 94%-ға дейін толық емдеп жазуға болады.
Кейбір азаматтар онкология диспансеріне жіберген кезде қорқып, 3-4 ай немесе 1-2 жылға дейін бармай, аты жаман ауруды өздері өршітіп алады. 1-2 жыл жүргеннен кейін қатерлі ісікті тоқтату қиын, ары қарай өсе береді. Басқа бір факторлар әсер ететін болса, тіпті қиын. Кейбір науқастар ісікті қыздырады немесе массаж жасайды. Қатерлі де, қатерсіз де ісіктерді олай үгіп, уқалап (массаж жасап), басқа нәрселермен қыздыруға мүлдем болмайды. Ондайда қатерлі ісік өрши береді. Өршіген сайын жасалған емнің де тиімділігі төмендей береді. Науқастар дәрігерге обырдың жаңа басталып келе жатқан сатысында келетін болса, тағайындалған емнің тиімділігі, нәтижесі жоғары болады.
Жаман ауру жасаруда
Бұрын-соңды аты көп естіле бермейтін қатерлі ісік аурулары бүгінде алқымнан алып тұр. Жыл сайын дерттің бұл түріне шалдыққандардың да саны артып келеді. Ертеректе көбіне жасы қартаң тартқан адамдарда ғана кездесетін ауру қазіргі уақытта жастарға да ауыз салған. Мамандардың соңғы кезде қатерлі ісіктің жасарып кеткенін айтып дабыл қағуы сондықтан. Расында да, бұрындары «қатерлі ісікпен ауырады екен» дегенді көп ести бермейтінбіз. Ал қазір үштің бірі осы дерттен көз жұмуда.
Онкология диагнозын естігенде кімнің болсын салы суға кетері анық. Мұндай дертке балалардың шалдығуы тіптен ауыр. Әлеуметтік желіден де аты жаман ауруымен күресе жүріп, ем-домға қажетті ақша жинап жатқанын да жиі көріп жатамыз. Иә, ана үшін баладан артық, бала үшін анадан артық жан бар ма?! Науқас адамды дүйім жұртқа жариялап, ақша сұрауға арланатындар да бар. Бірақ дертке душар болған жанды бір үміт үнемі алға жетелейді.
Аурудың жасарып кетуінің бірденбір себебі – дерттің ата-анадан балаға гендік тұрғыдан берілуі және адамдардың күйзелісті жағдайға жиі ұшырауы. Сонымен қатар дұрыс тамақтанбау, құрамы белгісіз сусынды, дүкендегі ГМО-сы бар әртүрлі тағамдарды, фастфуд тағамдарын жиі тұтыну да себеп. Қарапайым сүттің өзі дүкенде қанша уақыт сақталса да түсі мен дәмін өзгермейді. Бұл дегеніңіз жасанды қоспасы көп дегенді білдіреді. Ал таза сүт 2-3 күннен арыға шыдамайды.
Обыр адамды обып барады
Медицина тілінде «онкология» гректің «қатерлі ісік» және «ілім» деген сөзін білдіреді. Ал «канцер» (рак немесе обыр) терминін қолданысқа алғаш рет атақты ғалым Гиппократ енгізген. Ол обыр клеткаларының теңіз шаяны сияқты адам денесіне жайыла тарайтынын анықтаған. Обыр клеткасы адамның басынан бақайшағына дейін кездесе береді. Тез өсіп, белгілі бір уақытта қан және лимфа тамырлары арқылы ағзаның мүшелеріне тарайды немесе балалайды. Дүниежүзінде жыл сайын 10 млн адамның осы дертке шалдығатыны анықталса, олардың 8 миллионы бақилық болады екен. Қазір әлемде қатерлі ісікті емдейтін түрлі дәрі-дәрмектер қолданысқа енуде. Бірақ олардың ешқайсысы обырды толық емдей алмайтын көрінеді. Қатерлі ісікті кешенді түрде, атап айтқанда, хирургиялық тәсіл, сәулені қолдану мен химиялық терапия, сондай-ақ иммунотерапия арқылы емдеу керек. Қатерлі ісіктің қаншалықты қауіпті екенін осыдан-ақ аңғара беріңіз.
Негізі әр адам жылына бір рет денсаулығын тексеруден өткізіп тұрғаны жөн. Өйткені ауру алғашында біліне қоймайды. Ісік әбден өсіп, айналасындағы ағзаларды қысып, ауырта бастағанда ғана сезіледі. Егер ауру ерте, І-ІІ сатысында анықталса, 80 пайыз айығып кетуге мүмкіндік бар. Жасы 30-дан асқан әрбір адам тік ішегін, 40-тан асқан ер адамдар жылына бір рет қуық асты және қалқанша безін, өңешін, асқазанын, 35-тен асқан әйелдер 5 жылда бір рет жатыр мойнының ісігін, 50-ден асқан әйел-аналар екі жылда бір рет сүт безін міндетті түрде тексертіп тұруы керек.
Жалпы ДДҰ сарапшыларының бағалауы бойынша, 30% жағдайда қатерлі ісіктің пайда болу қаупін дұрыс тамақтану, белсенді өмір салтын ұстану және шылым шегуден бас тарту есебінен алдын алуға болады. Өкпе қатерлі ісігінің 35%-ы темекі шегуден пайда болады екен. Темекі түтінінің құрамында өте қауіпті зат – бензопирен бар. Күніне 20-30 талын шеккен адамда ол көбейіп, өкпені зақымдайды. Содан ісік туындайды. Ал өңеш қатерлі ісігі (оны халқымыз қылтамақ деп атаған) тағамды – шайды, кофені, майлы сорпаны өте ыстық күйінде ішкеннен, қақталған, қуырылған, тұзды, ащы және қатты тамақтарға әуестіктен, тамақты әбден шайнамай жұтудан, күйдірген майды бірнеше рет қолданудан пайда болатын көрінеді. Сүт безіндегі қатерлі ісік әйелдің жыныс мүшесінің созылмалы аурулары, тұқымқуалаушылық, жиі күйзелу мен гормондар деңгейінің бұзылуынан басталады. Міне, қай жағдайға қарасаңыз да қауіпті ісіктің туындауына өзіміз себепші болады екенбіз.
Алдын алу маңызды
Қазір онкопатологиясы бар 205 мыңнан астам қазақстандық есепте тұр. Әсіресе өкпе обырына ұшырағандар арасында қайтыс болатындар басым. Сондықтан дәрігерлер ісікті ерте диагностикалау өте маңызды екенін айтып отыр. Уақытылы скринингтік тексеруден өту қандай кеселдің болсын алдын алуға зор мүмкіндік береді.
Скрининг – шағын болса да ең қажетті деген тексерістен тұратын зерттеулер кешені. Көпшіліктің тегін жасалатын осы тексеруден өтпейтіні жасырын емес. Оның себебі – адамдар дәрігерге барса ауруына ауру жамап, басқа да жаман хабар естуден қорқып қаралуға бармайды. Дегенмен ауруды ерте анықтаған жағдайда оны емдеу де оңай болатынын ұмытпаған жөн.
Елімізде онкологиялық аурулар бойынша жасалатын скринингтің дұрыс жолға қойылуы – ауруды ерте сатыда анықтауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта елімізде үш қатерлі ісікке скрининг жасалады: 40-70 жас аралығындағы әйел адамдар сүт безінің қатерлі ісігіне, 30-70 жас аралығындағы әйелдер жатыр мойнының қатерлі ісігіне, 50-70 жас аралығындағы ер мен әйелдер тоқ ішектің қатерлі ісігіне скринингтен өтеді.
Қатерлі ісік ерте сатыда әдетте симптомсыз жүреді. Адамды ештеңе мазаламауы мүмкін. Оны арнайы тексеріс кезінде ғана анықтауға болады. Мәселен, жыл сайын қаншама әйелде скринингтің арқасында сүт безі мен жатыр мойнының қатерлі ісігі уақытылы анықталады. Сәйкесінше, ерте анықталған аурудың емі де оңай, нәтижесі де оң болады.
Кез-келген аурудың алдын алған абзал. Бірақ алдын алудың жөні осы екен деп өз-өзіңізге диагноз қоюдан аулақ болыңыз. Диагнозды мамандар тексеру мен сынақ талдамасын жүргізгеннен кейін өздері қойғаны дұрыс. Сол себепті де онкомаркерге қан өткізуге болмайтындығы қаперіңізде болсын. Бұл сынақтар диагнозы расталған науқастарға ғана қажет.
Денсаулыққа көңіл бөлген жақсыақ. Алайда дәрігер тағайындауынсыз МРТ, УДЗ және басқа да зерттеулерді жүргізбеу керек. Өйткені барлық диагностикалық процедуралар ауру симптомдары пайда болғаннан кейін ғана жасалады.
«Ауырып, ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген» әлдеқайда жақсы екенін бәріміз білеміз. Ол үшін әлбетте күнделікті дұрыс тамақтану, дұрыс тынығу, саламатты өмір салтын ұстану сынды қарапайым қағидаларды сақтап жүрсек жөн болады.
Қатерлі ісік қатерін қайтсек азайтамыз?
Бүгінде онкологиялық сырқатқа шалдығу қаупі жоғары болып тұр. Бұған шылым шегу (темекіні шеккен адам ғана емес, оның түтінін жұтқандар да), спиртті ішімдіктер ішу, қоршаған ортаның ластануы, канцерогендер мен улы заттар, ультракүлгін сәулелердің әсері (күннің көзі, солярий), вирустар (В,С гепатиті вирусы бауыр обырына шалдықтырады), дұрыс тамақтанбау сынды тағы да басқа факторлар себеп.
Өкінішке орай, әлем ғалымдары әлі күнге дейін қатерлі ісікті емдеп жазатын әмбебап дәрі ойлап тапқан жоқ. Технология мен медицинаның даму қарқынына қарағанда ол күндердің де ауылы жақындап қалған болуы әбден мүмкін. Әзірге, қолдан келетіні – аурудың алдын алу және дер кезінде емделу. Мұның бәрі түптеп келгенде профилактика мен саламатты өмір салтына келіп тірелетін дүниелер.
Еліміз онкологиядан болатын өлім көрсеткіші бойынша әлемде алдыңғы орында тұр. Онкологиялық көмектің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту үшін түбегейлі шараларды талап ететін бірқатар проблемалық мәселені уақыт өткізбей шешу қажет. Сондықтан халыққа онкологиялық көмекті жаңғырту мақсатында алдыңғы қатарлы халықаралық практикаларға сәйкес Денсаулық сақтау министрлігі онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған Кешенді жоспардың жобасын әзірлеген. Бұл жоспар қатерлі ісіктердің ауыртпалығын азайтуға бағытталып отыр. Яғни алдыңғы кезекте онкопатологияны ерте анықтау уақыт күттірмеуді қажет етеді. Айталық, кешенді жоспардың іс-шараларын іске асыру кезінде қатерлі ісіктерден болатын өлім 15%-ға төмендеген.
Онкологиялық аурулардың ішінде өлім-жітім бойынша бірінші кезекте өкпе обыры жиі кездеседі. Екінші – асқазан обыры, үшінші орында колоректальды және сүт безі обыры жиі кездеседі. Ал науқастардың 55,8%-ы – еңбекке қабілетті 18-64 жастағы адамдар.
Қазақстандағы онкологиялық қыз­­меттің құрылымы даму мен жетілдіру жұмыстарын бастан өткізуде. Бұл елдегі онкологиялық аурулармен күресте шешуші рөл атқарады. Былтыр онкологиялық көмектің барлық үш деңгейінде айтарлықтай өзгерістер тіркелді. Мысалы, бірінші деңгейде онкологиялық көмекті медициналықсанитарлық алғашқы көмек көрсетеді. Онда қазір 2168 қарау кабинеті бар. Сондай-ақ 499 онкологиялық кабинет жұмыс істейді. Одан бөлек, ІІ деңгейде облыстық көпбейінді ауруханалардың 15 онкологиялық диспансері және 5 онкологиялық бөлімшесі бар. Онкологиялық көмектің III деңгейі былтыр Алматы, Астана, Ақтөбе, Семей, Павлодар, Ақтау, Өскемен, Шымкент қалаларында және ҚазОРҒЗИ жоғары технологиялық радиациялық онкология орталықтарымен ұсынылған.
Айта кетейік, экологияның нашарлауы, дұрыс тамақтанбау, адамдардың жұмысбастылығынан күйзеліске көп түсуі, міне, осы үш фактор да обырға шалдығатындарды көбейтеді екен. Сондықтан саламатты өмір салтын сақтап, күнделікті үш-төрт мезгіл не жеп жүргенімізге мән берсек, өз-өзімізге дұрыс демалыс жариялап, дәрігерге жыл сайын барып тексерілуді ұмытпасақ, көзі ашық, көкірегі ояу, жаңа заман адамы ретінде өз өміріміз бен денсаулығымыз үшін маңызды қадамдар жасар едік.
Онкологиялық ауруды бұл емделетін созылмалы ауру деп санауға болады. Бірінші сатысында 95%-ға дейін емделеді. Екінші сатысында анықталғандар 80%-ға дейін емделеді. Үшінші сатысында 30-50%-ға дейін құрайды. Сондықтан денсаулыққа салғырт қарамай скринингтік тескерістерден өтіп, ауруды ерте анықтау маңызды. Тек, сонда ғана құлан-таза айығуға сенім мол. Науқас үшін медицина – мүмкіндік, дәрігер – дәнекер. Алайда денсаулыққа бірінші кезекте өзіңіз жауапты екеніңізді естен шығармағаныңыз жөн болар.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
27 қыркүйек 2023 ж. 770 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 289

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 384

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930